Аймақтар • 27 Ақпан, 2020

Шымкентте 34 маңызды мәдени іс-шара өтеді

525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Рашид Мыңбаев БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг берді. Жиында басқарма басшысы «Шымкент 2020-ТМД елдерінің мәдени астанасы» жылы аясында өтетін 34 мәртебелі іс-шараларға дайындық барысы жөнінде кеңінен әңгімеледі.   

Шымкентте 34 маңызды мәдени іс-шара өтеді

«Шымкент – Достастықтың 2020 жылғы мәдени астанасы» іс-шарасының салтанатты ашылу рәсімі 20 наурыз күні Қажымұқан атындағы орталық стадионда өткізіледі. Салтанатты іс-шараның концерттік бағдарламасына 800-ге жуық Шымкент қаласының өнерпаздары мен Алматы, Астана қалалары мен ТМД елдерінен 300-ден астам өнерпаз қатыспақ. Ашылу салтанатын 16 мыңнан астам қала тұрғындары мен сыйлы қонақтар тамашалай алады», деді Рашид Мыңбаев.

Биыл ТМД елдерінің мәдени астанасы мерекесімен қатар қалада бірнеше маңызды мерейтойдың өтуі жоспарланған. Олардың қатарында Әбу Насыр Әл-Фарабидің - 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының - 175 жылдығы, Алтын Орданың - 750, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдық мерейтойлары мен Шымкент қаласының 2200 жылдығына арналған форумдар, ғылыми-практикалық конференциялар, форумдар және тағы басқа іс-шаралар бар.

БАҚ өкілдерінің басын қосылған жиында басқарма басшысы Шымкент қалашығында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімеледі.  Шымкенттегі «Ескі қалашық» - Еліміз үшін ерекше археологиялық объект және мемлекеттік маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің Мемлекеттік тізіміне енген сәулеттік құрылыс.

Сала жауаптыларының айтуынша 19 маусым - қала күніне орай Шымкент қаласының 2200 жылдық мерейтойы ресми аталып, ашық аспан астындағы мұражайдың салтанатты ашылу рәсімі өтпек.

Сондай-ақ жыл бойы Шымкент қаласына гастрөлдік іссапармен Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 27 еліміздің жетекші театрлары мен филармония ұжымдары келеді деп жоспарланған.

Брифингте тілшілер тарапынан сұрақтар қойылып, нақты және тұшымды жауаптар алынды.      
Рашид Мамытұлы алдағы жауапты мерекелер қарсаңында ауызбіршілік танытып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, туған қаламыздың мерейін биіктетуге шақырды.

 

Шымкент