Бірақ биылғы қар түсімі соңғы жарты ғасырдағы ең көп мөлшерде болғаны айтылуда. Бұл ғаламдық жылынудың әсері байтақ сақараға жеткенін, ширек ғасыр бұрынғы елорда микроклиматының өзгеруі туралы болжамдар ақиқатқа айнала бастағанын байқата ма?
Соңғы уақытта ғаламдық жылынудың көріністері жиі байқалады. Айталық ғалымдар биыл Антарктидадағы ең жоғары температураны тіркеді. Ақпан айының орта шенінде мұзды материктің ауа температурасы 20,75 градусқа дейін көтерілді. Алайда ғалымдар аталған көрсеткіштің ұзақ мерзімді зерттеудің аясына жатпайтынын, ғаламдық жылынуға қатысы жоғын айтса да, БҰҰ-ның мәліметі бойынша соңғы онжылдықтың аталған құрлық үшін ең жылы кезең болуы, айсбергтердің еруінің жылдамдауы әлемде мұхит деңгейінің көтерілуіне, құрлыққа жақын және аралдардағы елді мекендерді су басу қаупіне алып келуі мүмкін екені жиі айтылады.
Иә, ғаламдық жылынудың қозғаушы күші – өндірістік және парниктік газдардың шектен тыс шығарылымы. Бұл орайда әлемдегі кейбір азулы елдердің өзі Париж конвенциясының талаптарын орындаудан саналы түрде бас тартып отырғаны рас. Тіпті швед оқушысы Грета Тунберг сияқты экология белсендісінің үндеуін де алпауыт АҚШ-тың билігі экономикалық негізде қолдамайтынын түсіндіріп берді. Әрине қазір жаңғырмалы қуат көздері қолданысқа еніп жатқанымен, оның күллі экономиканы қамти алмайтыны түсінікті. Сондықтан әзірге сөз бен істің арасы алшақ.
Десе де, жуырда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ-тің 40-тан аса халықаралық сарапшыдан құралған Lancet комиссиясы «Әлем балалары үшін болашақ қандай болмақ?» атты баяндамасын жариялады. Осы құжатта әр баланың денсаулығы мен болашағына қауіп төндіретін көптеген келеңсіздіктің қатарында қоршаған ортаның нашарлауы мен климаттың өзгеруі туралы айтылуы бекер емес. Комиссияның тең төрағасы Хелен Кларк табыс деңгейі орташа және төмен елдерде 5 жасқа дейінгі 250 млн баланың өзінің даму әлеуетін іске асыра алмай отырғанын мәлімдеді. Бірақ әлемде әр баланың климаттың өзгеруі мен коммерциялық қысымның салдарынан туындаған өмір сүру қаупіне тап болғаны одан бетер алаңдатады. Мысалы, кедей елдер балалары үшін саламатты өмір сүруді қамтамасыз етуі тиіс болса, бай елдердегі көмірқышқыл газы шығарылу үлесінің шамадан тыс көптігі планетаның барлық балаларының болашағына қауіп төндіріп отыр.
Осы орайда Париж келісімін 2016 жылы ратификациялаған ел ретінде Қазақстан 2030 жылға қарай инновациялық шешімдер арқылы парниктік газдардың шығарындыларын 15 пайызға қысқартуға міндеттелген-ді. Еліміздің Экология министрлігі ауаның негізгі ластаушылары көлік пен энергетика салалары екенін айтады. Қазақстан бұл орайда орман алқабын ұлғайту арқылы күресуді мақсат тұтып отыр. Сарапшылардың бағалауына сүйенсек, еліміздегі орман көлемі 718,3 млн тоннадан астам көмірқышқыл газын сіңіреді. Орман алқабының 4,6 пайыздан 5 пайызға дейін артуы қосымша 3 млн-ға жуық көмірқышқыл газын сіңіруге жол ашпақ.
«Әр істің қайыры бар» дейді қазақ. Күллі әлемді дүрбелеңге салған коронавирус індетінің таралуы Қытайдың осыған дейін сын көтермей келген экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етіп отыр. Уханьдағы індет ошағына қатысты ел билігі қаланы жауып, карантин жариялағандықтан соңғы айларда бүкіл көлік қатынасы, жергілікті кәсіпорындар қызметін шектегені белгілі. NASA мамандары спутниктік түсірілімдер арқылы осы жағдайдың Уханьдағы экологиялық ахуалды алғаш рет айтарлықтай оңалтқанын айтады. Яғни 1-20 қаңтар аралығында алынған түсірілімдер мен карантин енгізілген 10-25 ақпан аралығындағы ғарыштан түсірілген суреттерде үлкен айырмашылық бар. Бұрын бұл кезеңде қоршаған ортаның ластануы қытай Жаңа жылының мерекеленуіне қатысты төмендейтін. Алайда биылғы көрсеткіштер бұрынғы жағдайдан 10-30 пайызға дейін төмендегені байқалған.
Осы жағдайдың өзі өндіріс пен көлік қозғалысын шектеудің қаншалықты нәтижелілігін көрсетіп тұрған жоқ па?!