Таным • 24 Ақпан, 2020

Әлихан Бөкейхан: Санкт-Петербург және Самара іздері

707 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

(Соңы. Басы 36-нөмірде)

 Әлихан және татар элитасы

Сөз басында Әлекеңнің аз уақыттың ішінде Самарадағы беделді тұлғалардың біріне айналғанын айтып өттік қой. Бұл тұста қалада татар ұлтының өкілдері көп еді. Мәселен, 1897 жылғы Бүкілресейлік халық санағының нәтижесінде Самарада 2803 татар өмір сүретіні анықталған. Бұл қала халқының 3,2%-ы. Әйтсе де бұл нақты көрсеткіш емес. Өйткені санақ барысында нан базарындағы маусымдық жұмыскерлер, шаруалар, жәрмеңке саудагерлері мен уақытша тіркеудегілер есепке алынбаған. Сол кездегі Самара қаласының билігі болса татарлардың саны 3 000 адам деген ұстанымда болған. Ал басқа деректерде ХХ ғасырдың бас кезінде қаладағы татар қауымының жалпы саны 6000 адам болғаны айтылады.

Әлихан Бөкейхан: Санкт-Петербург және Самара іздері

 

Қош, әуелгі әңгімеге оралайық. Татар интеллигенциясының өкілдері Әлихан Бөкейханды қара тұтып, үнемі алға салып жүретін болған. Өйткені ол өзі­нің ақыл-парасатымен, білімімен және көш­басшылық қабілетімен ерекше­ле­не­тін еді. Әлекең жергілікті мұсылман қауымының мүддесін назардан тыс қалдырмаған.

Қаладағы мұсылман жамағатының санасы оянып, ұлт-азаттық, теңдік мәсе­ле­лері де жиі көтеріліп тұрды. Бұл ретте халықты ағартушылық жолға бастауға 1908 жылы Казанская көшесінің бо­йын­­дағы мешіт жанынан ашылған «Ик­ти­сад» алғашқы татар экономикалық жур­налы да зор рөл атқарды. Ол журнал 1913 жылға дейін жарық көрген. Аудиториясы да ауқымды болып, Ресей империясының аумағына таралды. Кейін 1914 жылы таралымы тоқтап, оның ізін Қазан қаласындағы «Ресей саудасы» журналы жалғастырған.

Губерния орталығындағы мұсыл­ман­дар қауымдастығы өздерінің әлеу­мет­тік статустарын және қаржылай-эко­ном­и­ка­лық жағдайын жоғарылатумен қатар қоғамдық позициясын да күшейтті. Казанский көшесіндегі мешіттің имамы Мухаммет-фатых Муртазин Самарадағы несиелік қоғам мен Самаралық ағарту кооперативінің мүшелігіне қабылданды. Ал мешіттің ақылдастар алқасының хатшысы Ханкерей Аптеков Волга өзеніндегі пароход зауытында инженер қызметін атқарды. Мешіт құрылысының бастамашыларының бірі, қамқоршылық кеңе­сінің мүшесі Махмұт Байшев Сама­ра қалалық думасының депутаты болып сайланды. Дәл осы кеңестің тағы бір мүшесі, Бөкей ордасы хандарының ұрпағы, Семипалатинск облысының атынан I мемлекеттік думаға мүше болып сайланған Әлихан Бөкейханов «Дон жер» банкінің Самара қалалық бөлімшесінде жауапты лауазымда қыз­мет еткен. Бұл азаматтардың есімін қала тұр­ғындары жақсы білді.

Кейін Мұртазин мен Бөкейханов Бүкілресейлік халықтың денсаулығын сақтау комитетінің Самара қалалық бөлімшесіне мүшелікке кірді. Олар 1911 жылғы аштықтан зардап шеккен оңтүстіктегі уездердің тұрғындарына көмек көрсету жұмыстарына белсене араласты.

Жандармерия жазбалары…

Әлекеңнің қоғамдық-саяси мәселе­лер­ге белсенді араласуы және оның мұсылман қауымдастығының алдында жоғары беделге ие болуынан патша жандармериясы қауіптенді. Олар бұл мәселеге бейжай қарамады. Сондықтан да Әлихан Бөкейхан туралы деректерді жинастырып, оның іс-әрекетін бақылауда ұстауға тырысты. Әрі дәл осы кезде Орал облысының губернаторынан Орынбор губернаторының атына телеграмма жіберіледі. Жеделхатта 7 шілдеде №7 Қызылжар станциясында қырғыз (қазақ – ред.) болыстарының жиналысы өткені және онда әскерге барудан бас тарту, билік өкілдеріне тізім бермеу туралы шешім қабылданғаны жазылған. Бұл жиынға молда Қажығали Аулимбердиев басшылық жасап, Орынбордағы «Қазақ» газетінің тілшісі Әлихан Бөкейханның хатын оқиды. Хатта Әлихан қырғыздарға (қазақтар – ред.) әскерге бармауды ұсынған. Сондай-ақ әскерге барудан бас тартқан жағдайда ешқандай жаза қол­данылмайтыны және әскерге қабыл­дан­ған­дардың тізімі жойылатынын жазған.

