Руханият • 24 Ақпан, 2020

Өнер айдынында сәулеленген жұмақ өлке

523 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ қадым заманнан жаз – жайлау, қыс – қыстау, көктем – көктеу, күз – күзеу көшпелі тұрмысты кәсіп еткен. Көшіп-қону барысында бір жердің шөбі, суы, құнары, тыныс алатын ауасымен жаңа қоныс-тұрақтың шөбі, суы, құнары, ауа райын салыстырып, тәжірибе жүзінде тиісті түрлі тұжырымдар мен болжамдар жасаған тумысынан ғалымдыққа біртабан бейім, көреген халық.

Өнер айдынында сәулеленген жұмақ өлке

Ендеше, «халық айтса, қалып айтпайды» демекші қазақы жөн-жоралғы, әдет-ғұрып, салт-дәстүр сабақтастығы уақыт сынынан өтіп, бүгінге жетті. Осы қазақы ді­лі­мізді бұзуға саяси әдіспен сы­налап енгізілген жат ағымдар мен ұстанымдар ептеп-септеп ұлттық санаға қайшылықтар ту­ғыза бастағаны, қасақана адас­тыру үдерісіне қоғамдық ортада қарсылық үні жиі көтеріліп жүр. Сыртқы ықпалдың нәтижесінде «жа­ңашылдық» идеялар қап­тады. Дәл осындай қоғамдық өмір­дегі аумалы-төкпелі шақта, бү­гінгі сандық технологияның ай­рықша белең алған, масс-медиа саналатын әлеуметтік желілердің ерекше қарқынмен жаппай өріс жайған дәуірінде қа­ламгер Мәди Айымбетов шы­ғармашылық ізденісін тыңға түрен салып, «Тіршілік миниатю­ра­лары. Күнделік-эсселер» ат­ты еңбегін соңғы жылдары фейс­буктегі парақшасы арқылы күн­бе-күнгі елең еткізер оқиға, та­биғаттың тамаша көріністерін аңға­рымпаздықпен мүлт жібер­мей аулап, үлгі-өнеге, тәлім-тәр­бие, ғибрат боларлық ғажайып ою-өрнек, әдемі нақыш, айшықты бейнелерді, өткір пайымдары, сыр­шыл тебіренісі, топшылау се­зім­­дерімен бөлісті, өнерге ын­тық құмартушылар арасында ті­келей диалог орнатты, сұхбатқа шақырды, ашық пікірталас тудыр­ды. Автордың «Тіршілік ми­ниа­тюраларын» әлеуметтік желі­дегі тұрақты оқырмандары күн сайы­н асыға күтетін көп серия­лы қыс­қаметражды фильмнің жал­ғасын тамашалағандай тренд­ке айналды. Жалпы, шығар­ма­шылық өнерде қысқа да нұсқа жазуға машықтану – шеберліктің шыңы. Оймақтай оймен табиғи құбылысты аллегориялық тә­сіл­мен кейіптеп, пернелеп, шен­дестіріп, егіздеп, сойып қап­тап қойғандай танымдық-тағы­лым­дық мәні зор, астары қат-қабат мақал-мәтелдей түйін түю, бұл­жымайтындай байлам жасау оңай емес. Тіл ұстартып, кіп-кішкене мөл­тек сырды тұтас образға ай­нал­дыр­ған стиль ерекшелігі әлеуметтік же­ліні қолдану мә­дениетінің өресін өсірді.

Әлеуметтің қызығушылығын арт­­тырған «Тіршілік миниа­тю­раларының» пішіні мен тар­тым­дылығы айнаға ша­ғы­лыс­қандай фотобейнесімен қатар жана­рыңның алдына тұра қалады. Бұл оқырман ой-қия­лын серпілтіп, білігі мен дүние­танымына, эстетикалық талға­мына оң әсер етті. Асылы, алтын бесік айнала маңай тау-тас, өзен-көл, шөп-шалғын, аң-құс, тал-терек, өсімдік әлемі, жылдың төрт мезгіліне сай табиғи өзгерістердің себеп-салдары ізденгенге «кең болсаң, кем болмайтын» кемел­дікке, жомарттыққа баулитын, жасампаздыққа жетелейтін құс жолындай бабалар өсиетінің ғарыштық мұраты. Сенсеңіз кейбір елде біздегідей жылдың төрт мезгілі дегенді мүлдем түйсіне бермесі имандай шындық. Ал жылдың төрт мезгілі бізді физиологиялық, биологиялық шың­даумен бірге ғылыми идея­лық ой-өрісімізді кеңітіп, сапа­лық дамытқаны, рухани жасампаздықпен байытқаны ана тілімізде көл-көсір таңбаланған атау-ұғымдардан аян. Міне, осы бағытта «Тіршілік миниатюралары. Күнделік-эсселер» қазақы өміртану құралы іспетті мөлтек жанрды сембиоз жасап, құрақ көрпедей жинақтап, жаңашылдықпен өрбіткен жаратылысы ерек, дара туынды.

