Тараптар Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдениетаралық диалогты дамыту саласындағы дәйекті ынтымақтастықты талқылады. ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары өз кезегінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сынды алаң құру туралы бастамасының маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі таңда елордамызда алты дінаралық форум өтті. Министрлік, қазақстандық тараптың негізгі ұйымдастырушыларының бірі ретінде, 2021 жылдың күзінде өтетін кезекті съезге дайындық жұмыстарын белсенді жүргізуде. Біз ЮНЕСКО-ның бұрынғы басшылары Коичи Мацуура мен Ирина Бокованың осы маңызды алаңның жұмысына қатысуын, сондай-ақ қазіргі Бас директор Одре Азуленің түбегейлі қызығушылығын жоғары бағалаймыз», деді Дәурен Абаев кездесу барысында.
Сондай-ақ кездесуде «Жусан» гуманитарлық операциясының нәтижелері атап өтілді және барлық кезеңдердің нәтижелері бойынша Сириядан 595 қазақстандық шығарылды. Қазақстандық тәжірибе шетелдік әріптестердің жоғары қызығушылығын тудырды.
Сонымен қатар Қазақстанның Ақпарат және қоғамдық даму министрі еліміздің Байланыс саласын дамытудың халықаралық бағдарламасына қатысуын жандандыру мәселесіне қызығушылық танытты.
«Біз үшін журналистік білім саласындағы ынтымақтастық та маңызды. Болашақта ЮНЕСКО-ның университеттер үшін журналистика бойынша жасаған типтік оқу бағдарламасын және жалған жаңалықтардың таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі нұсқаулықты, мысалы, олардың қазақ тіліне аударылуын жеңілдету арқылы Қазақстанда кеңірек қолдану орынды деп ойлаймын», деді Д.Абаев.