Футбол • 05 Наурыз, 2020

Ұлттар лигасының екінші маусымы

422 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Нидерланд астанасы Амстердамда футболдан Ұлттар ли­гасының 2020/2021 жылғы маусымының жеребесі тартылды. «С» лигасының 4-тобына түскен Қазақстан ұлттық құрамасы Албания, Беларусь және Литва құрамаларымен ойнайтын болды.

Ұлттар лигасының екінші маусымы

Былтырғы маусымда «D» лигасында өнер көрсеткен Қа­зақ­стан ұлттық құрамасы турнир­дің жаңа ережесі бойын­ша биыл «С» лигасында ойнауға мүм­кіндік алды. Бізге қарсылас атан­ған жоғарыдағы үш құрама да қазақстандық футбол жан­күйер­леріне жақсы таныс. Себебі әр жылдары Қазақстан құра­ма­сы Албания, Беларусь және Лит­ва футболшыларымен жасыл алаңда кездескен. Енді қар­сылас­тарымызға жеке-жеке тоқ­талып, мүмкіндіктерін саралап көрейік.

Жеребеге сәйкес, Қазақстан Ұлттар лигасындағы алғашқы ойы­нын сырт алаңда Балтық жағалауында орналасқан Литва құрамасымен өткізеді. Екі елдің футболшылары бүгінге дейін бір ғана матч өткізген. Оның өзі – жол­дастық кездесу. 2014 жы­­­лы Анталияда өткен ойында екі құ­рама 1:1 есебімен тең тар­қас­қан. Матчтың 5-минутында Ге­­ди­минас Вичюс есепті ашса, 69-минутта Нұрбол Жұмасқалиев гол соғып, ұлттық құраманы же­­ңілістен құтқарып қалды. Сон­­дай-ақ бұл матч сол кездегі Қа­зақ­стан құрамасының бас бап­кері Юрий Красножан үшін де алғашқы ойыны еді.

Сондай-ақ жерлестеріміз 2020 жылғы алғашқы ойынын дәл осы болашақ қарсыластары Литва құрамасына қарсы жолдастық кездесу өткізуден бастайтынын айта кеткен жөн. Матч 27 наурызда Алма­тыдағы Орталық стадионда болады. Қазіргі таңда Лит­ва құрамасы ФИФА рей­тингінде 131-орында тұр. Қарымта ойын қарашада Қазақстанда өтеді.

Беларусь пен Қазақ­стан құра­масының футболшылары бүгінге де­йін жасыл алаңда үш рет жолықты. Оның екеуі рес­ми матч болса, бі­реуі – жол­дас­тық кездесу. 2010 жыл­ғы әлем чемпионатының ірік­теу ке­зе­ңінде бір топта сынға түс­кен екі құраманың ең алғашқы «та­ныстығы» 2009 жылы бастал­ды. 1 сәуірде Алматыдағы Орта­лық стадионда өткен ойын­ның бірінші таймында жерлес­теріміз 1:0 нәтижесімен есепте алда тұрған-ды. Екінші таймда біздің футболшыларды не қыр­сық шалғаны белгісіз, айнал­дырған 16 минутта 4 гол өткізіп алды. Матч аяқталар тұста қонақ­тар тағы бір гол салып, 5:1 есе­бімен же­ңіп кетті.

Сол жылы қазан айында Берст­те өткен қарымта кездесуде біз­дің футболшылар алаң иеле­ріне еш қарсылық көрсете алмай, тағы да ірі есеппен жеңілді. Бұл жолы Беларусь құрамасы біздің қақпаға жауапсыз 4 гол соқты. Екі жеңілістен кейін жер­лестеріміз тек 2011 жылы Ан­талияда өт­кен жолдастық кездесуде ға­на тең ойнады. Матчтың ма­ңызы болмаса да, әзірге осы кездесудегі тең есепті көңілге медеу қыламыз. Ойынның 45-минутында Вячеслав Глеб пенальтиден гол соқса, 90-минутта Сергей Остапенко ұлттық құрамаға тең нәтижені сыйлады. Қорытынды есеп – 1:1.

