«Құрметті бүгінгі мерекеге жиналған қауым, сіздерді дүниежүзілік экскурсоводтар күнімен құттықтаймын. Қазақстан Ұлттық музейінде «Жұлдызды гид» жобасы осымен 5-ші рет өткізіліп отыр. Әр жылдың 21 ақпанында еліміздің танымал, өз салаларында жетістіктерге жеткен тұлғалары музейімізге келіп көрермендерге экскурсия жүргізеді. Бұл барша көрермендердің қызығушылығына ие болған Ұлттық музейдің ең маңызды шараларының бірі деп есептеймін. Сіздерді бүгінгі жұлдыздарымыздың экскурсиясынан еліміздің тарихы жайлы маңызды мәліметтерге қанығып, танымдарыңызды кеңейтуге шақырамын», - деді шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық музейдің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бағдарлама барысында музей қонақтарына Бағдат Сәмединова, Жасұлан Жүрсінұлы, Майра Төлепберген, Жұмаділов Данияр сынды танымал өнер жұлдыздары экскурсия жүргізді.
«Бүгінгі экскурсоводтар мерекесіне орай ұлттық музейде, еліміздің киелі мекемесінде халыққа арнап қызмет көрсететініме өте қуаныштымын. Біздің қазақ халқының мәдени мұрасы құнды, рухани қазыналарға бай. Еліміздің жастарын музейге келіп білім алып, құнды жәдігерлерді көріп, тарихымызды зерттеп, дәріптеуге шақырамын. Бүгінгі мереке құтты болсын! Осы сынды мерекелер көп болсын. Көне экспонаттарды тамашалап, көңілдеріңізге түйіп, жақсы көңіл-күйде болуларыңызды тілеймін»,- Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова.
Музей келушілері өз кумирлерін жаңа қырынан – экскурсия жүргізушісі ретінде танып, музей экспозициясына өнер майталмандарының көзімен қарай алды. Бағдарламаның қорытындысы жобаға қатысушы әртістердің концерттік шарасымен аяқталды.