20 Тамыз, 2013

Әсима апа

527 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Атырау қаласының кең жайылма етегін қоныс еткен Әсима апам үйіне сәлем бере баратынмын. Сұңғақ бойлы, бар мейірімі жүзі мен көзінде тұнып қалған апамыз әдетінше айналып-толғанып, шараяқ толы шұбат ұсынатын. Сол шұбатпен бірге бойыңа ерекше бір жылу, жанға жайлы шуақ тарар еді. Үнсіз отырып апам жүзіне көз салатынмын. Сексен жасқа дейін облыстық сахналарда, небір шырайлы кештерде күй шалған жанның иілсе де жез қармақтай сынбаған қуаты тәнті ететін. Бар бейнетін бетіне әжім ғып жазып алған апам аулада отырып, бір сәт алысқа көз тігер-ді. Қоңыраулы керуендей қыр асып кеткен қыз дәуренін, қызықты жылдарын ойша қуалайды-ау, шамасы...

Атырау қаласының кең жайылма етегін қоныс еткен Әсима апам үйіне сәлем бере баратынмын. Сұңғақ бойлы, бар мейірімі жүзі мен көзінде тұнып қалған апамыз әдетінше айналып-толғанып, шараяқ толы шұбат ұсынатын. Сол шұбатпен бірге бойыңа ерекше бір жылу, жанға жайлы шуақ тарар еді. Үнсіз отырып апам жүзіне көз салатынмын. Сексен жасқа дейін облыстық сахналарда, небір шырайлы кештерде күй шалған жанның иілсе де жез қармақтай сынбаған қуаты тәнті ететін. Бар бейнетін бетіне әжім ғып жазып алған апам аулада отырып, бір сәт алысқа көз тігер-ді. Қоңыраулы керуендей қыр асып кеткен қыз дәуренін, қызықты жылдарын ойша қуалайды-ау, шамасы...

Ондайда алдымен ойға оралары туған топырақтың киесі мен өзі өсіп-өнген шаңырақтың иесі – ата-анасы-дағы. Ата қонысы – әрісі Ақжонас еді. Бағзы заманғы Ноғайлының батыры Ер Тарғын ғашық болатын Ақжүніс ару ше? Қапияда қастық ойлайтын қарт Қожақ ше? Міне, сондай тарихи тұлғалар өмір сүріп, ат табаны мөрлеп кеткен өңір ғой бұл. Қошалақ пен Тарғын тауы, Орта қыр, берісі Қанішкенге дейін жалғасқан кең өлке. Жал-жал шағылы шыққан күннің шапағына шомылып, сары алтындай балқитын. Жусаны мен шағыры жайылған малды шаялатып тастайтын құйқалы жер. Осы өңірдің байырғы тұрғыны Қали есімді азаматтың шаңырағында апамыз жарық дүние есігін ашқан. Шыбынға шақтырмай өсірген жеті бірдей ұл-қызының үлкені өзі еді. Әкесі сауатты, колхоз төрағасы. Төрінен қонақ үзілмеген кең құшақ, өнерге бейім жан болған.

Өнер – киелі, ол ауыспайды, жұғыспайды. Қонады. Кішкене қызының домбыра үнін естісе елеңдей қалатынынан үміт еткен әкесі ықшамды, қалақтай ғып домбыра жасатып берген. Баһу деген ағайыны апамызға ән, күй үйретіп талабын ұштайды. Алғашқы ұстазына айналады.

– Шынашақтай шағыңызда қонған өнер сізді әлі күнге қос қолтығыңыздан демеп келеді. Әйгілі Дина шешемізбен жүздескен сәтіңізді еске түсіріңізші, – деймін сыр тартып.

