Руханият • 06 Наурыз, 2020

Шеше, сен бақыттысың, жыламағын...

4308 рет
көрсетілді
36 мин
оқу үшін

Қадірлі оқырман! Сіз айқара ашып отырған газеттің осы беті ананың айқара ашылған құшағы деп біліңіз. Өз құшағына дәуірлер мен заманаларды, ұрпақтар мен шеру тартқан тарих көшін сыйдырған даланың құшағы секілді. Ана құшағы...

 Қазақ халқының тарихындағы тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңдерді, тағдыршешті сәттерді – ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, колхоздастыру, кәмпеске, соғыс, тың игеру жылдарындағы ана тарихы, аналардың көз жасымен жазылған тарихты ақындардың аналарына арнаған жырларымен, сол аналардың тағдыры арқылы ашып көрсеткіміз келеді. Осы аналар ғасырды арқалаған, аманат арқалаған аналар. Сондай кезеңнің өзінде көз жасын жеңімен сүрте жүріп ұлдарын, ұлтын, қазақ әйелінің қастерлі бейнесін, ақ жаулықтың киесін сақтап қалды. Олар ұлты үшін, ұрпағы үшін үлкен құрбандықтарға да барды. Ашаршылық жылдары бүгінгі академик, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының анасы ұлын қалай сақтап қалғаны туралы жантүршігерлік оқиғасын бүгінгі ұрпақ біле ме екен?!. Ұлды бауырына қысып, қызды қолынан жетелеп жапан түзде жол кешіп келе жатқан ана қаумалаған қалың қасқырдан аман шығу үшін екінің бірін, ұлды – ұрпақты сақтап қалу үшін балдырған қызды бөрілердің аузына тастап, ұлды қапсыра құшақтап ұзай берген. Ана құшағы, Ана шешімі, Ана құрбандығы. Бізді бүгінгі күнге жеткізген де сол аналар. Қазақ поэзиясындағы ана жайлы ең үздік жырларды, сол жырларға кейіпкер болған аналар тағдырын қабыл алыңыздар.

Шеше, сен бақыттысың, жыламағын...

Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,

Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.

«Қарашығым, құлыным!» деп зарлаған

Алыстағы сорлы анамды сағындым.

Жатқан үйім – қабырғасы қара тас,

Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,

Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,

Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.

Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,

Есігімде мықты қара құлып бар.

Кіп-кішкене терезелер темірлі,

Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!

...Тәңірі ие, өзің алшы панаңа,

Тас бауырлар зарға құлақ сала ма?!

Баласынан тұтқын болып сарғайған

Кім жеткізер сәлемімді анама?

Мағжан Жұмабаевтың осы құсалы зарын, дертті жүректің дауа таппай аласұрған қасіретін қазақтың қай баласы қамсыз оқысын. Азамат кешкен азаптан аза бойың қаза болардай. Ақын осылай зарығып, абақтыдан анасына хат жазып жатқанда анасы қандай күйде еді? Мекемтас Мырзахметұлының анасы аштық жылдары ұлдың жанын алып қалу үшін құрбандыққа барса, сол аштықтың алдында Мағжанның анасы – Гүлсім Әшірбекқызы бес ұлынан тірідей айырылып, көз жасынан көйлегінің өңірі тозған тұсы еді. Мағжан жасырын ұйым құрды деген айыппен Бутырка түрмесіне қамалған. Мәскеуде. «Алыстағы сорлы ананың» арыстай ұлы он жыл айдауға кесілген. Күйеуді келмеске ұзатып, 1943 жылы Гүлсім ана да аманатын тапсырды. Өлмейтін пенде қайда бар, бұл тарихтан өлең ғана тірі қалды. Өзегіне дерт түскен өлең. Анаға жазылған өлең. Далаға жазылған өлең. Жетпеген хат. Жел алып қашқан жапырақ секілді. Қатыгез ғасырдың қара дауылға ұласқан тінтуір, тіміскі желі. Өле-өлгенше өмір райынан жылылық сезінбеген ана «ұлдарым қайтып оралады» деумен өткен екен. Кебенек киіп кеткен ұлдар қайтып келген жоқ...

1

Нағиман ана

Бұл жылдар Екінші дүниежүзілік соғыстың бел­ортасы еді. Екі жыл бұрын Мұқағали Мақатаев жетім қалған. Он жасында. Майдан даласына алғашқылардың бірі болып аттанған әкеден қаралы хат келген. Калининградтан жеткен хат. Ал Қарасазда он жасар болашақ ақын әжесінің бауырында, анасының жанында өз тағдырын кешіп жатты. Туған топырағында. Аналардың көз жасымен суарылған топырақта. Ал әкелердің көбі ол топырақты қайта басқан жоқ. «Неге жыламасын?! Бәрі де жылаған!». Соғыс та бітті. Мұқағали да алғашқы өлеңдерін жаза бастаған. Кейде көз жасынан да көктем гүлдері өсіп шығады. Бірақ олардың бәрі жаралы гүлдер еді. Жаралы гүлдер алқызыл жалаулар секілді жаңа дәуірдің шеруінде желбірей бастады. Он тоғыз жылдан кейін Мұқағали да шешесін алып Алматыға келді... «Жасым тоқсанға таянғанда Мұқағалиім туралы естелік айтуды Құдайдан сұраппын ба мен?!» дейді Нағиман ана. Тағдырдың басқа салғанына көнбеске лаж бар ма, Нағиман Батанқызының естелігін біз де жалғаймыз: «1962 жылдың жаз айында аяқасты бұзылды. Мені жеңге орнына санап, «Нақа» дейтін. Бір күні:

