Тарих • 25 Ақпан, 2020

Конструктор Дегтярев пен пулеметші Жүнісов

1338 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тілші тірлігі қызық. Қиын. Сонымен бірге керемет. Бұлай дейтініміз, алдымен елден бір нәрсені естисің. Сонда: «Жақсы жаңалық екен. Мұны жұртқа тез жеткізу керек», – дейсің жүрегің лүпілдеп. Бірақ іле-шала басқа, одан да ғажап тақырып табылады да соның жетегінде кетесің. Сөйтіп әу бастағы қолға аламын деген ісің уақытша тоқтайды. Бірте-бірте көмескі тартып, ұмытылады. Тек жылдар өткен соң барып, алдыңнан сол мәселеге қатысты нақты дерек шыға келгенде, бәрі де санаңа қайта сап ете түседі. Сонда ғана барып: «Мұны неге ұмытқанмын?» – дейсің өкініп. Сөйтесің де сол тақырыпқа керекті жайттарды жанұшыра іздейсің.

Конструктор Дегтярев пен пулеметші Жүнісов

 

Осыдан біраз уақыт бұрын біздің ба­сы­­мызда міне, сондай бір жағдай бол­­ды. «Егемен Қазақстанның» 100 жыл­­дық мерекесі қарсаңында редакция ұжы­мының байырғы қызметкерлеріне үл­кен бір жобаны жүзеге асыру жүк­тел­­гені бар. Ол – басылымның 1919-2019 жылдардағы нөмірлерінен ұлт мүд­десі мен ел руханиятына қатысты жарық көрген жақсы дүниелерді жи­нақ­тап, көп томдық жинақ шығару жө­нін­дегі жұмыс еді. Осыны орын­дау үшін мұ­рағат­тағы газет тігінділерін ақ­та­рып отыр­ғанымызда, бір қызық дерек­ке көзі­міздің түскені!.. «1943 жыл. Ленин­град майданы. 3 қыркүйек» деп бас­талған бұл ТАСС хабарында атақты конс­труктор Василий Дегтяревтің қа­тар­дағы жа­уынгер Әйтен Жүнісовке хат жаз­ғаны баяндалыпты. Онда ол өзі жа­са­ған пулемет қаруын шайқас ше­бін­­де сынақтан өткізген қазақ жігітіне ал­ғыс айтып, ризашылығын білдірген екен.

Аталмыш деректі оқып бола беріп, селт ете түстік. Көз алдымызға 1990 жыл­ғы 8 мамыр, «Қазақстан коммунисі» жур­­налының ұжымы, сондағы бізге әң­гіме айтып тұрған аға әріптесіміз Төкең, Төлеубай Ыдырысов елестеді. Же­ңіс­тің 45 жылдығы қарсаңындағы ол кісіні құттықтаған басқосуда қарт май­дангер өзінің Ленинград бағытында шай­қасқанын еске алды. Содан кейін көрші батальондағы пулеметші қазақ жігітіне атақты конструктордың хат жаз­ғанын, ол өздері қызмет еткен 314-ди­визия үшін үлкен оқиға бол­ғанын сөз етті. «Бұл қандасымыз Пав­ло­дар облысы­ның тумасы еді, – деп аяқ­таған-тын әңгі­месін қария сонда. – Қуаныш­тысы, соғыстан еліне аман оралыпты. Оны маған айтқан майдангердің туған ұлы Социал. 60-жылдары ол КазГУ-де оқыды. Сонда университетте оқы­ту­шы­лық қызмет атқарған мен оған са­бақ бере жүріп, ТАСС хабарының ке­йіп­­керіне айналған қаруласымыздың ке­йін­гі өмірінен хабардар болғаным бар».

«Жазатын-ақ тақырып екен, шіркін!» – деп қызыққанбыз біз сонда әңгімені тыңдап отырып. Бірақ содан көп ұза­май мұрағаттан майдандағы танк ай­да­ған қазақ қыздары, одан іле-шала 1904 жылғы Порт-Артур шайқасына қатыс­қан қандасымыз, ол аз десеңіз АҚШ президенті Рузвельттің Кеңес елі армиясындағы қазақ жауынгеріне тапсыруды өтініп жолдаған Легион ордені туралы құжаттар табылды да соларды күйттеп кете бардық. Сөйтіп жаңа атыс қаруын сынаған жерлесімізді іздеп табу кейінге ысырыла берді. Келе-келе тіпті оны ұмытқанымыз да шындық. Алда да солай бола берер ме еді, егер «Егеменнің» 100 жылдық мерейтойына байланысты ескі газет тігінділерін ақтарып отырып, «Тамаша қару» атты ТАСС хабарына жолықпағанымызда.