– Жусан мен шағыр бүр жарып, шөп басы ауырлаған шақ- ау, деймін. Әйтеуір орақшылар қауырт іске кіріскен кез. Әкем ертеңді-кеш ат арқасында, мігір таппайтын, – деп апамның жүзіндегі әжімдері тарап, көзінде ерекше бір нұр оянды. – Бірінде әкем түс ауа ақ інгенге мінген бір кемпірлеу адамды ертіп келді. Тани кеттім. Дина шешем. Біздің үйде бұрын да болған. Қона жатып күй шерткен. Мұндай қуанбаспын. Аппақ кимешек, оның сыртынан қарқарадай ғып ақ шағала жаулық ораған. Кемісті қамзол киген. Өзі де ат жақты, сыптығыр, сұлу адам еді. Ақ інгенінің артқы өркеші найзадай тік. Ал, алдыңғы өркеші сәл имектеу. Соған аққаптал домбырасын жіппен іліп қойыпты. Осы көрініс көз алдымда өмірліктей боп басылып қалыпты. Жас баланың жады сорғыш сияқты ғой. Кейде сахнада күй тартып отырғанымда Дина шешемнің “Иә, пісімілла” деп ақ інгеннен түсіп жатқан сәті санамда сәулеленеді...      

– Қалижан, сенің үйіңнің көрпесі таза, ықыласы адал. “Қызыл отау” өтініш еткен соң колхозыңа әдейі бұрылдым. Орақшыларыңа кешке ойын қояйын. Еңбек адамы ғой. Аязға үсіп, күнге пісіп қайбір жетісіп жүр дейсің, – деп Дина шешеміз сол бекзат қалпы төрге жайғасыпты.

Әсима апамның айтуынша, қызыл шайға қанып, киіз үйдің іргесін түргізген әйгілі күйші аққаптал домбырасына қол созған. Іргедегі көрші-көлемнің кәрі-жасы қалмай түгел жиналған. – Біздің елде небір дәулескер күйшілер өткен. Кешегі Боғда, Ұзақ пен Дәулеткерейлер... Әрқайсысы соңына өлмес мұра тастап кетті. Ал, өзім ұстаз тұтқан Құрманғазының сарыны мүлде бөлек. Желге қарсы шарпыған өрттей еді. Күй үйреткенде толғақ қысқан тұмсадай боп отыратынмын, – деп өзінің “Қарт жігерін” бастайды. Күй бірте-бірте екпін алып, жан-дүниеңді түгел баурайды. Өткен күн, сүрген дәурен, опасыз дүние, оңғақ бақыт, бәрі-бәрі қарт жігердің қайрағында жанылады. Күйшінің салалы саусақтары әр дыбысты аялап сүйіп жатқа н. Тыңдағанның бәріне соңында күш беріп, қуат сыйлап, үзілмес үміттің жібек желісін ұстатқандай болады...   

Араға бір жыл салып Дина Нұрпейісова белгілі өнер иесі Смағұл Көшекбаевтың жол бастауымен Алматыға, атын күллі елімізге аңыз ғып таратқан ұлағатты сапарға аттанып кеткен еді. Әсима апам бәзбіреудей ұлы күйшіден бата алдым, алдында қалақтай домбырамды тарттым, демейді. Бірақ осы кездесу оның құлағына құдіретті сарынды қорғасын ғып құйып, өнердегі серігін қапысыз сайлап кеткені анық еді.

Соғыс өрті де басылған. Елге аман-есен оралған Салахатдин Ізмұхамбетов деген жігітпен көңіл жарастырды. Бұл 1947 жыл еді. Азаматы мектепте мұғалім. Ата-ене, әлі аяқтанбаған қайынсіңлілер мен қайны бар. Қоңторғай кез. Өзі де жұмыстан қол үзбеген. Сөйтіп жүріп мектепте оқитын Бақыт Қарабалинаға домбыра үйреткен. Төкпе күйдің өзі білетін сырларына бойлатқан. Болам-толам деген талабын қолдаған. Ол да кейіннен Дина шешесінің соңынан Алматыға аттанған. Он екі перне, екі шекті домбыра оның, ол домбыраның бағын ашқан.

