100 • 27 Ақпан, 2020

«Социалистік Қазақстан» газеті: Гималай бұрынғыдай биік емес

484 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 100 жылдық мерейтойына арналған жаңа айдардың кезекті материалын назарларыңызға ұсынамыз. «Гималай бұрынғыдай биік емес» атты мақала 1956 жылы «Социалистік Қазақстан» газетіне шыққан.

«Социалистік Қазақстан» газеті: Гималай бұрынғыдай биік емес

Өткен жылдың ноябрь айының орта кезінде совет искусство­сының бір топ  шеберлері Индия республикасына келіп түстік. Бұл күндері Индия халқы, оның  ішінде Дели жұртшылығы әлдебір үлкен  құрметті мерекеге әзірленіп жатқандай аса зор қыймыл, қозғалыс, қуаныш үстінде екен. Қала жұртшылығы мен Индия үкіметі өздерінің ардақты қонақтары, бұл  екі елдің арасында бұрын болмаған аса үлкен достық сапармен келе жатқан  Николай Александрович Булганин мен Никита Сергеевич Хрущевті күтіп алуға  әзірленіп жатты. Біз осы бір әзірліктің өзінен Индия халқының Совет Одағына, оның басшыларына деген зор құрметін  аңғардық.

Екі күн өткенде, 18 ноябрь күні бүкіл  Индия халқының өкілдері, таңғажайып ертегілердегі сыяқты сұлу табиғаты, нұрын мол төккен сәулелі күн, әсем  безенген қала өзінің сый қонақтарын қарсы  алды. Аэродромнан бастап бүкіл қаланың  көшелері қолдарында неше түрлі екпе гүл шоқтарын ұстаған халыққа толып кетті. Меймандос халық достық ниетпен, достық жүрекпен келген. Совет өкіметінің басшыларына аса үлкен құрмет көрсетті.

Индия жерінің табиғаты қандай әсем, жұмсақ, жылы болса, көктем күндеріндей  үнемі гүлге оранған көркем болса, халқы да Н.А.Булганин мен Н.С.Хрущевті сол бір көктемдегі көңілділікпен, жылылықпен, Индия жеріндегі күн сәулесіндей ашық жүрегімен қарсы алды және барлық  мәдениеті, ғылымы, ескерткіштері, өнеркәсібі, халқының бүкіл өмірімен таныстырды.

Екі ұлы елдің арасындағы достық, мәдени қарым-қатынас басталып қана қоймай, беки түсті.

Индия – өзінің ерте заманнан келе  жатқан ескі тарихы, бай мәдениеті, әдебиеті, искусствосы, архитектурасы, «Тадж-Махол», «Элура», «Қызыл қорған», «Кутып мунар», «Шар-минар» сыяқты тамаша ескерткіштері бар ел. Өнершіл халық өзінің шеберлігін үйлерді, сарайларды, ескерткіштерді әсемдеуге, оны тамаша өрнекті оюлар, жазулар, түрлі суреттермен безендіруге арнаған. Биіктігі отыз бес қабат үймен теңесетін «Кутып мунар» мұнарасы мен «а» деп ауыздан шыққан дыбыс ішінде екі минуттай күмбірлеп тұратын, ақ мрамордан салынған «Тадж-Махал» еңбексүйгіш халықтың өшпес ескерткіші сыяқты  көрінеді.

Индия табиғаты ертеде таңғажайып ертегілерде айтылатын қыял сыяқты. Биік өскен, өмір бойы көк жапыраққа  оранған зәулім ағаштарды, қалың ормандарды, әдейі әшекейлеп тастағандай хош иісті гүлдерді көресің. Орманда, жасыл белдерде өскен, үй төбелерінде, биік үйлердің балкондарда өсірілген гүлдерді көргенде, бүкіл ел гүлге оранып тұрғандай болады. Міне, осындай сұлу табиғатқа  қарамастан Индия жазушысы Кришан  Чандр: Индия табиғаты жасай алмаған ғажап гүлді халықтың өзі тастан ойып  жасады, ол – Тадж-Махал! Табиғаттың  Тадж-Махал ұқсас нәрсені жасауы мүмкін бе екен! – дейді.