Еңбектің әрбір бетін парақ­таған сайын көтерген әлеуметтік жүгінің салмағы мен сан қилылығы қалың оқырман қауымның өр рухын жігерлендіріп, сұлулыққа құштарлығын оятқаны шүбәсіз. Біздіңше, бәдізделген көркем бітіктің сұранып тұрған және бір зәру саласы – заманауи журналист мамандығына баулитын университет факультеттеріндегі фотожурналистика пәніне дайын оқу құралы. Тіпті өнертану оқу орындарында тиісті әдебиет санатында пайдалануы бек ықтимал. Әлбетте, қаламгер көпшілікке ұсынғанмен дәл мұндай алдына мақсат көздемесе де, тәжірибеде қолдануға әбден лайық. Өйткені мұндағы объективке ілінген кез келген суреттің техникалық сапасымен бірге тақырып ауқы­мы, композициялық орындалу тапқырлығынан кәсіби ше­берлігі аңқып тұрады. Автордың қы­рағылығы туған өлкенің ғажайып құбылыстарын кәнігі мергендей қалт жібермей, жан-жүйені те­бірентерлік, сағынышты, ой­нақы, мұңды, қызғылықты, сүйінішті, асқақ, паң, алып, күрескерлігін танытатын қас-қағым сирек сәттерді камераға дереу тартып, фотоэтюд, пейзаж, портрет, натюрморт, графика, фотоайыптау, панорамалық, түнгі қала көріністері, тарихи фотоқұжат, дала ландшафты, ре­портаж жанры нұсқасын кәсіби тұрғыда түрлендірген. Қалам­гердің суреткерлік дәлдігі мен қабілеті, қарым-қайраты, лирикалық жанға жайлы жарасымды әзілі, тылсым нұрдан, ай сәулесінен, аспанды түрлі түске бояған күн­нің шұғыласынан, судың күл­кісінен, ақжауынға шомылған ақ­қайыңнан, Бетховеннің сырлы сазынан, бояу контрастынан, шырша бұтағындағы қошақаннан, мұз өрнектен, аспан асты, жер үсті пішімінен, қарашаның ақ ұл­пасынан, сымбат өнерінің жауһарынан, самаладай сән-сәу­летінен, шөл қаңсытқан, аң­қасы кепкен айтақырдан, қыс­қа­сы, табиғаттың қарапайым көріністерін асты-үстін, аударып-төңкеріп, тінткілеп өскелең бу­ынға үлгі-өнеге тұтатын, көздің жауын алатын сұлу нарқына, нәзік иіріміне тамсандырып, әуез-әуені құлақ құрышын қандыратын, құдіреті мен бітімі толқытып, құ­рылыс-конструкциясы толған­дыратын, Жасаған Иенің әмбебап туындыгерлігіне ой жүгірте үңіл­тіп, зер салады. Тақырып алуан­дығы сондай – музей залдарын аяқтан тоздыра, қадау-қадау әр­бір экзотикалық экспонатқа жа­­нарыңды тіктеп, құнды жәдігердің қадір-қасиетінен тарихи жұмбақ сыр-сипатына, ұршықтай үйірген рухани тартылыс күшіне кенелгендей риясыз уыздай сезімге бөлейді. Бұл ретте шығарманың әлеуметтік танымдық қасиетімен қатар өре деңгейі, интеллектуалдық биік парасаты, сөз саптауының бау­рап алатын магиялық сиқыры мен мысы оқыған дүйім жұрттың жүрек толқынымен шым-шымдап ақырын-ақырын күретамырды қуалап бойға сіңері ақиқат.

Сезім пернесін шешен тілмен кестелеп, рухани сергіткен, өмір­дің өзіндей түрлі-түсті безен­ді­ріл­ген энциклопедиялық басы­лымның әр тұсынан ойып, мысал­ға жүгінелік.

«Бақ-бақ – мамырдың балауса шалғыны ішінде ұялап қалған кішкентай Күн бейнесі!.. Көктем шуағымен бірге күлімсірейтін Күн бейнелі гүлді бүгін таңғы серуен сәтінде көз нұрыммен қуана аймаладым... 04.05.17 ж.» (5-б.).

«Аққайың сыланып, сырға-шолпысын тақты. Мамырдың кө­гілдір аспаны аясында жа­ңарып, бой түзеген сұлу қайың-қыздың көркем желегіне көз салмай өту мүмкін емес-ау, түсін­сеңіз. Көк­тем таңы сезімді тағы да бір селт еткізді... 6.05.17 ж.» (6-б.).

«...Таң алдында жауған ақұлпа қар шетен ағашының қып-қызыл жидектерін аппақ шәлісімен жеп-жеңіл көмкеріп алыпты. Қызыл мен ақтың гармониясы... Қоңыр күз бен қыстың өліара мезетіндегі бояу үндестігі – ақ пен қызыл! Су­ық емес, жып-жылы сезімнің лү­пілі сезілетін жылы бояу! Ас­тана қысы биыл, онша ызғарлы бол­майтын шығар... 10.11.17 ж.» (13-б.).