...Хо-о-ш, сонымен Төкеңнің, Төлеу­бай аға Ыдырысовтың осыдан көп жыл бұрынғы: «Ол – Павлодар облысының тумасы. Ұлының аты – Социал», деп айт­қан сөзі бойынша жоғымызды із­деу­ге шықтық. Таптық та! Сөйтсек... Май­дангер Әйтен Жүнісовтің баласын біз сырттай біледі екенбіз. Осы күнге дейін ол кісімен тек жұмыс ар­қылы ғана сөйлесіп, жөн сұраспай жүре бергенбіз ғой. Әйтпесе, КазГУ-дің түлегі, бір ма­ман­дықтың иесі Социал ағаны, ұзақ жылдар облыстық «Қызыл ту» газе­тін­де еңбек етіп, 60-70-80-жылдары сол Пав­лодар өңірінен жазған ойлы мақа­ла­лары республикалық «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақ­стан» басылымдарында жарияланып тұратын Социал Әйтеновті кім білмейді?! Бәріміз де жақсы білетінбіз.

– Оқасы жоқ, – деді алғашқы аман-сау­лықтан соң көзілдірігін түзеп қойып күлімсірей тіл қатқан ағамыз. – Енді бұ­дан былай, яғни осыдан бастап бір-бірі­мізді жақсы білетін боламыз. Ал сіз­дер сұраған мәселеге келсек, ол былай.

Үй иесінің сөзіне қарағанда, әкесі Әйтен ақсақал осы Кереку аймағы­ның Ақсу өңірінде 1900 жылы дүниеге кел­ген екен. 22 жасынан бастап мұғалім бо­ла­ды. Ал содан 20 жыл өткенде соғыс... Ол кісінің соған байланысты «Жаңа тілек» ауылынан әскерге ша­қы­­­рыл­ған уақыты – 1941 жылғы 14 желтоқсан.

Сібір гарнизондарының біріндегі ал­ғашқы дайындықтан өткен соң құ­рамында болашақ кейіпкеріміз бар батальон Ленинград іргесіндегі 314-ди­визияға тың күш ретінде әкелініп қосы­лады. Мұнда келгеніне небәрі бес ай болған аталмыш әскери құрылым да Қазақстанда, соның ішінде Петропавлда жасақталып еді. Эшелоннан түскен бойда олар жаумен Свирь өзені бойында бетпе-бет кездесіп қалады. Міне, сонда тәжірибесі жоқ, оның үстіне өте нашар қаруланған дивизия көп шығынға ұшы­райды. Бірақ соған қарамастан, неміс­терді алға жібермей ұстап тұрған екен.

Содан күн сайын шайқас. Апта бойы алма-кезек атыс. Айларға созылған қор­ғаныс. Осылай 1942 жыл өтеді. 1943 жыл да келеді. Соның аяғында Әй­тен Жүнісов қызмет ететін 314-дивизия үл­кен жорыққа дайындалады. Жос­пар бойынша бұл әскери құрылым 2-тегеурінді армия құрамына қосылып, Фин бұғазы арқылы Ораниенбаум мүйісіне шығуы керек екен. Бұл үшін қалың қол өздері межелеген жерге қалыңдығы 6-7 сантиметрлік жұқа мұз үстімен жүріп отырып жетуі тиіс.

Қауіпке толы қадам 1944 жылғы қаңтар айының алғашқы түндерінде басталады. Алда дивизия командирі Николай Алиевтің өзі. Ортада Әйтен Жүнісов секілді ақыл тоқтатқан сақа пулеметшілер мен қандай қауіп болса да оған тастүйін әзір автоматшы жі­гіт­тер. Ал артта тек минометтерді бөл­шек­теп алып, соларды сырғыта сүйрет­кен қару-жарақ керуені.

