Саясат • 24 Ақпан, 2020

Тиімді диологқа жол ашады

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Митинг туралы жаңа заң жобасында бірқатар маңызды мәселелер қарастырылған. Ол бейбіт жиналыс, митинг, пикет, жиналыс, демонстрация, шеру секілді ұғымдардың мәнін нақтылап, олардың айырмашылықтарын көрсетіп бермек.

Тиімді диологқа жол ашады

Мұндай қадамның артықшылығы мол. Өйткені қазіргі таңда осы ұғымдардың ара-жігін былайғы жұрт біле бермейді. Мәселен, бүгінде митинг аталып жүрген бейбіт жиналыстардың кейбірі демонстрация болса, келесісі – шеру. Оның үстіне, митинг ретінде басталған кей жиындардың соңы демонстрацияға ұласып кетеді.

Бұдан бөлек, жаңа заң жобасында митингті ұйымдастырушының, қатысушылардың және журналистердің мәртебесі, құқықтары мен мін­деттері белгіленбек. Қазіргі қолданыстағы заңда олардың айырмашылықтары нақты көрсетілмеген. Жоғарыда айтылған міндеттер мен мәртебе нақ­тыланса, шерушілер мен билік арасында нақты диалог орнатуға мол мүмкіндік бермек.

Заң жобасында қарастырылған тағы бір ерекшелік – бейбіт жиынды хабарлама беру арқылы өткізу тәртібі енгізілмек. Бұған дейін әкімшілік органдардан арнайы рұқсат алу қажет болатын. Ендігі жерде, митингтің мақсаты, өткізілетін жері секілді мәліметтерді хабарласа жеткілікті.

Бұл – халықаралық тәжірибе. Көптеген дамыған елде митинг өткізу үшін жауапты мекемеге хабарласа жеткілікті. Құқық қорғау қызметкерлері мен әкімшілік өкілдері бейбіт жиын өткізуге бүкіл жағдай жасап беруі тиіс. Мәселен, шеру кезінде көшелерді жауып, оған қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек.

Қысқаша айтқанда, митингті өткізу және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең әуелі халық үшін және билік үшін қажет. Осындай бейбіт жиындар арқылы билік тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдайды. Соған байланысты шешім қабылдайды. Ал халықтың митинг өткізуіне тосқауыл қою іштегі ренішті арттыра бермек. Мұндай жағдайдың салдары ауыр болатынын тарих дәлелдеп берді.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың митингтерді өткізу тәртібін қайта қарау жөніндегі тапсырмасы уақтылы жасалған шешім деп айтуға толық негіз бар.

 

Жамбыл АХМЕТБЕКОВ,

Мәжіліс депутаты, Қазақстан коммунистік халық партиясы орталық комитетінің хатшысы