Орал облысының губернаторы телеграмманы Әлихан Бөкейханға қарсы дәйектерді жинақтап, оған үкім шығару мақсатында жіберді. Бұл кезде Әлихан Бөкейханның тұрғылықты мекенжайы Самара қаласында еді.

Осыдан соң Самара губерниялық жандарм басқармасы Әлихан Бөкейханның соңына адам салып, оны 24 сағат бойы бақылауға алған. Әлекеңнің қайда бар­ға­ны, кіммен кездескені тәптіштеліп, жазы­­лып отырған екен. Жандармдар Әли­ханға «Асман» деген лақап ат қояды. Арнайы журналда оның 46 жас­та екендігі, Дон көшесіндегі №30 үйде тұра­тыны жазылған. Сондай-ақ сыртқы бейнесі де сипатталыпты.

Приметы «Асмана»: лет 45, среднего роста, брюнет, телосложения плотного, лицо полно круглое, бороду бреет, не большие усики, одевается: на голову поповская бобровая шапка, зимнее коричневое пальто с норковым воротником и черные брюки на выпуск, Филеры: Курынцев, Винокуров, и Дубровин.

Жандармдар Әлекеңе неге «Асман» деген ат қойды? Мұның да өзіндік астары бар екен. Яғни олар османдықтарға, түріктерге «ерекше көзқараста» болып, ата жаулары санады. Сондықтан да тегі түрік, ұлты қазақ Әлекеңді өзара «Осман» деп атайды. Ал Дон халқының тілдік ерекшелігі бойынша олар «О» дыбысын «А» деп атайды. Осылайша әу баста «Осман» деген сөз «Асманға» айналған.

Самара облыстық мемлекеттік архи­­він­­дегі құжаттарда тыңшылар жаз­ған қаншама құжат бар. Олардың бар­лы­ғын бір мақала аясында талдап шығу мүмкін емес, әрине. Сондықтан да тек А.Керенскиймен байланысына қатысты кейбір жазбалардың үзіндісін беруді жөн көрдік.

 * * *

«Националь» қонақүйі, Самара қ. Пианская көшесі.

Сағат 11:45-те «Националь» қонақ­үйіне «Асман» (Әлихан Бөкей­ханов) келді. Ол қонақүйден сағат 01:45-те Александр Керенский Федоровичпен бірге шықты. Панской мен Дворянский көше­лерінің қиылысына жеткенде екі жақ­қа кетті. «Асман» (Бөкейханов) бақы­лаусыз кетті. Ал «Думский» (Керен­ский) Дворянский көшесіндегі «Волжский день» газетінің редакциясына кетті. Ол онда 1 сағат 20 минут болды. Редакциядан шыққан соң Дворянская көше­сіндегі № 71 үйге «Вечерный» (Ивана Маркованың) пәтеріне барды. Ол пәтерде 1 сағат 10 минут болды. Шыққаннан соң өз үйіне кетті. Қайта шық­қанын көрмедік.

Бақылаушылар: Курынцев, Вино­ку­ров, Овчинников және Чечеткин.

* * *

Саратовский мен Панси көшелерінің бұрышындағы «Националь» қонақүйі.

Күндізгі 12:35-те «Думскийға» (Александр Керенский) «Асман» (Әли­хан Бөкейханов) келді. Ол онда 1 сағат 10 минут болды. «Думскиймен» бірге шығып, Олимп театрына барды. Ол жер­де «Думский» дәріс оқыды. Күндізгі 15:15-те «Думский» Олимп театрынан шығып «Асман» (Бөкейханов) және Елшинмен бірге Предченский көшесіне жетіп, сол жерде қоштасты. Елшин ба­қы­­лаусыз кетті. «Думский» мен «Асман» Националь қонақүйіне барды. Ол жерде ұзақ кідірмей Соборной көшесі №102 үйде тұратын Елшинге барды. Олар Елшиннің пәтерінде 2 сағат 30 минут кідірді. Олар ол пәтерден белгісіз барынкамен бірге шықты. Предтеченсуи мен Соборной көшелерінің қиылысында қоштасты. «Асман» белгісіз барынкамен бірге бақылаусыз кетті. Ал, «Думский» тасымалдаушы құралға отырды да Торговой көшесіндегі №20 үйге барды. Ол жерде 1 сағат кідірді. Шыққан соң трамвайға отырып, Тройцко базарына дейін барды да, үйіне қарай бет алды.