Сол түндері, иә, нақ сол түндері... Бұлар аталмыш қылкөпірден құдай оңдап аман-есен өтеді. Жағаға жеткен бойда жаудың ту сыртынан атой салып, Выборг, Нарва қалаларын алады. Қазақстандық 314-дивизияның осы ерлігіне байланысты Мәскеу оған салют береді. Бұл 1941 жылдың 8 қыркүйегінен 1944 жылдың 6 ақпанына дейінгі 872 күндік Ленинград құрсауының жойылып, быт-шыты шыға бастаған кезі еді.

Осыдан соң Әйтен Жүнісов қызмет ете­тін жоғарыдағы әскери құрылым жауын­герлері аз-кем тыныс алады. Көк­тем шыға бере тағы да жорық. Бұл жолы Карель мойнағындағы ұрыс­тарға қатысқан 314-дивизия күзге та­ман Польшаның солтүстік-батыс шека­ра­сына қарай беттейді. Мақсат – Висла өзені­нен өту. Міне, осы жерде пуле­мет­ші Әйтен Жүнісов қатты жараланып, 1945 жылдың қаңтарында елге қайтады.

– Ал конструктор Василий Дегтя­ревтің сіздің әкеңізге жазған хаты ше? Ол оқиға қашан, қай жерде болған? – дедік біз осы арада дегбірсізденіп.

– Біз ес білгеннен бастап, – деді бұ­ған сәл ойланып барып тіл қатқан Со­циал аға, – әкемнің өз ауылдастары ара­сында соғыс, майдан туралы әңгіме ай­тып отырғанын көрген де, естіген де емес­піз. Рас, мектептегі Қызыл ар­мия күні мен колхоз клубындағы Жеңіс ме­ре­кесіне байланысты өткен жина­лыс­­тарға көпшіліктен қалмай баратын. Бірақ үндемей отыратын. Өстіп жүргенде, бұл 1965 жылдың көктемі, бір оқиға болды. Кешкі шайға отыра бер­­генімізде үйге ауылдас жігіттер Қабаш пен Бүркіттің кіріп келгені. Қол­­­дарында поштаға жаңа ғана келген «Ле­нин­шіл жас» газеті. Аман-сау­лық­тан соң олар оны әкейге ұсынып еді, кө­зіл­­дірігін таба алмаған қарт: «Не нәр­­се екен? Оқып көрші», – дегендей маған иек қақты. Одан «Тамаша қару» деген мақаланы көрдім. Көз жүгіртсем, бұл әкем, әкемнің соғыс кезіндегі ерлігі туралы дүние екен. Дауыстап оқи жө­нел­дім. Мұны тыңдаған әкемнің өңі қара­кү­рең­деніп, терең ойға кетті. Сөйлей ал­май, тілі күрмеліп біраз отыр­ды. Со­дан кейін барып төмендегі әңгімені айтуға көшті.

1943 жылдың жаңбырлы жазы екен. Ленинград майданындағы ол кісі қызмет ететін бөлім маңында кескі­лес­кен айқас жүріп жатады. Түс қайта сол жақ шеттегі бұлардың взводы өз пози­циясындағы жауды кері ысырып, алға жылжиды. Бірақ немістер қай­та­дан күшіне мінеді. Сөйтеді де өз бөлі­мінен оқшау шығып кеткен взвод­ты артқа тықсырады. Әкей мұны біл­мейді. Көмекшісі екеуі алдыңғы шепте қалып қойып, қалың тоғайдағы өзек ішінде топтасып келе жатқан жау шо­­ғырына оқ жаудырады. Олар 30 шақ­ты екен, екіге бөлініп алға ен­те­лей­ді. Мұндай жағдайда орын ауыс­ты­рып қимылдамаса болмайтынын біл­ген Әй­текең көмекшісіне диск толы жәшік­тің жартысын 20 метрдей жердегі қа­лың бұта түбіне апар деп ымдайды да, атысты жалғастырады. Тапсырманы орын­­даған серігі бері қайтуға бет бұр­ғанда оқ тиіп жараланады да қимыл­сыз қалады. Мұны көріп: «Не өмір, не өлім!..» – деген кекті де сесті ойға бе­кін­­ген біздің кейіпкеріміз алдыға қарай оқты боратсын келіп. Немістер бас көтере алмай жатып қалған кезде екін­ші позицияға ауысып, пулеметіне тағы ерік берсін. Осылай қанша орын алмастырып шайқасқанын білмейді. Білетіні: тар өзек ішінен пана таппаған дұшпанның беткейге қарай ұмтылғаны, оған қанша тырмысқанымен жаңбырдан миы шығып езілген жер қыртысынан төменге қайта сырғып, оққа ұшқан қаруластарының денесін қалқа тұтқаны. Бір мезетте есін жиып қараса, алдынан атылған оқ байқалмайды. Төңірек тым-тырыс. Ал өзекте жараланып, еңбектеп қашып бара жатқан бір немістен басқа, жусап жатқан жасыл киімді жау сол­даттарының денелері.

– Сол шайқастағы пулеметімнің са­қыл­даған үні-ай!.. Жер-көкті жаңғы­рық­тырған дауысын айтсаңшы, – деп сөзін аяқтады әкей шай толы кесесін қолына алып. Сөйтті де: – шегініп кет­кен взвод жауынгерлері шепке қайта ора­лып жатқанда қарасам, – деді сәл ой­ланып, – өзім жалғыз қалып қойған жоғарыдағы шайқаста 5,5 диск жұмсап­пын. Сонда қолымдағы қаруым не қызып, не қақалып-шашалуды білмеді-ау. Ешбір кідіріссіз атылды да тұрды.

Көп кешікпей бұл оқиға бөлімнен батальонға белгілі болады. Одан ди­визияға жетеді. Үгітшілер аталмыш ерлікті окоптар мен блиндаждардағы сая­си сабақтарда жауынгерлерге үлгі етіп айтады. Осындай насихат жұ­мысы жүріп жатқанда, ол тағы бір игі шараға келіп ұласады. Мұны қысқаша түсіндіріп айтар болсақ, соның алдын­да армия­лық және майдандық газет­терде қызыл әскерлер ұстап жүр­ген атыс қарулары, олардың сапасы жө­нінде жауынгерлердің пікірін сұра­ған редакциялық мақала шыққан еді. Сол кездегі талап бойынша оған үн қосу керек. Қалай? Қайтіп? Саяси бөлім басшылары бұл тапсырмаға Ленинград майданы бойынша атағы жер жарып тұрған төрт мерген: Ф.Резниченко мен А.Ахмедьянов, П.Шабанов және А.Гостюхинді тартуға пәрмен береді. Қолдарындағы снайперлік винтовкалары туралы ойларын қағазға түсірген олар өз хаттарына сондай-ақ көрші бөлімдегі қызыл әскер Ә.Жүнісовті де қосып: «Оның пулеметі ұзаққа созылған шайқаста іркіліссіз жұмыс істеп, сапалы жасалғанымен ерекшеленді», – дейді. Мұны осы қарудың авторы, Социалистік Еңбек Ері В.Дегтярев естиді. Қатты толқып, қуанған қарт конструктор май­дандағы қазақ жауынгеріне былай деп хат жазады:

«Қымбатты Жүнісов жолдас! Бүгін маған жолдаған мергендердің хатынан сіздің неміс басқыншыларына қарсы күресте жасаған үлкен ерлігіңіз жөнінде білдім. Сіз менің ойлап шығарған пулеметіммен гитлершілердің алға ұмтылған екі шабуылын бет қаратпай қайтарып, өз ерлігіңізбен Отанымызды сүйетініңізді, революцияның асыл бесігі Ленин қаласы үшін жан қиюға баратыныңызды дәлелдедіңіз. Менің пулеметімді меңгеріп, оны жауға қарсы өте жақсы жұмсай білгеніңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Жолдас Жүнісов! Сіз сияқты ер­жүрек, батыл кеңес адамдарына тап бол­ған неміс басқыншыларының сағы сынуда. Олардың тұлдыры шығатын кез жетті. Енді бұл басқыншылардың бел омыртқасын үзіп, біржолата тас-талқан қылу керек.

Қымбатты жолдас Жүнісов, сіздің елімізді аман сақтап қалу үшін фашис­терге рақымсыздық танытып, Отан алдындағы борышыңызды абыройлы орындап шығатыныңызға қалтқы­сыз сенемін. Біздің алғашқы танысты­ғы­мыздың белгісі ретінде сізге фото­суретімді және кішкентай сыйлығымды жолдап отырмын. Өзіңіз секілді кеңес жауынгерлеріне тағы да жоғары сапалы қару жасап беруді мойныма ала­мын. Сіздің жеңіс жолында табыс­ты, денсаулығыңыз мықты болуына тілек­теспін. Құшақтап, қолыңызды қыса­мын. В.Дегтярев. №8402. Ковров қаласы. 28 шілде, 1943 жыл».

– Содан жарты ай уақыт өткенде, – деді Социал аға, – атақты адамның жолдаған ыстық ықыласы мен лебізі майдандағы әкеме жетеді. Оны оқып, танысқаннан кейін ол кісі дәрежесі жоғары жанға ризашылығының белгісі ретінде жауап хат жазады. Бұл үшбу сәлем 1943 жылдың 3 қыркүйегіндегі ТАСС хабарында толық келтірілген.

Осыны айтқан үй иесі алдымызға бұдан 77 жыл бұрынғы құжаттың ксеро­көшір­месін қойды. Одан мынадай сөздерді оқыдық. «Қымбатты Дегтярев жол­дас, – деп басталыпты хат. – Сіздің әкелік қамқорлығыңызға қуанып, сый­лы­­ғы­ңыз үшін алғыс айтамын. Сіз ойлап шы­ғар­ған пулемет ұрыста өзінің тамаша қару екенін көрсетті. Оның сапасы өте жақсы деп сеніммен айта аламын. Сон­дық­тан пулеметшілер мұны жанын­дай жақсы көреді. Дегтярев жолдас, қым­батты Отанымызды қорғау ісінде өзімнің қасиетті борышымды бұл­жыт­пай орындап шығатындығыма күмән­данбауыңызға болады. Біздің кеңес жерінде істеген айуандық қыл­мыстары үшін, біз қорғап тұрған ұлы Ленин қа­ла­­сы­ның көрген азабы мен төк­кен қаны үшін неміс-фашист жауыздары­нан кек аламын. Қымбатты Василий Алек­­­­сеевич, сіздің сау-сәлемет болып, Отан-анамыздың әскери қуатын нығайту жолын­­­дағы қызметіңізде табысты болуы­­ңызға тілектеспін. Қолыңызды қатты қысып, сәлем жолдаушы қызыл әскер Ә.Жүнісов».

– Жоғарыдағы хаттардың алғашқы­сында, – дедік біз үй иесіне, – конструк­тор В.Дегтяревтің пулеметші Ә.Жү­нісовке ескерткіш үшін өз суретін жі­бер­гені айтылған. Ол рәсім қазір бар ма?

– 1965 жылғы 18 сәуірде, – деді бұл сауалға әңгіме иесі, – «Лениншіл жас» газетінің соғыс жылдарындағы ТАСС хабарын қайтадан жариялап, біздің қартқа іздеу салғанын осы сұх­баты­мыз­дың басында айттым ғой. Сонда жол­дастарымның ақылымен редакцияға хат жазып, ол кісі менің әкем екенін, Павлодардың Құркөл ауылында сау-сәлемет тұрып жатқанын айтып, хабардар еткенмін. Содан іле-шала олар өзің сөз еткен суретті Алматыға сұратып алдырды да оны газетке жариялады. Ал біз болсақ, оны қайтарып алу туралы ойламадық. Еренсіздік деген осы-ау. Сөз ретіне қарай айтайын, ол фотоның сыртында: «Осы суретімді немістердің шабуылын екі рет тойтарған жауынгер Әйтен Жүнісовке сыйлаймын. Василий Алексеевич Дегтярев», – деген жазу бар болатын. Ол «Лениншіл жасқа» солай шықты да.

...Әңгіме аяқталды. Біз қайтуға жи­­нал­­дық. Вокзалға келіп, пойызға отыр­­­ғаннан кейін Социал ағаға қой­ған соңғы сұрағымды есіме алдым. Ол Әй­­тен ақсақалдың майданнан кейінгі өмірі жөніндегі сауал еді. Соғыс­тан қай­тып келісімен қария өзінің мұ­ғалім­дік мамандығын қайта жалғас­ты­рады. Баян, Социал, Төлеубек, Сү­лей­мен және Бейбіт атты 4 ұл,1 қыз­дың әкесі ата­нып, 60-жылдардың ортасында құр­метті еңбек демалысына шығады. Одан кейін де бақытты ғұмыр кешіп, 90 жасын­да өмір­ден озыпты. Бұл Жеңістің 45 жыл­дығы аталып өтіп жатқан уақыт екен.

2

 

Жанболат АУПБАЕВ,

журналист

 

ПАВЛОДАР