– Ал, Нақа, бұйырса, алматылық боласың, көшеміз, – деді әй-шай жоқ. Шынымды айтсам, мен бұған нанбадым. Өйткені астанаға бала-шағамен көше қоятындай жинаған қорының жоғын білемін. Екі інісі де, балалары да жас. Мен болсам, отырған бір масылмын.

– Сонда қайда барамыз? Үйді қайтесің, балам-ау? – деймін.

– Қорықпа, Нақа! Өлеңім өлтірмейді. Асырайды бәрімізді, – дейді маңдайы жарқырап»... Мұқағали тағдырының алағай да бұлағай кезеңі дәл осы тұстан бастау алған еді. Он төрт жылдан кейін өмірден өтті. Осы жылдар бойы жазды. Артында мың бір жыры қалыпты. Сол жырларының арасында мына бір өлеңі ақынның алданған үміті, адасып қалған армандарының өкініші секілді. Анасын жұбатады. Анасы өзін қалай әлдилеген болса, ол да анасын жырымен әлдилейді:

Шеше,

Сен бақыттысың,

Жыламағын!

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның

Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,

Тірімін ғой,

Қасыңдамын.

Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.

Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,

Байырғы берекеңді қашырмағын.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,

Өзің кепіл тот басып, тозбасыма.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап

«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)

Аспанға жазам сенің есіміңді!

Шеше,

Сен бақыттысың, тербете бер,

Құба талдан иілген бесігімді…

Дала ақынды да, араға он сегіз жыл салып анасын да өз бесігіне алды. Мұқағали «өлең өлтірмейді» деп анасын Алматыға алып келген еді, шынында, өлең оны өлтірген жоқ. Бірақ көзінің тірісінде емес. Мүмкін ақын анасының бақыты дегеніміздің өзі осы шығар?! Мүмкін Мұқағали да осыны айтқысы келген болар?!.

«Бақытты кісіге ажал жоламайды» дейді Тұманбай Молдағалиев. 1995 жылы берген сұхбатында. Бір жыл бұрын Мұқағалидің анасы өмірден өткен. Тұманбай да әкесін майданға берген. Майдан оған жетімдікті берді. Ол содан болар, соғысты жек көрді. Табиғатында қақ­тығысы бар адамдарды да. Қамқа анасының қас­терлі мейірімін, қастерлі махаббатын шайқап алмай кеудесінде сақтады:

Құлайын деп бара жатам құлдырап,

Көңілім жүдеп, көзім алды бұлдырап,

Сол кезде бір ән естимін жақыннан,

Аққан бұлақ секілденген сылдырап.

Есім жиып, өз бойымды тік ұстап,

Тіршіліктің әуенімен тыныстап,

Сергимін де, сезім гүлін құлпыртам,

Кел дегендей болады бір күміс бақ.

Сөндім-ау деп, өлдім-ау деп ышқынып,

Қалған кезде бойымдағы күш бұғып,

Сөнбейсің деп дауыстайды анашым,

Мен орнымнан жығыламын үш тұрып.

Ойнап шығам содан кейін құрақтай,

Жарқылдаймын жүрегімді жылатпай,

Мүмкін, мүмкін ана махаббаты шығар бұл,

Мені сүйеп келе жатқан құлатпай...

Ақынның туу туралы куәлігінде ғана емес, жүрегінде де Қамқа анасының есімі жазылған еді. Аумалы-төкпелі жылдары бір етікті екеуара ауысып киіп ғұмыр кешкен анасының есімі. Өзінің болмысындағы жан ауыртардай мейірімділігінің де тамырын анасы берген тәрбиеден іздейді. Қаршадай баланы қалқайтып өсірген Қамқа ана аманат шағы таянғанда Тұмашын жанына алып, жылдар бойы ашпаған сырын айтады. Тұманбай Молдағалиев оны өз сұхбатында былай әңгімелейді: «Осы дүниеден кетер күні сені тумап едім, балам, осындай жақсы абысынымнан туып едің деп өзі айтты. Бірақ соның өзінде сенгім келмеді. Бірақ содан кейін тілге келгеніміз жоқ. Енді анам өзі солай айтып кеткен соң, менің де басқа туған кісім бар еді деп қалай айтам. «Өгей шеше, ол өгейлік жасайды» деген былшыл әңгіме. Жақсы кісі, бүкіл қазақ, бүкіл баланы бауырына басып тұратын еді менің анам. Менің Қамқа анамды бүкіл ауылдың балалары жақсы көретін еді. Мені сондай бір мейірімді кісі тәрбиелеп өсірді». Туған ата-анасынан ақылы толықпаған бала күнінде көз жазған ақын ғұмыр бойы Қамқа жеңгесін анасы санап келген. Ол кісі өмірден өткеннен кейін де бала махаббаты суыған жоқ. Суынған жүрек жырды бұлай жаза алмаса керек-ті.

