Шырғасына толып көктеген Ақпамбет байдың «сен тұр, мен атайын» дейтұғын бірінен бірі өткен көкжал алты ұлы болыпты. Алты ұлдың арасындағы ажарына тәмам ел сүйсінген, бұлықсып өскен жалғыз қыз – Айсары. Жалғыз сыртқы сұлулық емес, ішкі жан-дүниесі де мөп-мөлдір. Байдың қызы болса да, тәкаппарлығы жоқ, барынша қарапайым.
Айсары сұлуға кімнің көңілі құламаған? Осы елде Шорман есімді жас жігіт болады. Бар айыбы шыр бітпеген қасқа кедейдің ұрпағы. Жаратқанның жазуы сол шығар, Ақпамбет байдың жылқысын бағады. Шілдедегі қара қарғаның миы қайнайтын ыстыққа күйіп, ақпандағы атан түйені алып жығатын сақылдаған сары аязға тоңып, осы өлкедегі ақ қайыңның безіндей шымырланып өссе керек. Шорманның күші қос білегінде ғана емес, өнері де өзгеден артық. Көмейінен ән, саусағынан күй төгіледі. Өзі керемет аңшы. Дала сырын жастайынан жаттап өскен жас ұланның қанжығасы құр қайтқан кезі жоқ. Мына ғажапты қараңыз, жігіттің төресіне Айсары ғашық. Шорман бірде аңға аттанып бара жатқанда, Айсары сұлу оның жолына түюлі орамалын тастап кетеді. Орамалды көзі шалып қалған Шорман «бұл не белгі болды екен?!» деп ат үстінен іліп алады. Зейін салып қараса, ішіне бас бармақтың көлеміндей тас оралған екен. Шорман күні бойы он ойланып, жүз толғанып, ақыр соңында Айсары қыздың жүрегінің түкпірінде тас боп қатқан бір сыр бар екен деген ойға келеді. Ақыры екі жас тіл табысады.
– Әкемнің айттырған жеріне барғым келмейді. Сен үшін басымды бәйгеге тігемін, – дейді Айсары сұлу.
Шорманның да күткені осы ғой. Мың жылқының ішінен ұшқан құсты аузымен тістейтін Көкмойнақ пен Шабдаразбанды ұстап алып, Көкшетауға бет түземек. Қалаға маңдай тіресе, теңдік бермей кететініне сенеді.
Уәделі күні жылқы ішінен Көкмойнақты таба алмай қалады. Шабдарға Айсарыны мінгізіп, өзі бір желқуық жарау атқа мініп, «Көкшетау қайдасың?!» деп жөнеп бермей ме? Ақпамбет байдың үйі Айсарының жоқтығын таң атқанда бір-ақ аңғарады. Сөйтсе, Шорман да жоқ екен. Жылқы ішіндегі Шабдар ат та жоқ. Ақпамбет бай қашқындардың сорабын шығармақшы болып, төңіректегі бақсы-балгерлерді шақырады. Солардың бірі жаңа сойылған қойдың жауырынына қарап отырып:
– Мырза, балалардың соңынан қумақшысыз ғой, бірақ, жолдарыңыз бола қоймайды-ау. Күйініп барып, күңіреніп қайтасыздар, – десе керек.
Бұл кезде қос ғашық Ақкөлге атбасын тірейді. Соңынан ерген қуғыншының қарасы көрінбейді. Шорман қанжығаға байланған домбырасын шешіп алып, әуелете ән салады. Масайраған махаббат әні. Көгілдір Көкшенің адыр-қыраты, еңісі мен биігі, көгілдір нұрға малынған көк орманы бірге ән салып тұрғандай. Ғашықтықтан тал бойы қорғасындай балқыған жас жігіттің салған әнін самал жел іліп алып, көзжетпес кеңістікке таратып жатқандай.
Енді аттанып кеткенде шетінен жарау, жүйрік атқа мінген қуғыншылар да таяп қалады. Олар да мынау ғажап әнді естиді. Ән сазына қатыгез жүрек, кекті пейіл жібіген дейді. Мынандай бір-біріне ғашық адамдарды ажыратуға бола ма? Ажыратқан адам оңа ма? Атбасын кейін бұрыпты. Елге барғанда айтқан уәждері, «жердің жыртығына түсіп кеткен шығар, таба алмадық» болыпты.
Іле-шала бұрынғыдан да қаһарлы екінші топ аттанған. Олар із кесіп жүріп шабдар аттың болат тұяғынан таңбаланған өзгеше сұлбаны табады. Топ ішінде Айсарының ағалары да бар. Бөрілі деген жерде жетіп-ақ қалады. Бұл кезде екі ғашық Бұландының қалың ормандарының етегіне жеткен. Енді бір қозыкөш жер жүрсе, ит тұмсығы өтпейтін қалың орманның қойнына сіңіп кетпек. Күні бойғы суыт жүрістен шалдыққан қос жүйрік барлығып қалғандай. Осы сәтте даланы дүбірге бөлеген қуғыншының қарасыны көрінеді. Қуғыншының құтқармасы анық, қос ғашықтың құтылмасы белгілі.
– Шорман, Шабдар атқа сен мін, артыңа қарама, – дейді Айсары, – қуып келе жатқандар менің ағаларым ғой, өлтіре қоймас.
– Жоқ! – дейді Шорман, – не көрсек те бірге көрейік.
Қуғыншылар да жеткен. Ат үстінде садағын шірене тартқан ағасына:
– Ағатай, оның еш кінәсі жоқ. Шорман мені алып қашып келе жатқан жоқ, оны мен алып қашып келе жатырмын, – деп Айсары шырылдайды.
Жақтан ажал аңсап атылған сұр жебе Шорманның жауырынының астына қадалды дейді. Мұны көріп жан дауысы шығып ұмтылған арудың аққу мойнына қыл арқан түседі. Міне, аңыздағы өкінішті, аянышты оқиғаның сорабы осындай.
Қос ғашықтың махаббат мұңы туған жердің топырағында өшпестей болып таңбаланған. Үкілі, Моншақты, Домбыралы, Бөрілі, Бұланды, Көксеңгір, Құлаайғыр, Шабдаразбан дейтұғын жер атаулары осы аңыздан алынған. Әрқайсысы дастанның бір-бір тараулары.