Мәселенің жалпы шеңберін сызатын болсақ, 2011 жылдан бері Сирияда президент Башар Асад пен оған қарсы шыққан оппозициялық күштер соғысып жатыр. Бұл қақтығыстың негізіне үңілетін болсақ, Б.Асад және оның жақтастары Исламның шииттік түсінігіне жақын алавиттер болса, халықтың сексен пайызына жақыны сүннит мұсылмандар. Басқаша айтқанда, билік – алавит, ал халық – сүннит. 2010 жылдың соңында Араб елдерінде басталған халық толқуларының әсерінен дем алған халық билікке қарсы ереуілге шықты. Бейбіт басталған наразылық үкіметтің оқ атуымен қысқа уақытта ішкі соғысқа айналды.
Сирия мәселесінде Түркия әу бастан оппозицияның жағында болды. Мұның себебі Анкара Сирияда тез арада билік ауысады деп есептеді. Оның үстіне Р.Ердоғанның партиясы бір жағынан демократия мен адам құқықтарын қолдағанын көрсеткісі келсе, тағы бір жағынан партияның мұсылмандық болмысы сүнниттік мұсылмандарды қолдауды заңды шешім деп есептеді. Бұл саясат Анкара мен Шам аралығындағы байланыстың түпкілікті үзілуіне себеп болды. Өйткені Түркия үшін Б.Асад үкіметі өз халқына оқ атқан заңсыз билікке айналды.
Алайда Анкараның есебі қате шығып, Б.Асад үкіметі оңайшылықпен төңкеріле қоймады. Биліктің шииттік ислами болмысына байланысты ирандық әскери күштер Б.Асад жағында соғысқа кірді. Ал 2015 жылы Ресейдің Сирияға әскер енгізуімен Б.Асад үкіметі одан сайын күшейе түсті. Басқаша айтқанда, Түркия оппозицияның қамқоршысы болса, Ресей мен Иран Б.Асадтың қамқоршысына айналды. Тіпті Анкара мен Мәскеу 2015 жылдың 24 қарашасында Ресей ұшағының түрік тарапынан құлатылуынан кейін өзара қатынастарын әрең жөндеді.
2017 жылдың қаңтар айында Астана процесінің басталуымен Сириядағы «қамқоршы» елдердің мәртебелері ресми түрде мойындалды. Мұнда Түркия, Ресей және Иранға «кепілгер» сипаты берілді. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған, Ресей президенті Владимир Путин және Иран президенті Хасан Рухани Сириядағы қан төгісті тоқтатқан мемлекет басшылары ретінде үштік саммиттер өткізе бастады. Алайда 2018 жылдың қыркүйек айында Тегеранда өткен үштік саммитте Астана процесін Ресей мен Иран тарапынан уақыт ұту және Сириядағы Б.Асадтың бақылауындағы жерлерді кеңейту мақсатында қолданғаны белгілі болды. Өйткені саммиттің шешіміне сай, тараптар Идлибке шабуыл жасауды жоспарлаған болатын. Басқаша айтқанда, Б.Асадтың оппозициялық күштермен ымыраласу ниеті жоқ екені әшкере болды. Бұл жерде Б.Асад және оның қолдаушылары Ресей мен Иран ДАИШ-тен қашқан лаңкестердің де Идлибке шоғырлануын желеу ретінде қарастырды.
Түркия тұрғысынан қарағанда, Астана процесінде қол жеткізілген келісімдерге сай оппозициялық күштер Сирияның басқа аймақтарын тастап Идлибке жиналған болатын. Егер бұл аймақ та оппозицияның бақылауынан шығатын болса, онда Сирияның келешегінде оппозицияға орын берілмейді деген сөз. Өйткені оппозицияның, басқаша айтқанда Түркияның қолдап отырған топтарының Сирияның болашағында үлес салмағы болуы үшін ең алдымен ол топтардың бақылауында белгілі территория болуы керек. Дипломатиялық келіссөздер үстелінде уәждің ықпалды болуы үшін аймақтағы үстемдіктің бекем болуы тиіс екендігі белгілі.