Ұлттар лигасындағы екі құ­­ра­­маның алғашқы ойыны 7 қыр­күйекте Қазақстанда өт­се, қа­рымта матч қазан айы­на жос­парланған. Беларусь құ­ра­­­масы ФИФА рейтингінде 87-орында тұр. Ұлттар лигасы­ның 2018/19 маусымын­да Бела­русь футболшылары «D» ли­­га­сында б­і­рінші орын алып, би­ылғы Еу­ро­па чемпионатына жол­дама беретін ойынға қа­ты­суға мүмкіндік алды.

Топтағы соңғы қарсыласымыз – Албания құрамасы. Әзірге екі елдің футболшылары тарихта екі рет кездескен. Қазақстан мен Албания 2006 жылы Германияда өткен әлем чемпионатына іріктеу ке­зеңі аясын­да бір топқа түскен. Бұл Қазақстан құрама­сының 2004 жылы УЕФА құрамына кіргеннен кейінгі алғашқы халық­аралық тур­нирі еді. 2004 жылдың қазан айында Алматыда өткен ойында қонақтар 1:0 есебімен жеңіске жетті. 2005 жылы сырт алаң­дағы кездесуде де жерлес­те­ріміз қар­сыластарына жол бер­ді. Бұл жолғы матч 2:1 есе­бімен алаң ие­лерінің пайдасына ше­шіл­ді. Қазіргі таңда Ал­бания ФИФА рейтингінде 66-орында тұр. Рейтинг бойынша топ­тағы ең үздік құраманың бірі. Ұлттар лигасындағы екі құрама ара­сын­дағы бірінші матч қазан айында Қазақстанда, қарымта ойын қараша айында Албанияда өтпек.

Жалпы біздің топта бірінші орын үшін талас Қазақстан, Ал­­­бания және Беларусь құра­малары арасында өрбімек. Сон­дай-ақ Қа­зақ­стан – Беларусь арасындағы матчта «Астана» са­­пын­дағы бе­ларустық Иван Маевский мен Макс Эбонгтің рөлі үлкен бол­мақ. Өйткені екеуі де Қазақстан чемпионатында ойнайды және алғаш­қысы біздің футболшылардың мүмкіндігін жақсы біледі. Сонымен қатар қазіргі таңда Ұлттық құра­маның бас бапкері Михал Билек «Ас­та­наны» да жаттықтыратыны бел­гілі. Әйтсе де Билек мырза күз­ге дейін «Астана» сапындағы «тың­шы» футболшыларына бар тактикасын жайып салмай, бір бармағы бү­гулі жүретіні анық.

Биылғы ереже бойынша, Ұлттар лигасының финалдық матчы тек «А» лигасының же­ңім­­паздары арасында ғана ойналады. Өткен жылғы бәсекеде Португалия құрамасы Ұлттар лигасының тұңғыш жеңімпазы атанды. Финалда Нидерланд құрамасына қарсы ойнаған Пи­реней түбегі елінің футболшы­лары 1:0 есебімен жеңіске жет­кен-ді.

2014 жылы елордада өткен УЕФА-ның XXXVIII конгресінен кейін аталған ұйым футболдан Еуропа чемпионатының 60 жылдығын тойлау мақсатында осындай жаңа турнир енгізді. Ұлттар лигасының мақсаты – жолдастық кездесулерді ресми ойындарға ауыстыру арқылы ұлттық құрамалардың деңгейін дамыту, сонымен қатар деңгейі тең ұлттық құрамаларға бір-бі­рімен ойнауға мүмкіндік беру.

Еске сала кетейік, Ұлттар лига­сы­ның алғашқы маусымы­на Қазақстан құрамасы да қатыс­қан болатын. «D» лигасында Грузия, Латвия және Андорра құра­­маларымен бір топта бақ сына­ған жерлестеріміз алты ұпай жинап, екінші орын алған болатын. Ал топ жеңімпазы атан­ған Гру­зия құрамасы наурыз айының со­ңында Еуро-2020 тур­ниріне жолдама беретін жарысқа қатысуға мүмк­індік алды.