Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Заманауи кәріз жүйелері керек

675 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қалалар мен ірі елді мекендерде кәріз суының қоршаған орта мен тұрғындар денсаулығына тигізетін зияны аз емес. Бұған жол бермеудің басты тәсілі – кәріздік тазарту құрылғыларын (КТҚ) салу. Ақтөбе өңірінде аталған істің қазіргі жай-күйі сын көтермейді.

Заманауи кәріз жүйелері керек

 

Соңғы 4-5 жылдан бері шешімін таппай жүрген мәсе­ле­нің мәнісін ең алдымен Ақтөбе қаласынан бастайық. Об­лыс әкімі Оңдасын Оразалин биыл 12 ақпанда тұрғындарға бер­ген есебі кезінде Ақтөбе қала­сын­дағы КТҚ жабдығының ескіруі­не байланысты оны жаңарту қажеттігін атап көрсетті. Облыс басшысының айтуынша, оның техникалық-экономикалық не­гіз­­­демесі әзірленуде. Әйтсе де дәл қазір КТҚ-ны жаңадан са­луды қаржыландыру мәсе­ле­­сі толық шешімін тап­паған сыңайлы. Есептік жиын кезінде айтылғандай, бұл тұрғыда әз­ір­ге инвесторлармен келіс­сөз­­дер жүргізу ғана қолға алын­­ған.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жол­дауында Ақтөбе қаласы бола­шақта еліміздегі заманауи урба­низацияның ірі орта­лық­та­ры­ның біріне айналатынын атап кө­р­сеткені мәлім. Сонымен бір­ге Үкіметтің «ҚР аумағын ұй­ым­­дас­тыру бас сызбасының негізгі ере­же­лері» туралы қау­лысына және өңірлерді дамы­туд­ың 2020 жылға дейінгі бағ­дар­ламасына сәйкес Ақтө­бе еліміздегі бірінші деңгейдегі хаб-қалалардың қатарына кіре­ді. Ақтөбенің агломерация орта­лы­­ғы екені де елеулі жайт. Көші-қон жиілеп, ресурс­тар мен капитал, озық технологиялар шоғырланған белсенді эко­номикалық орталық үшін зама­науи талаптарға сай КТҚ – басты шарттардың бірі.

Ірі өнеркәсіптік аудандар Алға мен Хромтаудан өзге аумақта КТҚ мәселесі сеңі сөгіл­меген күйінде тұр деуге әбден болады. Атап айт­қан­да, Қобда, Мұғалжар, Бай­ға­нин, Темір, Мәртөк және Ойыл аудандарында КТҚ-ның жоқ­тығы облыстық экология департаменті жүргізген тексерулер кезінде белгілі болды. Барының өзі тозығы жетіп, пай­да­лануға мүлдем жарамсыз күйге түсіпті. Соның салдарынан атал­ған аумақтарда сарқынды сулар тазартылмаған қалпында жер бетіне төгілген. Мұндай жағдайда бак­те­рия­лық элементтер мен химиялық қос­­па­лар қоршаған ортаға, тұр­ғындар ден­саулығына зиян кел­­тіретіні түсінікті. Оның аяғы әртүрлі дертке әкеліп соқ­тырмасына кім кепіл? Сар­қын­ды су арқылы жерүсті және жерасты табиғи су көздері, ресурстар ластанып, тұтастай су экожүйесінің бүліну қаупін туындатуы мүмкін.

Облыс аумағында алдағы уа­қыт­та пайда болған сарқынды сулар­ды тазарту мәселесі ше­ші­мін таппаған жағ­дайда тағы бір күрделі мәселе туындамақ. Яғни мұндай селқостық пен ен­жарлықтың соңы ауызсу тап­шылығының пайда болуы­на әкеп тіремек. Бұл қауіп қазір­дің өзінде байқалатынын ескерсек, КТҚ-ны тезі­рек салу ісінің әлеу­меттік ма­ңы­зы одан әрі терең­дей түседі.

Әрине Мәскеу бірден тұр­­ғы­­зылған жоқ дегендей, мұндай құ­­рыл­ғыларды бір мезгілде салу әртүрлі кедергілерге кезік­ті­рер. Сон­дықтан да екі-үш жыл бұрын облыстық эколо­гия департаменті тарапынан бі­рін­ші кезекте өңірдің ең ірі елді ме­кен­дері Бадамша, Шалқар және Шұ­барқұдықта кәріздік тазалау құрылғыларын салу жөнінде облыс әкімдігіне тиісті ұсыныстар түскен.

Сараптамалық сипаттағы қа­ты­нас құжатында аталған елді ме­кен­дердегі халық саны, олар пайда­ланатын су мөлшері мен бөлі­нетін кәріз суының көлемі нақты есептеліп көрсетілген. Соған сәйкес 2017 жылы бұл мәселе күн тәртібіне қойылған. Тіпті департамент ұсынған не­гіз­­демелер сол кездегі облыс әкі­мінің орынбасары Серік Тө­ленбергенов пен аумақтық бас­қармалар басшылары тара­пы­нан тиісті қолдауға да ие бо­лыпты. Сөйтіп отырыста қа­рал­ған мәселе бойынша №30 сан­ды хаттама түзілген. Мұндай ұсынысты департамент жетекшілері 2018 жылдың 15 ақпаны күні №01-05-6/405 санды қызметтік хат бойынша сол кездегі облыстық энер­гетика және тұрғын үй- ком­муналдық шаруашылығы бас­қармасының басшысы атына да жолдаған екен. Әйтсе де өңір­дегі құзырлы мекеменің бірі оған жауап қайтармай үнсіз қал­ған.

Міне, осылайша Ақтөбе ай­ма­­­­ғын­да әлеуметтік және өнді­­­рістік өңірдің өзі талап етіп отырған кәріздік-тазалау қон­дыр­­ғылары құрылысын жүр­гізу ісі аяқсыз қалып келеді. Бұл мәселенің көтерілгеніне 4-5 жыл уақыт өтсе де ештеңе өз­герген жоқ, дана Абайдың сө­зі­мен айтқанда «Баяғы жартас – бір жартас».

«Ештен кеш жақсы» демей ме халқымыз. Сондықтан да бү­гінде ел-жұрт­ты толған­ды­ры­п жүрген мәсе­леге облыс басшысы Оңда­сын Ораза­лин қайтадан қозғау салса, іс орнынан жылжыр ма еді?!

АҚТӨБЕ