«...Аққайың – лирикалық образ. Сұлулық пен нәзіктіктің, сыршылдық пен махаббаттың пәк бейнесіне айналған, желегі жібектей есілген көркем де керім­сал күмбез ағаш. Аққайың – өлең, аққайың – өзегіне өмірдің шырын сөлін жиған табиғаттың тұнық тумасы. Бір ғажабы, орманды алқаптарда шоқтала да өсетін, қатарласып та, жеке-дара да бой түзейтін аққайыңдар қашанда адам жаны мен сезімін ең алдымен ақжүзді сырлы сымбатымен баураған... 23.03.18 ж.» (29-б.).

«...Бұлт-аю мен ақ бұйра бұлт­тар! Аспан әлемі тұнған сурет. Ақбауыр бұлттар, ақша бұлттар, ақ шуда бұлттар, ақшулан бұлттар, ала шабыр бұлттар, аппақ бұлттар, бір шөкім бұлт... шарбы бұлттар, шуда бұлттар, толқын бұлттар, нәзік бұлттар, кезбе бұлттар, көк бұйра бұлттар, көкшулан бұлттар, күлгін бұлттар, сұрғылт бұлттар, сұрқай бұлттар, түйдек бұлттар, шоқ-шоқ бұлттар. Тіл ұшына орала беретін теңеуі шексіз талай-талай бұлттар аспан-теңіздің айдынында нешеме заманалардан бері жүзіп келеді, жүзіп барады. Байтақ та бай, жауһар тілімізде бұлттарға қанша бейнелі теңеу болса, бұлт-суреттердің де соншама атауы бар... 29.10.18 ж.» (68-б.).

«...Шығыс беті Жем өзеніне қара­ған, батысын қалың ша­ғыл құм еміне жиектеген алыс ауыл­дың бейнесі көңілге сағыныш сазын ұялатады. Аясында бала­лық, жасөспірім шақтың күндері өткен, бұйығып жатқан бейкүнә ыстық мекен.

Жылдар бойы уақыт табын сол күйі сақтап тұрып қалған, шатырсыз, жайпақ төбелі ескі үйлерінде, ұшарын көкке созған қарағаштар мен көктеректерде алыс-алыс күндердің елесі сәл ғана мұңайып тұрғандай. Құм жиегіндегі ауылдың осы бәкене үйлері қаншама ұрпақпен бірге жасап, бірге тағдырлас болды десеңізші! Тіршілігі бейғам, өз күйін өзі күйттеген талай жан­дарға құтты шаңырақ, ыстық ұя болған қалпынан айнымаған, бір-бірін қайталамайтын өзіміздің қазақы сипатты үйлер-ай!.. 08.02.19 ж.» (86-б.).

Аталған еңбек бастан-аяқ тұнып тұрған ұлттық бояуға қанық ою-өрнекке, шуақты мә­нер-нақышқа, қанатты шабыт­қа, тіршіліктің бүлкілдеп соқ­қан қан тамырындай діріл-ты­нысын, мінез-құлқын, бекзат болмыс-бітімін тайға таңба бас­қандай жаратылыс суретін селкеусіз шырайлы сомдаған. Дүние жаралып, су аққалы өмір-тіршіліктің Тәңірлік жады ауыздан-ауызға, атадан балаға жалғасқан уақыт пен кеңістік аралығындағы сабақтастық та­ғылымы тәпсірленген. Сол ар­қылы қаламгер қыр-сыры мол алуан түрлі бүгінгі таңдағы келелі мәселені шығармаға арқау етіп, оқырманын ойға шомдырады. Бұл қысқа-қысқа зерделенген лебіз-пайымын автор жарыс­тыра табиғи фотобейнесімен ұштастырып беруі өте-мөте көңілге қонымды, эстетикалық әсерлі... Сондай-ақ «Тіршілік миниатюралары. Күнделік-эсселер» бітігінің 98-бетінен 355-беті аралығын «фотоқосымша» қамтыған, әлеуметтік желідегі достардың 356-383-беттердегі кейбір ой-пікірлері де назардан тыс қалмаған.

Сайып келгенде, Мәди Айым­­бетовтің көркемдік-идея­­лық шұрайлы қолтаңбасы көңілді алаң­датқан аласапыран, маза­сыз кезеңде ұрпаққа мұра жер тағдыры, дархан өлкенің тұ­тас­тығы мен амандығына деген аза­маттық шексіз қамқорлық пен іңкәрлікті, отаншылдық мөлдір сезімді маздатты. «Тір­шілік ми­ниатюралары. Күн­делік-эссе­лер» – өнер айдынында сәуле­ленген жұмақ өлкенің рухани жаңғырығы, санаға то­қылатын ұлттық әдеп пен таным кодексі.

 

Аманқос МЕКТЕП-ТЕГІ,

филология ғылымдарының кандидаты, доцент

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше