Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина, «Жасыл экономиканы» қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рахымбекова, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры Елена Ожго, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Жұмыспен қамту департаментінің директоры Ерболат Абулхатин қатысты. Спикерлер ауыл әйелдерінің әлеуетін арттырып, олардың кәсіпкерлік мүмкіндіктерін жүзеге асыру үшін атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
– «Cocа-Cola белестері» әлеуметтік бағдарламасы аясында жемісті жұмыс істеп келе жатқанымызға жеті жыл болды. Осыған дейін 13 мыңнан астам ауыл әйеліне өз кәсібін ашуға көмектестік. Еліміздің әртүрлі ауылдарынан іскер әйелдерді жинап, кәсіпкерліктің негізіне үйреттік. Ең үздік бизнес-жобалардың иелері арнайы грант ұтып алды. Бүгінде нақты 50 бизнес-жоба жемісті жұмысын бастап кетті, – деді М.Айсина. Оның айтуынша, іскер әйелдер ел экономикасына үлкен өзгерістер әкеліп, өндіріс саласында өзіндік қолтаңбасын қалдыра алады.
Одан кейін сөз алған Е.Абулхатин «Ел өнімі» жобасының іске асырылатынын айтты. Жаңа жоба агроөнімдерді өсіру және өндірумен бірге шетел нарығына шығуға мүмкіндік береді. Сол арқылы халықтың табысын арттырып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге жәрдемдеседі.
Жиында С.Рахымбекова «Жеке қосалқы шаруашылық» онлайн-мектебі арқылы тұрмыстағы келіншектер үйде отырып-ақ маңызды ақпараттарға қанығатынын айтты. Әрі кәсіпке байланысты мағлұматтарға оңай қол жеткізе алады. Сондай-ақ елді мекендерді жұмыспен қамтудан басқа, жеке қосалқы шаруашылықта ауылшаруашылық өнімін өндірудің көлемін ұлғайтуды мақсат етпек. Е.Ожго Үкімет ауыл әйелдері арасындағы кәсіпкерлікті дамыту үшін барлық жағдай жасап отырғанын назарға алса, А.Аккирман нәзік жандылардың қоғамға әкелер пайдасын баяндады. Оның айтуынша, ауылда кәсіп бастаған аруларға алғашқы сәтте міндетті түрде қолдау қажет. Сонда ғана олардың ісі алға басады. Мемлекет тарапынан көмек болатынына көзі жеткен басқа әйелдер де ынта-жігер білдіріп, кәсіпкерлікке бет бұра бастайды. Олар өздерінің отбасының әл-ауқатын жақсартумен ғана шектеліп қалмайды, ел экономикасын көтеруге де атсалысатын болады. Оның үстіне қазір тұрғындарды таза табиғи ауылшаруашылық өнімдерімен қамтамасыз ету маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осыны ойдағыдай орындауға ауылдағы әйелдердің мүмкіндігі толық жетеді.
Мұхтар КҮМІСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»