«Өгей шеше өгейлік жасайды» деген жай сөз дейді Тұманбай-тағдыр, Тұманбай-өлең. Ал Ізтай-өлең не дейді? Өгей шеше өсірген қос ақын – Тұманбай мен Ізтай Алматыда қатар жүрді. Кейін Тұм-аға:

Ізтай ағам туған жер, Ізтай ағам,

Мінгізе де алмадық біз тай оған.

Жігіт еді-ау аңқылдақ, ақын еді-ау,

Жігіт еді-ау қасына қыз таяған, – деп естелік жыр жазған екен. Қазақ ақындары үшін қатерлі көпір – қырық бес жастан Ізтай Мәмбетов те асып өте алмады. Оларды табыстырған да тағдыр шығар, тағдырларындағы өгей ананың тәлейлі махаббаты шығар. Қайбір жылдары Мұхтар Әуезов сүйсініп, баяндамасында ерекше атап өткен, Сәбит Мұқанов: «Өгей шеше талай заман бойы әдеби шығармаларда жақсы ұғымға ие болған емес еді. Ізтай бірінші рет ол туралы керемет өлең жазды. Онда ол нағыз кісілігі жетіп тұрған әйел өгей шеше бола алмайтынын дәлелдеп шықты» деп бағалаған жырды – өгей анаға арнаған жырын судырлай жабылған өмір кітабының бір бетінен біз секілді бүгінгі жас оқи қалғанда алқымымызға ащы өксіктің тығылатыны несі екен?.. Туған анасынан он төрт жасында бауыр суытқан жасқаншақ жас жүректің қайғысы ма, уайымы ма, жоқ әлде, өмірден алынған өлеңдердің ғана өміршең болатындығын ойлаудан ба екен?!. Сіз де оқып көріңіз:

Анам жоқ! Қалдым жетім, жас моншақтап,

Он төрттен жаңа ғана асқан шақта-ақ.

Көп өтті көңілсіз күн керуені,

Кенет кірдің cен үйге жасқаншақтап.

Жатырқап сонда саған кілт қарадым,

Жабылған болар жайсыз бұлт-қабағым.

Үндемей қалғанымды көрсе-дағы,

Жанына үңілмеді жұрт баланың.

Төңбекшіп көз ілмедім түніменен,

Жетті деп «Өгей шеше күні» деген.

Елестеп туған анам жарқын жүзі,

Қалықтап кетпей қойды үні менен.

Сәл ұйықтап қалған екем таң алдында,

Ояттың «бар, – деп, –

Ізтай, сабағыңа!»,

Дір етті алғаш сонда бала жүрек,

Бір сезім жалт еткендей жанарыңда.

Сан рет шұғыла шашып шығыс таңы,

Апталар айды қуып жылыстады.

Шешіліп сөйлеспестен жүрдік ұзақ,

Әке де аңдамады жұмыстағы.

Ұмытпан інім мені шақырғаны,

Жығылып, жасын төгіп жатыр жаным.

Есімде сен де сол сәт жетіп келіп:

«Апыр-ай, қарағым!» деп аһ ұрғаның.

Мен үнсіз екеуіңе қарап едім,

Тұрғызып, жұққан шаңын қаға бердің.

Сипадың маңдайынан еркелетіп,

Сонда алғаш келді сені ана дегім...

Есімде алыс жолға аттанғаным,

Онда да саған сырды ақтармадым.

Өз анам өскенімді көрмеді-ау деп,

Жанымда жабырқаулы жатты.

Жасырды көз жасымды алагеуім,

Бір сүйіп маңдайымнан қала бердің.

Мен кеттім, ізіме үнсіз тұрдың қарап,

Сонда алғаш іштей сені ана дедім.

Аузынан жырып алып сары шалдың,

Барыңды маған сақтап, маған салдың.

Сағынып жүрдім сені, өзім сезбей,

Жаныңа тез жетуді сан аңсадым.

Өзіңмен көрісуге құмарландым.

Бітердей көңілдегі бар арманым.

Сағынған жас жүректің жалынымен

Сонда алғаш «Анажан!» деп жыр арнадым...

Қуандың өскеніне талабымның,

Қуандым, құрбылардай аналы ұлмын.

Бір ыстық дәстүрі ғой туған жұрттың,

Баламды бауырыңа алып бала қылдың.

Жан анам көз жұмса да ерте менің,

Құрбымның қатарына сен теңедің.

Сен-дағы өз анамсың, өгей емес,

Келеді кеш болса да еркелегім...

Ізтайдың туған анасы Күнзира ана жайлы да жазылған жыры бар. Бірақ бұл жазбамызға осы өлеңді жөн көрдік. Мұнда Күнзира ананың аманатын – бес баланы жеткізген, баласының баласын баққан қазақ әйелінің – қазақ анасының бейнесі тұр. Ізтайға алғаш қалам ұстатқан хал анасының қазасы болса, сол қауырсын қаламды қатайтқан – екінші анасының махаббаты. Бұл жыр – қазақ өлеңінің алтын кітабында жазылып қалды. Ал көктастағы жазу...

2

Мағыраш ана

«Бала боп қызық көрмеген,

Баладан қызық көрмеген,

Байдан да қызық көрмеген,

Қайдан да қызық көрмеген,

Бұл жерде жатыр кейуана.

Тас қойған баласы Қадыр»...

Қадыр Мырза Әлінің анасы – Мағыраш ананың құлпытасындағы осы жазу жүректі осып түсетіні рас. Жан дүниең алай-дүлей күй кешеді. Көз алдыңа анаңның, аналардың тағдыры келеді. Қадыр ағаның үйіндегі Салтанат апайымыз (жазушы Жүсіпбек Қорғасбек жазып алған) осы өлеңнің әрбір жолын ашып көрсетіп, әр жолынан – Мағыраш ана тағдырын тарау-тарау етіп алып шығады. Әр тарауы романға жүк. Бақуатты әулеті кәмпескелеуге ұшырауы, екі баласымен отыздың үстіне енді шыққан жасында жесір қалуы, ауыл қазағының жалғызы жүрген қалаға сіңісе алмауы, бәрі-бәрі осы бес жол өлеңнің өне бойында тұр. Ағамыздың ауылдастарының айтуына қарағанда, әрбір жылы, ұлының туған күнінде Мағыраш ана қасық қояр орын жоқ мол дастарқан жайып, ағайынды шақырып, атап өтетін болған екен. Әділ, тік мінезді, текті әулеттен шыққан ана қазаққа Қадырды берді, қазақтың Қадырын.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды,

Сен деп жаздым алғаш өлең, дастанды.

Қуандым ба,

Өзің бар деп қуандым.

Жыладым ба,

Өзің жоқ деп жас тамды.

Бәрі де, Ана,

Бір өзіңнен басталды,

Жанарыңнан көрдім алғаш аспанды.

Еркелесем, бір өзіңе еркелеп,

Жасқандым ба,

Тек өзіңнен жасқандым.

Алғашқы дәм, ол да сендік сүт еді,

Ақ сүт берген қашанда үміт күтеді,

Отанымның өзі сенен басталып,

Жауларыма жеткен жерден бітеді!.

Рас, ақынның өзі жырлағандай бәрі де анадан бас­тау алады, алғаш тіліміз де ана деп шығады, қуансақ та, қорықсақ та ананың атын атаймыз. Бір тәмсіл бар еді, Құдай Тағала адам баласына жан бергенде, ол жер бетіне келгісі келмей аласұрады екен, қорқады екен, сонда «сен қорықпа, бір періште әрдайым жаныңда болады» дейді екен. Сол періште – Ана екен.

Қазақ әдебиеті классиктерінің көбісі жастайынан жетімдікті көп көрген, дені асқар тау әкеден ерте айрылғандар. Сол періште аналар қанатының астында өсірген ұлдар еді. Әкесі ату жазасына кесілген кезде Сағи небәрі үш жаста екен... «Апамыз Жібек ауылдың сиырын сауып өлместің күнін кешеді. Ең қиыны өліп-талып сауған сиырдың сүтін үйдегі қызыл қарын аш балапандарына әкелуге тыйым салынған. Колхоздастыру жылдары ғой. Оның ар жағында «халық жауының әйелі» деген атағы да оңдырып тұрғаны шамалы. Сағи өз естелігінде кейде апасы сиыр сауып болғанша қасында тұрып, желінде қалған сүтті қақтап, сол жерде тез-тез жұтқызып-жұтқызып жіберетінін айтатын. Шашалып қала жаздап апыл-ғұпыл зорға ішкен сол сүттің дәмі әлі таңдайымда, сол ананың жан дәрмені әлі көз алдымда деп отыратын», дейді ақынның жары Уәзипа Әсембайқызы.

Біздің де көз алдымыздан Сағи ақын жырлап кеткен қасиетті де қасіретті ана тағдыры кетпес еді. Кейде, орақ опырып кетіп сиыр да сауа алмай қалған мұңлықтың қолы бізді маңдайымыздан сипайтындай. Жерошақты да тұтата алмай дірілдеген, тамырлары қиыр да шиыр қара жол қолдар кейде арқамыздан қағатындай... Ақынның өзі айтқандай, бір ғана саусақ ұшында, барлық тағдырымыз байланып тұрғандай дүние... Ана-дүние..

