Руханият • 02 Наурыз, 2020

Қазақ елі – бойтұмарымыз

304 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мен 1947 жылы қазіргі Ека­тер­инбург облысы Камень-Уральск (Ресей) деген қалада өмірге келдім. Анам Мария Павлова мен әкем Иван Петрович еңбек армиясында болған, Беларусь елінен осы жаққа жіберілген, кейін 54-жылдары тың игеру кезінде Павлодарға, Ертіс ауданына келеді.

Қазақ елі – бойтұмарымыз

Біз – нағыз қазақстандықтармыз. Жолдасым екеуміз қазір балала­рым­ыз, немерелеріміздің қызы­ғын көрудеміз. Өзім мұғалім маман­ды­ғын алып, Кеңес өкіметі кезінен облыс орталығындағы оқу-білім бөлімдерінде қызмет еттім. Одан кейін қоғамдық жұмыстарға араласып, Достық үйіндегі Беларус этномәдени орталығының қалып­та­сып, өсіп-өркендеуіне үлес қосып келемін.

Әлі есімде, 2012 жылы «Дүние­жүзі­ндегі беларусьтардың өнері мен мәдениетінің» фести­ва­ліне біздің елі­міздің атынан қазақстандық беларусьтар қатыстық. Сонда бәрі­міз «Сәлем саған, туған жер!», «Толғау», «Өз елім», «Саржайлау» атты патриоттық әндерді қазақ ті­лін­­де шырқадық.

Ал Минскінің техникалық уни­вер­ситетінде Абай мәдениет және тіл орталығы ашылып, №42 мектепке Мұхтар Әуезовтің есімі берілген.

Павлодардағы Беларусь этно­мә­де­ни орталығы Минскідегі қазақ диаспорасымен тұрақты байланыста. Беларусь елінің елшілігімен, Білім және Сыртқы істер министрлігімен тығыз қарым-қатынас орнатқанбыз. Мен – Беларусь елі Сыртқы істер ми­нистрлігі консультативтік кеңе­сі­нің мүшесімін. Біздің еліміздің елшілігі ұсынған, ал 17 жыл бұрын құрылған бірлестігіміз «Қазақстан беларусьтары қауымдастығының» құрамына енеді.

Беларусь этномәдени орталығын 2003 жылдан бері басқарып ке­ле­мін. Орталықта «Карамель», «Кры­ни­цы», «Жаураначак», «Пралески», «Свитанак», «Надзея» ансамбльдері және «Дабранач» вокалды-аспап­тар ансамблі бар. Бірлестікте алқа кеңесі, әртүрлі бөлім, беларусь ардагерлер кеңесі, жастар қанаты, «Крыницы» жастар вокалды ұжы­мы, «Жаураначак» би ұжымы, «Пада­рунки» театр студия­сы, қасық­тар ансамблі, «Истоки» жас­тар клубы, «Беларусачка» әйелдер клубы жұмыс істейді.

Орталық халықтық салт-дәстүр­лер­ді ұдайы жаңғыртып отыр. Өңір­де­гі беларусьтер тұратын ауылдарға барып, этнографиялық экспедиция жұмыстары жалғасын табуда. Қазір «Көктемді шақыру» – «Гукание весны» беларусь халқының көктем мерекесіне дайындалып жатырмыз. Наурыз секілді жаңару, табиғаттың жаңғыруы ғой. «Гукание» – құстар келіп, көктемді өз қанаттарымен әкеледі деген сенім. Мереке 14 нау­рыз­дан басталып, көктем айларында тойланады.

Әрине өзімді бақытты санай­мын. Қазақ жерінде, осы елде
ту­ып-өстім. Қазақстандықпыз деп мақтанамыз. Бізді бауырына бас­­қан қазақ халқына мың алғыс дейміз. Осы жер, осы ел – біздің бой­тұма­ры­мыздай.

Тіпті, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­пен тікелей бетпе-бет жүздесу бақыты бірнеше рет бұйырды. Бір жылы Қазақстан халқының бірлігі күніне орай салтанатты жиын өтті. Елбасы кеш соңында делегаттарға жақындап, әрқайсымызбен амандасып шықты. Кезек маған келгенде өзімді таныстырайын деп едім, Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мен білемін, сен павлодарлық беларуссың!», дегендегі қуанышымды көрсеңіз. Адамның алақаны көп нәрседен сыр шертеді. Өз басым Елбасымен амандасып, қолын алғанда бойынан сенімділік, жылулық сездім. Сол жылылық қазақ еліне, жеріне тарап жатқандай...

 

Любовь Богнат,

«Беларусь» этномәдени орталығының төрағасы

 

Павлодар облысы