Табиғат жасай алмаған сұлулықты  адам ғана жасай алады. Индия халқы өзінің еңбексүйгіштігі, өнерпаздығы, іскерлігі арқасында мәдениет ескерткіштерін  жасаған. Бұларды халқы аса құрметтеп  ұстайды, мақтан етеді.

Әдебиет пен  искусство қай халықтың болса да рухани азығы, мақтанышы, өз  мұрасы саналады. Индиядағы ұлт-азаттық қозғалы­сының жаршысы болған атақты  жазушылар Рабиндрат Тагор, Банкима Чандра Чаттерджи, Прем Чандтан бастап,  кәзіргі Мулк Радж Ананд, Кришан Чандр, Х. Аббас шығармаларына дейінгі әдебиет  халықты бостандыққа, мәдениетке, жарқын болашаққа шақырған прогресшіл  идеяға толы.

Индияда әдебиеттен кейін өскен өнердің  бірі – киноискусство. Индия картиналары өзінің қызықтылығымен, артистерінің  шебер ойынымен, жүрекке жылы тиетін  тамаша музыкасымен, қолдан жасалмай, табиғаттың өз көріністерінен алынған бай  декорациясымен тартымды көрінеді.

Бұл елде опералық, балеттік, эстрадалық искусствоның өркендеуі ойдағыдай  емес, бірақ мұның есесіне сонша көп халықтың екіден бірі би билеп, ән салып  бере алады.

Біз совет артистері бұл елге бишілердің  бүкілиндиялық фести­валі өтіп жатқан кезде бардық.

Индияда би искусствосының өскенін көрдік. Олардың биі өте қызу, жігерлі, көңілді болады екен. Би өнерінен халықтың көңіл­ділігін, қызу қанды, шыйрақ жігерлілігін аңғаруға болады. Биге  би­ші­нің қолы, аяғы ғана қатысып қоймай, бүкіл денесі, бет пішіні, мой­ны, тіпті қолдың әрбір  саусағы, аяқтарының  жүзік салған әр­бір паш­пайы қатысады. Бидегі осы қызулық лирикалық сазбен  ұштасады.

«Су басында» деген биге жеті жігіт,  жеті қыз қатысады. Бұл жерде су – махаббат шөлін басатын шипалы  астай  бейнелейді де, шөлдеген жеті жігіт, құмырамен су алып жатқан жеті қызға кездеседі. Би осылардың түсінісуімен аяқталады. Бидегі әрбір қыймыл жеке сөзді, ойды, қыялды бейнелейді. «Егін жыйнау» деген биден халықтың еңбек сүйгіштігін  көруге болады.

Индия жеріндегі ормандарда жабайы  аңдар көп. Міне, осы аң­дардан қорғануды бейнелейтін «Аңмен айқас» деген биде адамның ерлігі, оның қандай күшті аңнан  болса да айласымен артық түсетіндігі  көрсетіледі. Осы бидің аяғы жолбарысты бағындырған адамның жеңісімен бітеді, мұның өзі ержүректілікті, батырлықты бейнелеген жігерлі халықтың тұрмысынан  мағлұмат береді.

Осы билердің қай-қайсысын болса да, ешқандай қосымша түсінікті керек етпей-ақ, ақаусыз түсініп отыруға болады. Демек, Индия билері нағыз өмірден. Халықтың тұрмысынан алынған. Өмірді шынайы бейнелей білген искусство ғана әрі түсінікті, әрі өмірлі болмақ.

Тағы да қайталап айтуға болады, Индияда ән салып, би биле­мейтін адам кемде-кем. Ондағылар көңілді, өнер сүйгіш, өнер адамын сыйлағыш, әрбір елдің өнерін, дәстүрін қадірлейді.