Көшті талай көк аспанның бұлттары,

Кепті жұрттың көзіндегі шықтары.

Төрт жыл бойы асыраған –

бірақ та

Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі...

Сауу керек үшінші рет, соңғы рет,

Бұзауы тұр жіберсе екен енді деп,

Ол да – бала, мен де – бала бүлдіршін,

Екі бала елеңдейміз мөлдіреп.

...Мыңқ етпейді – секілденіп жоқ есі,

Әлсіз ғана қалтырайды денесі.

Ең нәрлісін, ең дәмдісін –

Соңғысын бұзауына сақтайды екен енесі.

Соңғы иінді... ең қиыны осы ара,

Осы арада –

Арбасады қос ана,

Екеуінің екі түрлі тілегі.

Екі тілек қосылмайды –

не шара?!

Жануарың жасыра алмай сезімін,

Жаутаңдайды қарашығы көзінің,

Ене байғұс ойлайды тек бұзауын,

Ана байғұс ойлайды тек өз ұлын.

Біздер үшін арпалысып, тіресіп,

Тұрады екеу... бірі алданып,

бірі өсіп.

Түк жоқ ойда,

Мәз боп бара жатамыз

Екеуіміз екі анаға ілесіп...

Бала ғой. Сүтке тойған екеу мәз болып бара жатыр. Екеуі екі анаға ілесіп келеді. Бір сәт қос ананың екі арнаға құяр мейірім-шуағының жылуын сезгендей боласыз. Бәрі бақытты сияқты...

Енді қараңыз, егер өзіңізге ең жақын, ең жанашыр жанға ілесе алмасаңыз ше? Өзегіңізді жарып шыққан өз ұлыңызды ертіп жүре алмасаңыз ше? Біз әрі қарай Қасым тағдырдың қасіретіне қалам апаруда осыны ойладық. Шындығында Қасымның көрмеген қорлығы, тартпаған зорлығы жоқтығын бала жастан басталған баянсыз тағдырынан-ақ байқау қиын емес. «Біреудің жұртта қалған жасығымын, біреуге аспандағы асылымын». Қасым өлеңінің осы екі тармағына терең бойласаңыз бәрін түсінуге де болар, бәлкім...

Қасым әкесінен алты жасында айырылыпты. Анасы Айғаншаны Оспан деген шал зорлықпен әйелдікке алған. Қасым тағдыры тірі жетімнің тақсыреті. Өйткені Оспан шал бала Қасымды үйіне, туған анасына жолатпапты. Бұл Сәуле Қайырбектің «Қасым тағдыр» атты мақаласында ашық айтылады. Қасымның анасы өз естелігінде: «Менен айы­рыл­ған Қасымның көрмеген бейнеті жоқ. Оспан шал Қасымды үйдің маңайына да жолатпайтын. «Баламның халі ауыр» деген бір сөз айтқаным үшін «әуелі маған бала тауып бер» деп тепкілеп сабағаны есімнен кетпейді. Арада бірер жыл өткен соң тірілген аруақтай саудыраған сүйегі бар Қасымды біреулер сүйемелдеп алып келді. Баламды бас салып жылауға жауыз байымнан қорқып, қараңғы түскен соң ғана барып, жылап-еңіреп Қасымды тамаққа тойындырып, оңаша шошалада жасырып ұстадым», деп жазыпты.

Алайда Қасымның шығармашылығын саралап отырып анасына жазған айрықша жырды кез­дестірмейсіз. Қасым анасы жайлы жазбады дейсіз бе? Аспандағы асылын аңсаған ана туралы тол­ған­бады дейік пе? Бірақ жазылған жыр, ақтарылған сыр кездестірмейсіз. Мүмкін жазылды. Жоғалды. Жаза алмады. Жазбады...

4

Жібек ана

Қасымның анасы өгей әкенің қаһарынан ығып, баласына мейірін қандырып ас бере алмай, мейірленіп сүйе алмаса, Төлегеннің анасы да осы күйді кешті. «Балам, сен мына нәрестені уызға тойдырмасаң болмайды, Айсұлудың емізбе дегеніне қарамай, жасырып, ол жоқта емізіп, уызға, тым болмаса, үш-төрт рет тойғызып қой» дейді Жібек анаға енесі. Сонда қайран ана шақалақтың оңаша қалған сәтін аңдып жүріп, ұрлана емізеді екен. Мұның себебі, түу тереңде жатыр. Бұл тұста Оспан секілді әкенің оспадар қылығы жоқ, Төлеген анасының бәйбішеге берген уәдесі бар. Сол уағданың сертінен асып кете алмай қор болады.

