1941 жылы Еуропаның Неман өзені өткелі маңында қоршауда қалып, тұтқынға түскен қарапайым қазақ жауынгері, Жайық бойындағы шағын ауылдың тумасы Сейілхан Ғабдуллиннің 1939 жылы Алматыдан басталған әскери жолы оны Прен, Каунас, Саксония, Дрезден маңындағы Буханвальд лагерьлеріне, ең ақыры Бельгияның Цварцбергтегі көмір шахтасына дейін жеткізген екен.
Сөйтіп Екінші дүниежүзілік соғыстың бүкіл азапты жылдарын бір адамдай-ақ басынан өткерген, ақырында 1944 жылы 4 сәуірде Бельгияның жерастындағы шахтасынан көмір тиеген вагонеткамен қашып шыққан Сейілхан Ғабдуллин бостандыққа жеттім-ау деп кеудені кере бір демалғанымен де қасіретті бұл жолдың Қазақ елі тәуелсіздікке жеткен 1991 жылға дейін созылатынын «506885» нөмірлі тұтқын ойламаған да шығар.
Міне, сол бостандық аспанын алғаш көрген, өзі одақтастар әскерінен құрамындағы Америка жауынгерлерімен бірге азат еткен ел – Бельгия Корольдігі қарт жауынгерді көзінің тірісінде бірнеше рет қуантты. Алғаш рет 1998 жылы 6 қазанда жолданған Опглаббеек қаласының Думасы және қала мэріне қарасты бөлімнің бастығы хат арқылы 1944 жылы 28 қыркүйекте өз қаласын азат еткені үшін шын ниеттен алғыс айтып хат жолдады.
Одан соң Жеңістің 60 жылдығына орай 2005 жылы 12 сәуірде сол Опглаббеек қаласының мэрі Бенни Спреуверс осындай мазмұнда алғысы мен сыйлығын жолдап, оны сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Досжан Меңдігереев екеуміз табыстап, қуантқанымызды ерекше мәртебе санаймыз. Өйткені қарт жауынгерді өзі қорғап, қанын төккен Кеңес Одағы Сталиннің қанды №217 бұйрығынан аса алмай, туған жерінде жүрсе де мұндай аз-маз қуаныштарды да оған қимаған еді. Осы жайлардың барлығын жазып, Бельгияның Қазақстандағы елшілігіне хат жолдаған, бүгінде Ақтауда тұратын майдангердің ұлы Қажымұрат Хайрушовтың еңбегі еш кетпеді.
Корольдіктің өкілі 2019 жылдың 4 қазанында Атырау облысы Индер ауданы топырағына табан тигізіп, Елтай ауылындағы сержант Сейілхан Ғабдуллин бейітіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Себебі бұл елдің, соның ішінде қаланың азат етілгеніне 2019 жылғы қыркүйекте 75 жыл толған екен.
Шетелдік қонақты Атырау облысы Индер ауданы әкімі Мейірім Қалауи қабылдап, еліміздің бостандығы мен тұтастығын қорғауға қатысқан ұлттық батырлары – Сырым, Исатай-Махамбет, Жиембет, Малайсары, Мұрат жортқан даланың бүгінгі тынысымен таныстырды.
Елші Алекси де Кромбрюгхе де Пикендальдің атасы мен әкесі де осы шахтада жұмыс істеп, өзінің балалық шағы Сейілхан ағамыздың соғыс жылдарында партизандық құрған аймақта өтіпті. Бұл туралы елші мырзаның өзі жаңа мәдениет үйінде аудан халқымен ашық-жарқын кездесуде ерекше толғаныспен әңгімеледі. Өйткені сол бір соғыстың салдарынан бұл елде де көптеген жанның өмірі қиылып, отбасылар шаңырағы ортасына түскен.
Осындай ыстық ықыласқа толы кездесуге себепші болған майдангердің үлкен ұлы Қажымұрат әділетсіздіктің құрбаны болған әке рухын ардақтап, екі тілде басылған «Қилы тағдыр» (А.Жұмашұлы мен Н.Дүкенбай) атты қос кітап пен деректі фильм шығарған.
«Азаптан қашып шыққан әкем жат жерде жүргендіктен оған үстіндегі түрме киімін жедел ауыстыру жеңілге түспепті. Содан орманда тұратын бір қарт ерлі-зайыптылар көмектесіп, ескі де болса өздерінің барын кигізген екен. Әкем қашқын жауынгерге қамқорлық көрсетіп, елге оралуына жағдай жасаған бельгиялық отбасына өмір-бақи қарыздармын деп өтті. Мен әкемнің оларды қалайда тауып, алғыс айтуым керек деген тілегін есімнен шығармай көп жұмыстандым. Бірақ табу мүмкін болмады. Елші мырза, бүгін сізге қазақы ішік кигізіп, сол әке алдындағы парыздан құтылғым келеді» деп, Қажекең қонақты ортаға шақырып, сый көрсетті. Оның жұбайына да ұлттық киім ұсынды.
Негізі жауынгер әрі партизан Сейілхан Ғабдуллин жүріп өткен Опглаббеек, Боверлоо, Солтүстік Франциядағы Сант-Аманд, Марсель, Италияның Сицилия, Сардиния, Мрамор теңізімен Түркия арқылы Қара теңіз, Одесса жолдарының барлығы бүгінде ертегі сияқты. Бірақ бұл қолға түскен, одан қашып шығып, Қарсыласу майданында соғысқан жауынгер қазақ жігітінің азапты жолы болса да, оның сонша қиындыққа төзіп, өнегелі өмір иесі атануының өзі ерлік еді. Өйткені жау қолына түскен тұтқын ретінде сенімсіздік танытып, қадағалап отырған Кеңес Одағы кезінде оның табысты еңбек етіп, ұрпақ тәрбиелеуі кім-кімді де таңдандырмай қоймайды.
Мұңды естелікке толы жылы жүздесудің соңында Сейілхан Ғабдуллиннің бүгінгі ұрпағы Күләш, Қажымұрат, Марат, Зияш, Мұхит, Әліптен тараған немере-жиен, шөберелер ортаға шыққанда, Аллам көпсінбесін, тіпті сахнаға сыймай кетті. Бұл бір толғанысты жағдай жиналған қауымға, соның ішінде шетелдік қонақтарға ерекше әсер етті. Сол арада елші мырза «мен сізді жақсы көріп кеттім» деп ағынан жарылып, ағамызға ризашылықпен қолын ұсынды.
Осы әсерлі кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеп Нұриев, ауданның Құрметті азаматы Бағыт Еңсепов естеліктер айтып, кент тұрғыны Амантай Қаженов екі ел арасында байланыс, соның ішінде Индербор мен Опглаббеек бауырлас қалалар болса қайтеді деген ойын жеткізді. Бұл сауалдарға елші ықыласпен жауап беріп, өзін жылы қабылдаған барша халыққа алғысын жаудырды.
Сөйтіп сонау соғыс жылдарындағы қазақ жауынгерінің ұрпағы алыстан келген қонақты шынайы ықылас-ниетпен қарсы алып, риза етті. Бұл – 1944 жылғы майдан даласындағы достық пен сыйластықтың шуағы осы күнге де тарағанының көрінісі.
Сүйеу ХАЛЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Атырау облысы,
Индер ауданы