Индия искусствосының көп түрі біздің  туысқан республикаларымыз – Тәжік, Өзбек искусствосына ұқсайды, әсіресе,  әні мен биі – үндес, ритмдес.

Өзі өнер жасаған, өнерпаз халық басқа елдің өнерін, искусство­сын көруге, үйренуге құштар. Индия халқы совет артистерін қуа­нышпен қарсы алды.

Делиге келгеннен кейін Индия жазушысы Нагибтен хат алдым. Ол хатында бір кезде біздің елге келгенде менен жазып алған «Маржан қыз» әнін үйренгенін, оны тағы да тыңдағысы келе­тінін айтыпты. Ол хатының соңында «Совет еліндегі әрбір үйдің тере­зесінен ішіне түскен  күн сәулесі бейбітшілік құсының бейнесі арқылы түседі» депті. (Ол мұнда терезеге ұсталған тордағы бей­бітшілік құсы – көгершіннің суретін айтып отыр).

Мен Индияда болған концерттерде  халық әндері «Ақаукерім», «Жайдарман», «Ах, Самара қаласы», Е.Г. Брусиловскийдің «Қыз қыялы», «Партия қайда болса, жеңіс сонда», Л.Хамидидің «Қазақ вальсі», В.Б.Байқадамовтың «Домбыра» әндерін орындадым. Бұл әндерді олар құмарта тыңдады, сүйсіне қабылдады. Әсіресе, Делидегі халықаралық көрмеге келген көп халық орыстың және қазақтың  халық әндерін ұзақ қол соғып, жылы қарсы алды. Біреулер бұл әндердің кейбірін Совет Одағында болғанда концерттен  тыңдап, радиодан естігенін айтты.

Осы концертте Индияның «Жүрегімді ұрладың» деген халық әнін орындадым. Москвадан Делиге шығар алдында асығыс  үйренген бұл әнді халық қайта-қайта сұрап айтқызды. Енді бір концертте «Сіз бұл әнді салғанда Индияның ұлттық костюмін киіп тұрсаңыз, сондай  жарасар еді» деп, үстіме тыңдаушылар Индия  әйелдерінің ұлттық костюмін әкеп жапты.

– Міне, енді сіз, осы әнді салып тұрғанда, нағыз индианка сыяқ­­- т­ы­с­ыз, –деді.

Индияның бір жас әншісі Чандр менен «Жайдарман», «Қыз қыялы» әндерінің текстерін жазып алып, музыкасын үйренді. Ол Москвада болатын бүкіл дүние жүзі жастарының фестиваліне келгенде осы әндерді орындамақ.

Мен осы әншіге:

– Сіз де маған Индияның әнін үйретіңіз – дедім.

Ол қуанып кетті.

Чандр маған өз халқының сүйікті әндерінің бірі — «Алыстан келген қонағым» деген халық әнін үйретті. Бұл әнді осы жылғы репертуарыма енгіземін ғой деп ойлаймын.

Индия республикасының премьер-министрі Джавахарлал Нерудің қызы Индира Гандидің үйінде болған қонақасыда көзіне көзілдірік киген, толықша келген, орта жастардағы бір әйел болды. Осы кісі қонақасының орта кезінде маған келіп:

– Қызым, сенің дауысыңды тағы да бір естігім келіп отыр. Қыйын болмаса бір ән салып жіберсеңіз! – деді.

– Қыйындығы сол – бұл жерде сүйемелдейтін музыкалық аспап жоқ қой! – дедім мен.

– Достар алдында, сүйемелдеусіз салғанның өзі жақсы болады! – деді ол.

Мен дастархан үстінде отырып, «Жайдарман» әнін салдым. Ол кісі қыйналсам да, сөзін қайтармағаныма риза болды білем, бір шоқ қызыл роза гүлін әкеліп қолыма ұстатты. Осы гүлдің, достық гүлінің бір жапырағы оқып жүрген кітабымның арасында әлі сақтаулы тұр.

Бұл, маған ән салғызып, гүл ұсынған Дж. Нерудің қарындасы, Индияның көрнекті қоғам қайраткері Рамешвари Неру еді.