Атасы Ізмұхамбет жүзін Аллаға, ниетін құбылаға бұрған таупихты қария еді. Құран-кәрім қолынан түспеген. Тарығып ем іздегенге ниеті қабыл, тілегі оң, аузы дуалы жан ел-жұртқа ерекше сыйлы болған. Тек бір өнерін айналасынан бүгіңкіреп ұстаған. Ол – ақпа-төкпе ақындығы. Тарихи тақырыпқа, туған жерге, адами болмыс пен құбылысқа арнаған ұзақ өлең, толғауларын жария етпеген. Әлде жастай діни тәрбиемен өскен жәдігердің ішкі мәдениеті жібере қоймады ма? Десе де, көзін таппай жер астына сіңіп кеткен бір бұлақтай сол дүниелер халқына мәлім болса деп аңсай­­­сың. Шаңырақ иесінің де, ата-ененің де кеңдігі сол – ешқашанда Әсиманы келін ғой деп, отбасы, ошақ қасында ұстамаған. Ретті жерінде мәпелеп өз қыздарындай төрінде, ал, өнер көрсетер кезінде қолдап, қуаттап отырған. Оның да өз сыры бар. Апамыздың түп нағашысы есімі елге әйгілі аруақ иесі Күрт ата-тын. Бірі – ата сыйлаған, аруақ құрметтеген ізгі дәстүріміздің көрінісі болса, екіншісі – озық өнерге деген ілтипат. Келесісі – алдыңды торғай адым кесіп өтпей тұрған көргенді жерден түскен келінге деген ризашылық.

Ел ішінен таланттарды іздеп шыққан топ Әсиманың күй тартысына тәнті боп бірнеше мәрте Алматыға жүзден жүйрік озған өнер сайысына, тіпті қызметке де шақырған. Бірақ қазақы иба, ата-ене бабы, бала қамы алысқа тәуекел еткізбеген. Жарастықты отбасы 1959 жылы жұмыс бабымен Махамбет ауданы, қазіргі Ақжайық ауылына қоныс аударады. Бұл да етекті ел, есті жұрт. Ата қасиеті, ұл адамгершілігі мен білімі, келін өнері көптің көңілінен шыққан. Халықтың ықыласына бөленген. Сол жылдары ертеде өткен шаппайбер өнер иелерінің мұрасын жинауға Нұрғиса Тілендиев бастаған экспедиция мүшелері Алматыдан сау ете түскен. Шақыртып келтіре алмайтын қалаулы азаматтар емес пе? Мол дастарқан басында көнеден жеткен көгентүп әңгіменің кеніші Ізмұхамбет ақсақал сөз бастап, өзгелер қостап, күй кернейді, ән әуелейді. Бұрын қағаз бетіне түспеген таңсық сөз, тамыры терең оқиға шежірелеп шертіледі. Бұрын бармақ басына ілінбеген талай тағдырлы күй, ел құлағынан қағыс жүрген қызуы бет шарпыған небір ән нотаға түсіп, таспаға жазылған. Әсима апамның орындауындағы Құрманғазының “Көкала аты”, Динаның “Қарт жігері” мен Мақаштың “Байжұмасы” кейіннен күй жинағы мен күйтабақта шығып, халыққа бар бояу, нақышымен тарады.

– Қайыңнан жасалған домбыра үні жанға жайлы, жұмсақ келеді. Қарағайдан шабылса ашық, өткір, күмбір қағып естіледі. Баяғы күйшілер төре тартыс пен төкпе күйге арнап домбыра жасатқанда ағаштың осы түрін ескеріп отыратын. Тіпті күйге арнаған домбыраны күнделікті ән әуеніне қимай қастерлеп ұстаған. Қатты ыстыққа немесе суыққа ұрынса даусы кетеді деп одан да қорғаштаған. Ал, шек әзірлеу, оны иірту, саусақ мүдіртер түйткілін жазудың өзі бір өнер-ді. Күйдің орындаушысына байланысты қағыс мәнері қалыптасатын. Мысалы, Дина шешемнен қалған оң қолды кербез ойнату, күйге қас-қағым сәт тыныс беру кейіннен Бақытқа, одан Айгүл Үлкенбаеваға ауысты, – дер еді Әсима апам. Ұлы тұлғалардың ұлық өнері кейінгілермен осылай жалғасқан.