Кешкі сағат 21:25-те «Думский» (Керенский) өз пәтерінен шығып Дво­рян­с­кий көшесіндегі №71 «Ве­чер­ный­дың» (Маркова) үйіне барды. Ол жерде ол 3 сағат кідірді. Содан соң өз пәтеріне кірді. Шыққанын көрген жоқпыз.

Бақылаушылар: Курынцев, Дубро­вин, Чечеткин мен Связнов.

* * *

«Националь» қонақүйі, Саратовск пен Манской көшелерінің бұрышы.

Таңғы 08:25-те «Думскийге» (Ке­рен­ский) «Асман» (Бөкейханов) кел­ді. Ол «Думскийдің» пәтерінде ұзақ кідірмей шықты да бақылаусыз кетті. Таңғы 10:30-да «Думский» (Керенский) қонақүйден жүкпен шықты. Содан соң тасымалдау құралына отырып, вокзалға барды. Вокзалдан Петроградқа дейін ояту уақытын таңғы 11:25-ке белгілеп билет алды. «Думскийдің» соңынан бақылаушылар да аттанды. Оны шығарып салуға «Асман» (Бөкей­ханов) келді.

Бақылаушылар: Мамуткин мен Шехватов.

 Түйін

Бұл мақаланың аясында Әлихан Бөкейханның Санкт-Петербург, Сама­ра­дағы кезеңдерін толық көрсетіп кете алмадық. Санкт-Петербургте білім алған кезеңі, Мемлекеттік думаның мүшесі болғандағы оқиғалар, кіммен бірге оқыды, кімнен дәріс алды, қа­лып­тасуына ықпал еткен адамдар туралы, сонымен қоса Самарадағы  архивте сақтаулы тұрған жандармерияның қаншама папкалары, Алабин музейінен табылған Әлекеңнің бұрын еш жерде жарияланбаған суреттері, оның Кон­ституциялық-демократиялық пар­тия­дағы жұмысы, қаладағы интеллигенциямен байланысы, газеттерге жазған мақалалары және тағы да басқа тың деректері бұл мақалаға енбеді. Олардың бәрін бір мақаланың аясында қамтып шығу мүмкін емес. Мұны кәсіби тарихшылардың еншісіне бердік. Әсіресе Әлиханның Самарада тұрған жылдарына ерекше назар аудару қажет. Өйткені Алаш партиясының, Алаш автономиясының жетекшілігіне апарған жолы осы жерден басталды. Мұның бәрін тарихшылар терең зерделеуі тиіс. Ол үшін архивтермен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесе жұмыс істеуі керек.

Біз бұл мақалада Әлихан мен Алек­са­ндр Елшиннің арасындағы байланыс­ты ғана айтып өттік. Ал оның сол тұстағы өзге де белсенді азаматтармен қарым-қатынасы әлі толық зерттелген жоқ. Мәселен, Ресейдің көрнекті мемлекет қайраткері, уақытша үкімет төрағасы А.Керенский Самараға келген сапарының көп бөлігін Әлихан Бө­кейханмен кездесіп, пікір алмасуға арнаған екен. Олардың мемлекеттің алда қандай бағытта дамитыны, қандай құрылымды таңдайтыны жөніндегі екеу­ара әңгімелері мен ой-пікірлері жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Тағы бір айта кетерлігі, Шыңғыс ұрпақтары Ақ патшадан жер алып, Самара жерін ен жайлаған. Олар Әлиханға қаржылай көмек көрсетіп, барынша қолдау біл­дірген. Бұлардың өзі үлкен бір тақы­рып­қа жүк боларлық дүниелер емес пе?!

Біз тұлғалардың өмірін зерттеу барысында олардың саяси өмірін, қоғамдағы іс-әрекеттерін көрсетумен ғана шектеліп қаламыз. Ал олардың күнделікті тұрмысы, айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы тасада қалып қояды. Сондықтан да тау тұлғаларымыздың өмір жолын зерттегенде олардың образын ашатын дерек-дәйектемелерді іздеп, қарапайым адами қасиеттері арқылы жағымды көзқарас қалыптастырған дұрыс болар еді.

 

Нұрлан Дулатбеков,

ұға корреспондент-мүшесі