Тағдыры талқыға, бары талауға түскен Жібек ана Әмудария асып, Төлегеннің әкесі Айбергенге қосылғанға дейін көз жасы сорға түскен тамшыдай кермек татыған жан екен. Өз еркі өзінде болмаған қазақ қызы өмірінің күнгейі – бұлттан сығалаған жасқаншақ сәуледей ғана заман емес пе еді ол?!. Әмеңгерлікпен әрі-сәрі күйге түскен тағдырының зарынан Айбергеннің көрген аян түсі ғана арашалап қалады. «Айберген, сенің қасыңа келіп қонған күңнің қалтасында алтын қанжар бар, соны неге алмайсың?». Міне, осы түс, осы алтын қанжар – Төлегеннің көрер жарығы, болашақ ұлы ақынның тағдыр бастауы болды. «Мен жарақат салмаған семсер едім, сондықтан жарқылдаймын, әйтпесе өтпес те едім» деп Төлегеннің өзі кейін жырлағандай, қазақ өлеңінің алтын қанжары – құсалы ананың құрсағына біткен екен:

Арманыңды ақтармын ба жүрегімде тербесем?

Айға сіңілі, қарындассың қасиетті Жерге сен.

Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем,

Сендік қуат мың есе артық

 Жердің тарту күшінен.

Сұлу әлем, әлем сұлу сен жаратқан адаммен,

Көк жолының қарсылығын қағып тастап

барам мен.

Сендік қуат болар, бәлкім, басын иді көк маған,

Әркез сенен туғанымды есіме алсам, тоқтаман.

Ал ұмытсам, ұмыт болып қаларымды білемін,

Ұмыт қалмау үшін менің шарқ ұрады жүрегім.

Шат жүріп-ақ қас қаққанша боламын мен

 шерменде,

Жетім емес кей ананың жетімдігін көргенде,

Көз алдымда жас дөңгелеп булығам да ызадан,

Маған тіпті сөз келмейтін ұяттардан қызарам.

Бұл дүниеге онсыз дағы кеткен жоқ па көп есең,

О, аналар, кей пасықты жаратасың неге сен?!

Тасбауырлар дүниеге келсін де, тез кетсін де,

Әлде өзгелер ондайлардан жиіркенсін дейсің бе?

Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,

Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген.

Анаң саған керек болса, балаңа да сен керек,

Кезекпенен ауысатын ғұмыр ғой бұл дөңгелек.

Ана керек, о, адамдар, ана керек адамға,

Анасыздар аң сияқты күн кешіп жүр ғаламда.

Пікірімді ұнатпаған таптық та дер дананы,

Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы!

5

Айсәуле ана

Біз кейде ананың қасиетін, ананың қадірін, тіпті оның үйдегі орнын ошақтың маңайынан оздыра алмай жататынымыз өтірік емес. Қауқары қайтып, қарымы талған қарт кейуананы қадірсіз кісідей қалқайтып қоятынымыз бар. Ең ауыры, бұл қарым-қатынастан «енді бұдан былай сені біз бағып-қағамыз, асыраушың бізбіз, біздің қолымызда тұрасың» деген пасықтау суық міндет байқалса қиын. Байқалып та жатады... Сондайда абыз Әбіштің, кемеңгер Әбіштің, кең Әбіштің мына бір жалғыз ғана сөзі жаныңа шипа бола салады.

Бірде жазушы Әбіш Кекілбаевтан француздың журналисі «сіздің қолыңызда анаңыз бар екен ғой» деп сұрапты. Сол кезде Әбекең «жоқ, менің қолымда анам емес, мен анамның қолында тұрамын» деген екен. Әрбір перзент Әбіштей болса, қане?! Жалпы, ананың құндағы мен құшағына мәңгілік қарыздар екенімізді ұмытпағанымыз абзал-ау.

Иә, анасын құрмет тұтудың айрықша үлгісін сонау жылдары жалғыздарының соңынан еріп алыс-алыс ауылдардан Алматыға келген алыптардың аналары туралы естеліктерді оқығанда байқайсыз. Әбіш ағаның анасы Айсәуле әже бір естелігінде «Отағасымның қазасын естігенде Әбішім қаршадай еді. Құдайға шүкір, жеттім, жетілдім, асырап өсірдім. Жетім атын естіртпедім. Әбішім менікі емес, құдайдыкі, менікі емес, көптікі. Аруақ берді, құдай берді. Мендей кісі кімде жоқ. Құдайға да, халыққа да ырзамын. Кейін жалғыз ұлдың тілеуін тілеп Алматы асқан жалғыз мен емес екенмін. Әбішімнің дос-жарандары сол кезде де аз емес еді. Бәрі үйге топырлап кіріп, топырлап шығып жүретін. Осы Қадыр, Қалихан, Сайын, Мағзом, Оразбек, Сабырхан, Зейнолла, Сейфоллалар бәрі бірге жүрді. Оларға еріп, астанаға келген аналары да, апа-қарындастары да өте тату-тәтті болдық. Бір-бірімізді бір күн көрмесек, сағынып отыратын едік. Әсіресе Асқардың анасы, Қайраттың анасы, Әбдіжәмілдің жеңгесі әңгімеміз жарасқан қатар-құрбы болып, көп араластық. «Асқардың анасы», «Әбіштің анасы» деп сөйлейтін бүкіл Алматы», дейді.

