Таным • 06 Наурыз, 2020

Ерке сылқым

4347 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Аруларға арналған әндер көп, жырлар да жетіп артылады. Бірақ күйлер аз. Бар болғанның өзінде тыңдарманның жүрегінде, құлағында қалған, өміршең күйлер саусақпен санарлық. Соның бірі – «Ерке сылқым». Бұл күйді білмейтін қазақ жоқ шығар. Алайда дәл осы тамаша туындыны күйшінің 20 жыл толғатқанын білеміз бе? Білсек те соның сырына үңілдік пе?

Ерке сылқым

Елордадан Шу қаласына ар­найы ат басын бұрып «Ерке сыл­қым­ның» авторы Әбді­момын Желдібайұлымен әңгімелескенімізде,  күйші осы күйін тұңғыш тың­даған Тәңірден талантты ту­ған Тілендінің ұлы Нұрғиса ата­мыздың: «Мен мықты дирижер, дәулескер домбырашы шығармын. Бірақ нағыз күйші – мен емес, сенсің», деп баға бергенін айтып еді.

«Ерке сылқымды» бала кезден бойға сіңіріп өстік, себебі әкеміз жиі тартады. Солай болып тұр­са да керім күйді толқи тың­даған әр жүректің түпкіріндегі қылын шертетін құпиясының неде екенін әліге дейін толық аша алмай келе жатқандаймыз.

Күйдің кіріспесін домбыра­мен қосыла ыңылдап айтып көріңізші, автор әңгімесін: «Бір кездері бәрінен бейқам жүрген бозбала едім», деп бас­тайтындай. Өзіңіз ойлаңыз, 20 жылдан соң сол сезімді сәтін суреттесе, «едім» деп өткеннің өлшемімен сөз бас­тауы заңдылық. Қалай болғанда да бозбаланың балаңдығы ғана емес, күйдің одан әрі екпіндей түскен тұсында айдай арудың жігіт жүрегіне шоқ салғаны баппен баян­далатындай. Бірақ домбыраның сағасына бірден бармай, әуелгі әуенге қайта келуі барлық бозбала мен бойжеткенде болатын «сезімді мойындамау» сезімі мен ақылының үнсіз айтысын, арпалысын аңғартады-ақ. Сағасындағы «сөз» ақылға да, тіпті жүрекке де бағынбайтын, буырқанған теңіздің толқынындай тулаған кезіңді көз алдыңа келтіретіндей көрінеді. Мұндай күй махаббаттың дәмін татқан барлық адамның басынан өтеді. Әуені көңілде, тереңге бойлай алатындар түсінетін күйдің айтары жадыңда тез жатталады. Ал сағасынан ойнақшыған тәтті әуезбен жоғарыға көтеріп әкетуі, жай емес, әрбір дыбысты шертіп шығаруы – көрікті қыздың көңілді қытықтайтын қылығы іспетті. «Қыз қылығымен көрікті», деген алай­да жүрегінде түгі бар бой­дақ жігіттің сұлуға сүйсінуі де – сүйкімді. Ал ол қалаға өнер қуып кел­ген ауылдың аңғал баласы, консерваторияның қабырғасында жүріп, туған жеріндегі ғашығын аңсап жүрген бозбала болса ше? Тіпті тартымды. Десе де талайдың арманы болған британдық актриса Одри Хепберн айтқандай, «Сезім сыйлау – соны сезінуден құндырақ». Міне, сондықтан да сезім сыйлаған сұлуға сүйсінбеу, тамсанбау мүмкін емес. Сол секілді жігіттің көз алдында арудың мың құбылып, әрбір қылығы қиялынан кетпейтін, өзіне жарасып тұратын ерекше еркелігі осы бір қос ішектің қоңыр үніне үйлесіммен түскен.

Осыдан соң қайталап айт­қың келе беретін, қосыла кет­кің ке­летін әдемі әннің керемет қайыр­масындай, бастапқы ноталарға оралады. Бұл Мәжнүннің Ләйліні аңсағанындай әсер қал­дырады әрі жүректің ақылды жеңгенін жеткізетіндей. Бірақ сол бастапқы әуезден әуелгідей емес, тезірек төменгі пернелерге түсуі қызды қиялында ғана құ­­шып жүрген жігіттің шұғыл ше­шім­ге келгенін көрсететін сияқ­ты. Яки бар батылдығын жиып, іштегісін сыртқа шығаруға бел буған бозбаланы бойжеткеннің бетін қайтарғандағы бейнесін байқауға болатындай. Төменгі пернелерге түскен сайын дыбыс қосып, күшейтуін ғашығынан беті қайтқан бозбаланың тұла бойындағы алаулаған жалынын, бұлқынған жүректі, жанарындағы сөйлеп тұрған мөлдір мұңды көру үшін көкірек-көз керек-ау. Екінші рет төменгі дыбыс­тан пернелерді алмастыра отырып жоғары өрлеуі – сөзсіз назданудың пәктігіне көркі келіскен қызға жарасып, тіпті оны одан әрі ажарландыра түсетініне тамсана білу. Үстіңгі пер­недегі нотаға бұрынғысынан бө­лектеу тоқтауы – әрі ерке, әрі сыл­қым сұлудың сызылуы, соған сүйсінуі секілді. Күйдің жүрек қылын шер­тіп өтетін тәтті тұсы да осы. Бәрін өнермен өріп, сырлы бояумен әр­лей келіп, аяғында қолтаңбасын қалдыру үшін суретшінің сүйкей салса да, картинаға көрік кіргізе кететін деталі сияқты салмақты сазбен,  кеткен күннің көрінісімен бастаған бастапқы қалпында тәмамдау бар. Күйші күйді көсіле аяқтауымен мәңгілік махаббатындай өлмейтін шығарманы өмірге әкелуіне себепкер болған кейіпкеріне алғыс айтатынын аңғартатын секілді.

