Руханият • 07 Наурыз, 2020

Мұқағали Мақатаевтың анасы - Нағиман ана

2105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ халқының тарихындағы тар жол, тайғақ кешулі күрделі кезеңдерді, тағдыршешті сәттерді – ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, колхоздастыру, кәмпеске, соғыс, тың игеру жылдарындағы ана тарихы, аналардың көз жасымен жазылған тарихты ақындардың аналарына арнаған жырларымен, сол аналардың тағдыры арқылы ашып көрсеткіміз келеді. Қазақ поэзиясындағы ана жайлы ең үздік жырларды, сол жырларға кейіпкер болған аналар тағдырын қабыл алыңыздар.

Мұқағали Мақатаевтың анасы - Нағиман ана

Бұл жылдар Екінші дүниежүзілік соғыстың бел­ортасы еді. Екі жыл бұрын Мұқағали Мақатаев жетім қалған. Он жасында. Майдан даласына алғашқылардың бірі болып аттанған әкеден қаралы хат келген. Калининградтан жеткен хат. Ал Қарасазда он жасар болашақ ақын әжесінің бауырында, анасының жанында өз тағдырын кешіп жатты. Туған топырағында. Аналардың көз жасымен суарылған топырақта. Ал әкелердің көбі ол топырақты қайта басқан жоқ. «Неге жыламасын?! Бәрі де жылаған!». Соғыс та бітті. Мұқағали да алғашқы өлеңдерін жаза бастаған. Кейде көз жасынан да көктем гүлдері өсіп шығады. Бірақ олардың бәрі жаралы гүлдер еді. Жаралы гүлдер алқызыл жалаулар секілді жаңа дәуірдің шеруінде желбірей бастады. Он тоғыз жылдан кейін Мұқағали да шешесін алып Алматыға келді... «Жасым тоқсанға таянғанда Мұқағалиім туралы естелік айтуды Құдайдан сұраппын ба мен?!» дейді Нағиман ана. Тағдырдың басқа салғанына көнбеске лаж бар ма, Нағиман Батанқызының естелігін біз де жалғаймыз: «1962 жылдың жаз айында аяқасты бұзылды. Мені жеңге орнына санап, «Нақа» дейтін. Бір күні:

– Ал, Нақа, бұйырса, алматылық боласың, көшеміз, – деді әй-шай жоқ. Шынымды айтсам, мен бұған нанбадым. Өйткені астанаға бала-шағамен көше қоятындай жинаған қорының жоғын білемін. Екі інісі де, балалары да жас. Мен болсам, отырған бір масылмын.

– Сонда қайда барамыз? Үйді қайтесің, балам-ау? – деймін.

– Қорықпа, Нақа! Өлеңім өлтірмейді. Асырайды бәрімізді, – дейді маңдайы жарқырап»... Мұқағали тағдырының алағай да бұлағай кезеңі дәл осы тұстан бастау алған еді. Он төрт жылдан кейін өмірден өтті. Осы жылдар бойы жазды. Артында мың бір жыры қалыпты. Сол жырларының арасында мына бір өлеңі ақынның алданған үміті, адасып қалған армандарының өкініші секілді. Анасын жұбатады. Анасы өзін қалай әлдилеген болса, ол да анасын жырымен әлдилейді:

Шеше,

Сен бақыттысың,

Жыламағын!

Жай түсіп жатқанда да құламадың.

Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның

Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой,

Тірімін ғой,

Қасыңдамын.

Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.

Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,

Байырғы берекеңді қашырмағын.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа,

Өзің кепіл тот басып, тозбасыма.

Екі жыр жазсам саған бірін арнап

«Шеше» деп жаздым ылғи сөз басына.

(Тәңірім кеше көрсін кесірімді)

Аспанға жазам сенің есіміңді!

Шеше,

Сен бақыттысың, тербете бер,

Құба талдан иілген бесігімді…

Дала ақынды да, араға он сегіз жыл салып анасын да өз бесігіне алды. Мұқағали «өлең өлтірмейді» деп анасын Алматыға алып келген еді, шынында, өлең оны өлтірген жоқ. Бірақ көзінің тірісінде емес. Мүмкін ақын анасының бақыты дегеніміздің өзі осы шығар?! Мүмкін Мұқағали да осыны айтқысы келген болар?!.

 

Ерлан ЖҮНІС,

Мирас АСАН,

Маржан ӘБІШ,