Айсәуле ананың осынау бір ауыз әңгімесінен Әбіш әлемін толық зерделеуге болар. Әбіштің бойындағы мол мейірім, Әбіштің жүрегіндегі қазақтың байтақ даласы, мәңгілік балалық таза пейіл, бәрі-бәрі Айсәуле ананың ыстық құшағында жатқандай. Әбіштей алыпты қапсыра құшқан құшақ қандай кең, Әбішке мейірленген көздер қандай жомарт, Әбіштің тілеуін тілеп Аллаға жайылған алақандар қандай мейірбан! Айсәуле ананың құшағындағы Құбылыс – Әбіш феноменінің бір құпиясы да осы ана мен баланың ғажап үйлесімінде шығар.

6

Айтоты ана

Аттай жиырма сегіз жыл бұрын Асқар Сүлейменов өмірден озған еді. Сонда баласын жоқтап дауыс салған Айтотының зарлы үні қырық күн бойы әудем жердегі аялдамаға жетіпті дейді. Айтотының зарлы үнін естімесең де мына жолдарды оқып, жүрегің шым етеді. Әсілі дүниедегі ең ұлы, ең пәк махаббат ананың перзентіне деген махаббаты болса керек. Тіпті баланың шешені жақсы көруі де алып ана махаббатының жанында қауқарсыздай.

Ана мен перзентке тән сыйластықтың, еркеліктің жақсы бір үлгісі болған Асқар мен Айтотының әңгімесін жұрт әлі күнге аңыз қылып айтады. Әбіш Кекілбайдың «1960 жылдары әдебиет әлеміне келген қазақ жазушыларының анасы, ел анасы еді» деуі де тегін емес. Асқардың анасы Қымбат-Айтоты Сүлеймен соғысқа кетіп, 23 жасында жесір қалады. Бала кезінде Түркістанда, Бабайқорғанда тұрған. Онда өзбектер көп. Олар апасын «Айтоты» дейді. Асқар да шешесін осылай атапты.

 Сұмдық білімді болған Асқардай ұл тапқан Қымбат-Айтоты да қызыл тілдің қызығын көріп өткен. Асқар мен Әбіш Кекілбаев бір-бірін ерте танып, тел өсіпті. Екеуі де Алматыға шешелерін сүйреп келген екен. Өзіміз ғана араласып-құраласып қоймай аналарымыз да сырлас-мұңдас болсын деген ниетпен Асекең мен Әбекең екі кемпірді үстел басына қатар отырғызады. Ас желініп жатыр. Әбіш пен Асқар әрнені әңгіме қылып қояды, ал екі кейуана үнсіз. Бұл тыныштыққа төзе алмаған Асекең: «Сөйлесіңкіреп отырсаңдаршы», – дейді шешелеріне қарап. Сол кезде сөз тілеп отырған Айтоты Әбіштің анасы Айсәуле құрбысына тіктеп қарап алып: «Сен өзі байға тиіп пе едің?» деп бастапты әңгімесін. Ананың қатар-құрбысымен қалжыңдасуы.

Жанарын аққан жұлдыздардың жарығы жуған жүйріктей алдына қара салмай өткен Асқар Сүлейменов «кектің көзі» – Махамбет пен Абайдың һәм алыптар шоғырының кеңістігіне көтеріліп кеткенін бүгінгі қазақ қапысыз ұғып келеді. Ал Асқардың Айтотысы ұқты ма екен... Бәлки алғаш жүрегінің астында тағы бір жүректің үздіге соғып тұрғанын білген шақта-ақ сезген шығар.

Асқар анасын Айтоты десе, Жұмекен де шешесін өзінше еркелетіп атаған екен.

Мүсеке... Бұл қазақ жырының тұңғиығы Жұме­кеннің ең аяулы сөзі. Ең ардақтысы. Қоңыр тіршілігінде алғаш көрген мейірім иесі. Жүздеген әуезді есімдердің әдемісі. Мыңдаған жанарлар­дың мөлдірі. Мына жарық әлемдегі сұлулықтың, махаббаттың, ілтипаттың һәм іңкәрліктің алғашқы мысалы. Ал шығармашылығында «Ақ шағылдағы» сүйікті Мұғзимасы. Сол заманның илеуімен небәрі он бес жасында ұзатылған Мүслима босаға аттаған соң тұңғышын зарыға күтіпті. Араға төрт қоңыр күзді салып барып Жұмекен өмірге келеді. Шекесі торсықтай ұлдың болашақ тағдырын сол сәтте ешкім білген жоқ. Бірақ ана жүрегі сағынышын сартап қылған тұңғышының өмір жолы даңғыл екенін сезсе керек. Мүслима ана: «Жұмекенді кимешектің ішінен мойныма қара ала тұсау салып жүріп Құдайдан тілеп алдым ғой», – дейтін. Тәңірден тілеп алған Жұмекен айтқандай-ақ талантты ақынға айналды. Ана мінезін, ана болмысын кейіпкер тағдырына сыйдырған Жұмекен өлеңді де өрнек етті. Ана алақаны тербеген бесікте тербеліп өскен ақын жауһар жырымен, өміршең өлеңімен күллі жүректі тербеді. Жұмекендей шайырды тербеткен ананың қолында қасиет бар демеске не шара?!