Себебі Әбдімомын атамыздың өз аузынан естігеніміздей, күйдің кейіпкері – өмірде бар адам, қазір ажары таймаған ардақты әже. Соңғы рет кездескенде: «Саған деген махаббатымды бәрібір ешкім өшіре алмайды», деген екен. Содан осындай іңкәр сезім, тәтті сағыныш сыйлайтын қазақ қыздарына күйден ескерткіш құйғысы келіпті. Онысы орындалды да. Ал дәл осы «Ерке сылқымға» 2012 жылы сол кездегі Шу ауданының әкімі, қазіргі мәжілісмен Қожахан Жабағиевтің бастамасымен ескерткіш орнатылды. Күйге ескерткіш қою деген бұрын-соңды тарихымызда болған жоқ.

Әлбетте бұл – біздің тың­дар­мандық түсінігімізбен түйгеніміз, субъек­тивті сөзіміз ғана. Бір романды 1000 оқырманның 1000 түрлі қа­был­дайтыны секілді, күйге құ­лақ қойған жанның қиялы мен ойын тар шеңберге тығып қоюға келмейді. Бір орындаушы осы күйді тартқанда 2-3 жасар балдырғанның бұртиғаны, қарасаң көз тоймайтын тәтті тілі, айтқанына көнбей қойғаны үшін табан асты еркелеп жылай салатыны, сонан соң өбектегенге ернін шүртитіп жұбана кететіні елестейтінін айтып еді. Келесі бір тыңдаушы мүлде басқа сезімді бастан кешуі мүмкін. Себебі әр адамның өз қалауын көріп, сезінуі үшін «Ерке сылқымның» әуенін табуға 20 жылын жұмсағанында жатқан шығар. Автордың: «Бұл күй – барша қа­зақ қыздарындағы қайталанбас болмыстың, образдардың жиынты­ғы», деуі содан.

Мақаланы жазу мақсатында атасының шығармашылығынан магистрлік диссертация қорғаған Меруерт Желдібаевамен жүздестік. Меруерттің әңгімелеуіне қараған­да, атасына бұл туындыны өмірге әкелу оңай болмаған. Бір әуен үнемі құлағына келеді, тіпті түсіне де кіреді. Түнде тұрып, нотаға түсіріп ала қояйын десе, қашып кетеді. Немересі күйдің көп ойдан, терең толғаныстан туып, қағазға бөлім-бөлім болып түскенін айтады. Өйткені мұнда жастықтың жалыны ғана емес, 20 жыл бойы жиған білімі мен орда бұзар жастағы композитордың өмір тәжірибесі де көрінеді. «Ер­ке сылқымның» ерекшелігі – бір күйдің бірде шертіп, бірде төгіп тартылатынында. Ал өмір­шең болып келе жатқанын жеке орындауға да, ансамбльда тартуға немесе оркестрге салуға да қолай­лылығымен байланыстыруға болады. Өнертанушы әрі домбырашы Меруерт тағы бір сөзінде:

– Таңертең атам тартқан теме­кінің иісімен оянатынбыз. Бір қолында шылым, бір қолында ұқыпты ұшталған қарындаш болады. Есіктің алдында тұратын сәкідегі дөңгелек үстел басында бір жағына газет пен «Жұлдыз» журналын, бір жағына нота парақ­тарын шашып, ойланып отырады. Бұл – атамның шабытты шағы. Ол кісі шай қоюға күнмен таласып тұрған келініне (менің анама): «Сәуле, анау Шолпан жұлдызына қарашы. Не деген ғажап құбылыс!», деп балаша тамсанады екен. «Меніңше, атамның шабыт шақыратын музасы – сол Шолпан жұлдыз секілді», – деді. Бәлкім бірде буырқанып толқыса, бірде сыңғырлап күліп арбайтын, бірде ботасын бәле-жәледен қорғау үшін бәріне баратын адуынды аруанаға айналса, бірде шөбересін иіскеп еміренетін мейі­рімді әженің кейпіндей, мың бояу­­лы әйел әлемінің табиғатын бір шығармаға сыйғызған «Ерке сыл­қымын» нақ сондай Шолпан жұлдызға тамсанып тұрып тудыр­ған шығар-ау...