Көзі тірісінде Өтеген аға:
– Інім-ау, мен бала кезден жыр тыңдауды ұнататынмын. Әлі есімде, бар-жоғы 4-класс оқушысымын. Ауылымызға белгілі жырау Рахмет Мәзқожаев ат басын бұрған. Ой, дүние-ай десейші! Күн-түн демей төксін жырды. Жатаған үйдің іргесінде етпеттей жатып, сол жырларды жүрегіме жазым алғанмын. Сол кісінің маған салып берген сара жолымен жүріп келемін ғой деген еді.
Өтекеңнің оқушы кезіндегі жазбалары сол кездегі аудандық «Коммунизм таңы» газетінде бұрқырап шыға бастайды. Қаламға деген құштарлықтан болар, жата-жастана жазып жүрген оған газет редакторы Сыдық Алдабергеновтен шақыру келеді. Қуанышы қойнына сыймай келген оған Сыдық ағасы:
– Балам, оқушы болсаң да дайын қаламгер екенсің, бізге жұмысқа келесің бе? – дейді.
Өз-өзіне сенерін білмеген Өтеген бала басын изей беріпті.
Сонымен тоғызыншы сыныпта кешкі мектепке ауысқан Өтекең алдымен тілші, бертін келе бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін абыройлы атқарады. Журналист мамандығын алуды мұрат тұтқан ол 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне оқуға қабылданып, 1963 жылы журналист мамандығын иеленіп, туған топырағына оралады. Қаламгерлік еңбек жолын Қызылорда облыстық радиотеледидар комитетінде тілші, содан соң аға редактор, бас редактор болумен жалғастырады.
Сыр сүлейлерінің жыр-термелерін бала кезден көкейіне құйып жүрген Өтекеңнің осы саладағы сіңірген еңбегі өлшеусіз болады. Нақтылай айтар болсақ, радионың «Алтын қорын» Сыр сүлейлерінің мақам-сазының мол мұрағатымен толықтырады. Көшенейдің күміс үнін алғаш рет облыстық радио арқылы көпшіліктің көкейіне құйған Өтеген аға екенін біреулер білсе, біреулер білмес. Өтекең осы радио саласында он алты жыл қызмет істеп, Сыр шайырларының мұрасын зерттеу мен зерделеуден алдына жан салмаған бірден-бір азамат атанады. Айтқандай, Өтеген аға бұл өмірден өткенше Сыр сүлейлерінің телегей мұрасын түгендеуден де қағыс қалған емес. Бір ғана деректі айтайын.
Көнекөздердің айтуынша, поэзияның ақ періштесі атанған Ұлбике қазақтан шыққан тұңғыш айтыскер қыз көрінеді. Он екі жасқа дейін тілі шықпаған ол бірден өлеңмен сөйлеп кеткен екен деген дерек те бар. Ұлбикенің Күдері қожамен айтысы «Түркі тайпалары халық әдебиетінің үлгілері» деген кітапқа еніп, бүгінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырылған. Бар-жоғы 24 жыл ғана өмір сүрген Ұлбике туралы Өтеген ағаның жазбаларынан көл-көсір дерек алуға әбден болады. Сол үшін де ел-халықтың бүгінде Өтекеңе айтар алғысы шексіз.
Келесі сөз кезегін Өтеген ағаның қаламгерлік келбетіне берелік. Өтекең қаламы семсер серке, яғни сатирик болатын. Оның облыстық газетте жарияланған фельетондары мен сын мақалалары талайларды тәубесіне түсірді, көппен санасқысы келмеген кердеңдерді қалыпқа салды. Содан болар 1983 жылы шілде айында республиканың бас газеті «Социалистік Қазақстанға» (бүгінгі «Егемен Қазақстан») қызметке шақырылып, осы газеттің Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі болып тағайындалады. Бертін келе Жезқазған облысы тарап, Өтекең осы «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі қызметіне келеді.
Біз білерде бас басылымда Өтекеңнің қоғамдық маңызы бар ауқымды да өткір мәселелер көтерген толғақты мақалалары бірінен соң бірі шығып жататын. Көркем очерктерімен талай жақсының жақсылығын паш етсе, кемшін тұстарды сын садағына ілді.
Бас басылымның Жезқазған облысындағы меншікті тілшісі болып жүргенде құрылысы 20 жылдан бері бітпей тұрған металл құю зауыты туралы сын мақала жазады. Бұл мақаласында басты кейіпкер етіп облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Николай Давыдовты сын садағына алады. Ол кезде коммунистік партияның дүркіреп тұрған шағы ғой. Ұзын сөздің қысқасы, орталық партия комитетінің нұсқауымен Н.Давыдов тәубесіне түседі.
Өздеріңізге мәлім, 1962 жылы Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген Сәлімгерей Тоқтамысов жайлы «Правда» газетінде «Битая карта» деген сын материал жарияланады. Жоғарыдан тексеру жүргізіліп, ақыр аяғы С.Тоқтамысов тағынан тайдырылып, Жамбыл облысының бір кеңшарын басқаруға жіберіледі.
Осы мақаланы мейлінше зерттеп, ой елегінен өткізген Өтекең жалғандыққа жол берілгенін анықтап, «Егемен Қазақстан» газетіне аға есімін ақтап көлемді мақала жазады. Мұндай ерлікке басқа қаламгерлер емес, тек қана Өтеген аға баратын еді.
Өтеген аға журналист қана емес, жазушы да болатын. Әсіресе сатиралық жанрдағы көркемсөзге қаймақ салушы еді. Тілшілік қызметтің тынымсыз тіршілігінде жүрсе де, «Сол қалта», «Бір қора өсек», «Мінездер» атты 3 сатиралық кітап пен «Жезқазған жұлдыздары» атты очерктер жинағын шығарған.
Өтеген аға зейнет демалысына шықса да қолынан қаламын түсірген емес. Бүгінгі қоғамдағы құбылысқа бейжай қарамайтын. Баспасөзге беріп, ел назарына ұсынатын.
Өтекеңді өлді деуге болмайды, өйткені артында өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын із қалдырды.
Еркін ӘБІЛОВ,
жазушы-журналист