Индия жұртшылығы орыс әншісі Т.Сорокинаның, Украина әншісі Е.Чавдардың, өзбек бишісі Г. Маваеваның, акробатика шеберлері М.Птицин мен Р. Калачева және ағайынды Ворониндердің өнерін сүйсіне көрді.

Екі ел арасындағы ән достығы осылай басталды.

Индияда болған достық кездесудің бірінде өз елінің аса үлкен қоғам қайраткері, халықаралық Сталиндік сыйлықтың лауреаты, доктор Сайфуддин Китчлуді көрдім. Ол өзін Москва жұртшы­лы­ғының қалай қарсы алғанын әңгімеледі.

– Мен осы күнге дейін Москва халқының, ғалымдары мен жазушыларының мені қалайша құрметтеп қарсы алғанын тіл жеткізіп айта алмаймын. Қандай меймандос ел десеңізші, сіздің ел!

– Біздің еліміз сіздермен ертеден дос, – деді С.Китчлу. – Октябрь революциясы біздің елімізді бостандық алуға рухтандырды. Бостандыққа ұмтылған халықты ағылшын империалистері Амрит­сареде жаппай қырғынға ұшыратты. Данышпан Ленин осы қырғын­ды айыптаған мақала жазды. Біз ондағы айтылған сөздерді жатқа айта аламыз. Осы сыяқты 1928 жылы Мадраста совет еліне қарсы ешқандай соғыс ашпаймыз, соғыс өртін салушыларға ермейміз деген бейбітшілік хатын жолдағанбыз. Біздің достығымыз кәзір бұрынғыдан да нығайып кетті.

Индия халқы совет әдебиетін сүйіп оқыйды. Ондағы студенттер, ғалымдар, ақын-жазушылар Горькийді, Маяковскийді, Тихоновты, Шолоховты, Сурковты, Әуезовті, Мұқановты, Тұрсын-Задені жақсы біледі. Дели университетінің орыс тілі факультеті совет әдебиеті мен искусствосын Индия халқына таныстырудың үлкен орталығы болып отыр.

Заманымыздың ұлы жазушысы Алексей Максимович Горькийдің «Ана» романы бойынша Бенгалияда бұдан ондаған жылдар бұрын постановка қойылуы кездейсоқ нәрсе емес. Индияның қоғам қай­раткері журналист Синх Горькиймен Италияда кездескенін айтты. Горький оған көп кеңес беріп, ақыл айтқан. Синх орысша жақсы сөйлейді.

Индияның белгілі жазушысы, «Революция» атты романның авторы X.А.Аббас совет сценарисі Папавамен бірігіп, XV ғасырдағы орыс саяхатшысы, Индия еліне тұңғыш барған Афанасий Никитин туралы киносценарий жазып жатыр.

Москвада Индияның қолөнері искусствосының тамаша көрмесі ашылды.

Міне, мұның бәрі екі ұлы мемлекеттің – Индия мен Совет Одағы арасындағы достықтың бұрынғыдан да нығая түскенін көрсетеді. Осы достық экономикалық қарым-қатынастарда да, сондай-ақ мәде­ниет, искусство, ғылым-техника жағынан да нығайып, өсіп келеді.

Осы шағын мақаланы аяқтар алдында менің Чандрдың айтқан сөзін еске түсіргім келеді. Ол достық туралы айтқанда дүниедегі ең биік тау Гималайды еске алды.

– Біз кәзір «дүние шатыры» атанған осы таудың асқарынан асып жатқан достық үндері, Индия жерінде металлургия заводын салып жатқан достық көмекті, шырқай салған достық әндерді естиміз, деді ол.

Шынында да екі ұлы елдің арасындағы достық байланыс, қарым-қатынас үшін Гималай бұрынғыдай биік, бөгет болмай қалды.

 

Жазып алған С.БАҚБЕРГЕНОВ

«Социалистік Қазақстан», 1956 жыл, 12 ақпан