Бесікте – Ана, бесікте – бөбек:

Бірі тербеледі, бірі тербетеді.

Бал-бөбек былдыр, өсіп те келеді,

Анаға жалғыз, сол жетеді.

Ана, Ана, қайран, ана!

Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,

Нұр себеді аналардың кірпігі өліге де ояуға,

Ана дайын біреу үшін жылауға, біреу үшін аяуға.

Тербейді Ана қуанышты, бақытты тербейді

Ана – тебіренеді жаны шын.

Тербейді Ана уақытты; Барлық әлем –

 бір-ақ бесік Ана үшін.

Тербейді Ана бөбегін,

Сол арқылы тербетеді өз елін,

Құмын, тауын, өзенін.

Тербейді Ана көлеңкені, шуақты –

Планетаның алақаны сияқты!..

7

Жаңылғаным ана

Ананы қадірлеудің озық үлгілерінің бірін Қайрат Жұмағалиев жалғады десек қателеспес едік. Баласы­ның анасына, анасының баласына деген ыстық ықыласы «Анасы бар адамдар – ешқашан қартай­майды» деген өлмес өлеңге негіз болды. Әр қазақтың жүре­гінде жатталып қалған жалғыз тіркесті білмейтін жан кемде-кем. Марқұм Ақселеу Сейдімбек осы әнге айналған тіркесті тыңдап болып: «бұл сөз кез келген­нің аузынан шыға салатын дүние емес. Анаға деген ұлы махаббаттан туатын тіркес» деп тебіреніпті. Анасы Жаңылғанымды 94-ке келгенше қолынан түсір­мей әлпештеген әйгілі тіркестің авторы Қайрат Жұмаға­лиев те Әбіштей жалғыз тұяқ. Оның анасы да жоғарыда Айсәуле әже атаған Алматыға асыға жеткен аналардың бірі. Мұқағалидың анасындай. Сол сағыныш, сол құрмет, сол махаббат осы өлеңді өмірге әкелді:

Шет жүрсем – сағынарым,

Жабықсам – шағынарым.

Анашым, бір өзіңсің –

Табынарым.

Анашым, шалқып күлсең,

Алдымда ұзақ жүрсең.

Жүрегім жыр толғайды,

Көңілім ортаймайды,

Анасы бар адамдар

Ешқашан қартаймайды.

Ұшырған сұңқарыңмын,

Қияға шырқарыңмың.

Бәйгеге өзің қосқан –

Тұлпарыңмын.

Қорғаным – өзің деймін,

Жан дауа – сөзің деймін.

Анашым, сені ойласам –

Көз ілмеймін...

Бұл қазақ аналарына сөзден соғылған ескерткіш, әнмен әрленген әдемі әлем.

8

Айша ана

Ескерткіш дегеннен есімізге түсіп отыр, Талғат Батырхан ағамыз бірде тамаша естелік айтып еді. Әңгіме Ақселеу, Шерхан ағалардың көзі тірісінде, алыптардың айтулы басқосуларының бірінде айтылса керек. Сөздің тізгіні тарақты Ақселеуде, шылбыры Шерханда ағыл да тегіл тарих. Шежірелер шеруі. Сөздің майын тамызатын Ақаң баппен былай депті: «Өзі қазақ тарихындағы Айша атаулы ардақты әйел есіміне қойылған екі тарихи ескерткіш бар. Оның бірі сонау ХІ-ХІІ ғасырда Әулие ата Қарахан салдыртқан Айша бибі кесенесі болса, екіншісі ХХ ғасырда Шерхан жазған «Ай мен Айша» романы».

Міне, анаға қойылған ұлы ескерткіштердің бірі расымен Шерағаңның осы шығармасы. Айша ананың құрметіне тұрғызылған мәңгі құламас маңғаз мұнара. Сәулетті сөз күмбезі. Сағыныш ғимараты. Құрмет ғибраты.

Осы аналардың барлығы да бақытты. Олар қазаққа өшпес даңқты, өлмес өлеңді ұлдарды берді. Сол ұлдар аналарының даңқын асқақтатты. Қасиетін де, қайғысын да сүйді. Біз де сүйдік.

Шеше, сен бақыттысың!..

 

Ерлан ЖҮНІС,

Мирас АСАН,

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»