Тегерандағы үштік саммитінен кейін Р.Ердоған Идлибке ұйымдастырғалы жатқан шабуылдың алдын алу үшін В.Путинмен Сочиде жолықты. Осы кездесуден кейін 2018 жылы 17 қыркүйекте Ресей мен Түркия арасында Сочи меморандумына қол қойылды. Бұл келісімге сәйкес, Ресей Б.Асадтың аймаққа шабуылын тоқтатады. Ал Түркия жағы аймақты лаңкестерден тазартады. Сонымен қатар Түркия Б.Асад күштері мен оппозициялық күштердің қақтығысын болдырмау мақсатында Идлиб аймағында 12 бақылау бекетін орнатады. Сочи меморандумына сай 2020 жылға дейін аймақта тұрақтылықты сақтап тұру мүмкін болды. Алайда түрік жағының Идлибті лаңкестерден тазарта алмауы Б.Асад пен Ресей жағына аймаққа шабуыл жасауға негіз қалыптастырды.
Б.Асад күштерінің шабуылынан осы жылғы 3 ақпан күні 8, 27 ақпан күні 33 түрік жауынгері қаза тапты. Бұл жағдай Сочи меморандумының да іске аспай тұрғанын көрсетіп тұр. Анкара тұрғысынан Б.Асадтың шабуылдары және Ресейдің бұған рұқсат беруі Түркияның қауіпсіздігіне шабуыл болып саналады. Мұның бірінші себебі Идлибте шоғырланған төрт миллион адам Түркияға босқын ретінде бет алады. Онсыз да Түркияда қазірдің өзінде төрт миллионға жақын сириялық босқын бар. Түркия экономикасы бұл босқындарды асырап отыр. Еуропа елдері Түркияның бұл босқындарды Еуропаға жібермей ұстағаны үшін қаржылай қолдау көрсетеміз деп уәде берсе де, уәделерін орындамады. Сондықтан Идлибтен Түркияға келетін босқындарды Анкараның қабылдауға мұршасы жоқ. Түрік қоғамы да сириялықтардан мезі болған. Осы жағдайға байланысты Анкара Түркиядағы босқындардың Еуропаға өтуіне рұқсат беріп отыр. Бір-екі күннің ішінде Түркияның Грекия және Болгариямен арасындағы шекараға жиналған босқындардың саны жүз мыңға таяды. Жағдайдың шұғылдығын түсінген Еуропа елдері НАТО-ның төтенше жиналысында бас қосып, Түркияны Идлиб мәселесінде қолдайтынын мәлімдеп жатыр.
Идлибтегі Б.Асадтың шабуылын тоқтату, халықтың қырылуына кедергі болу және ең бастысы босқындардың Түркияға ағылуын тоқтату, яғни атап айтқанда, аймақтың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында 28 ақпан күні түрік қарулы күштері аймақта «Көктем қалқаны» атты әскери операция бастады. Осы қадаммен Анкара Идлибті тікелей өз бақылауына алған болды.
Қорыта айтқанда, Б.Асадтың Идлибке шабуылы және онда түрік әскерлерінің қаза табуы Анкара мен Шамның қарым-қатынастарын түзету ықтималдығын жойды. Ресейдің Б.Асадтың шабуылдарын тоқтатпауы да Анкара мен Мәскеу достығына сызат түсіргені белгілі. Бұл жағдай Түркияны АҚШ-пен ынтымақтастығын күшейтуге итермелеуде. Түркия мен Сирия арасындағы соғыс Б.Асадтың Мәскеуге бағыныштылығын арттырса да, Анкараның Батысты паналауы Ресейдің мүддесіне сай емес. Сондықтан Мәскеуде болатын Ердоған-Путин кездесуі тек Түркия-Ресей қатынастары тұрғысынан ғана емес, Идлиб мәселесі және жалпы Сирияның болашағы туралы маңызды шешімдер шығатын маңызды басқосу болады.
Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,
Анкарадағы дағдарыс және саяси зерттеу орталығы (AHKACAМ) Еуразия бөлімінің басшысы