Бұл шаңыраққа 1974 жыл ауыртпалығын ала келген. Ғұмыр бойы шәкірттерінен жүрек жылуын аямаған ері Салахатдин өмірден озды. Қай заманда да сыртқы сымбатын, ішкі қымбатын жоймаған атасы баһи көшті. Соңы сегіз жасар он баланың бар ауыртпалығы Әсима Қалиқызының өзіне түскен. Барында баптаған әулет-ті. Енді бас иелері жоқта... Одан әрмен ширап сала берген. Ұядағы балапаны үшін қай жұмыстан да тартынбаған. Қаймақ та болған, қаспақ та болған. Ержет іп қалған ұл-қыздың алды қашанда қасынан табылған. Кеш түсе мал жайғасқан соң әрқайсысы өз өнерлерін көрсетеді. Бірі жазған өлеңін оқып, екіншісі күй тартып, баян, гитараға сырлы дауыстарын қосып, үй ішін думанға бөлер еді. Ана көңіліне бәрі демеу.

– Аузымды тұщытып сүйген Бақтықожа атасына тартып ақын болар ма еді. Біздің жайымызды ойлап Уфадағы мұнай институтына түсті, – деді апам әңгіме арасында. Бақтықожа Салахатдинұлының мұнайдың кіші қызметкерінен бастаған еңбегі баянды боп, осы саланың министріне дейінгі жолдан өтті. Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары, облыс әкімі болып, көрнекті мемлекет қайраткері атанды. Сол ізгілікті сапар әлі де жалғасуда.          

Ал, Нұрғожа болса ұзақ жылдардан бері мұнай маманы. Ағайынды қос жігіттің гитараға қосылып салған “Қарағым-ай” әні тыңдаған жанның құлағында шығар. Шүкір, қыздары қияға қонған. Қос келіні Рысты мен София қай кезде де ененің ізетті әдебінен жаңылған емес. Немере-жиен, шөберелер өсіп, алып бәйтеректің бір-бір жапырағына айналған. Әрқайсысы егемен еліміздің әр өңірінде білім, парасатына сай құрақтай майысып қызмет көрсетіп жүр.

– Күнде таңертеңмен Нұрғожа телефон шалады. “Апа, қалайсың?” – деп. Жарығым, аға-апаларына арқа сүйеп еркіндеу өскен ұлым ғой. Содан кеше кіммен кездескенін, не шаруа тындырғанын, келін-баланың көңіл-күйін тәптіштеп баяндайды. Сүйексіңді әдеті осы. Мен де іштей марқайып отырамын...

Облыста өткен келелі бір салтанат еді. Алыс-жақыннан меймандар келген. Қала іші мерекедегідей жасанған. Салиқалы жиын соңы концертке ұласқан. Сонда әсем безендірілген сахнаға халықтың қолдауымен Әсима Қалиқызы да көтерілген. Сегіз жасында қонған өнерді сексеннің сеңгірінде де сұңқардай баптап, “Қарт жігерді” бастап кеткен. Күй бірте-бірте екпін алып жан-дүниеңді түгел баураған. Күйшінің салалы саусақтары саға қуалап, кейде бал сорған арадай бір орында бебеулеп тұрып алған. Тәтті мұң боп тамсантқан. Үкілі үміт боп үзіктірген.

Ел ықыласы шексіз-тін. Шапалақ даусы құлақ кескен...Ай кесесін ай төңкеріп, жылдар жылжыған.

Содан қайтып апамыз үлкен сахна төріне көтерілмеді. Содан қайтып апамыз үйіне іздеп барғанда айналып-толғанып алдымыздан шықпады. Шараяқ толы шұбатын ұсынбады. Өттің, дүние, деген осы.

Қайран, “Қарт жігер!”

Рахымжан ОТАРБАЕВ.

Атырау .