«Алла тағала өлшеусіз. Біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге бола ма?» деп.
Бұл пайымды Эйнштейін де қайталаған.
«Біз көріп тұрған ғалам бізге көрінбей тұрған арыстанның құйрығы ғана. Ал арыстанның өзі көрінбей тұр. Және біз оны көре аламыз деп айта да алман» деген.
Руми: «Ақиқаттың бұ дүниеде дәлелі жоқ, өйткені ол көзден таса» деп кетіпті.
Айналып келгенде адамзат бұл айтысқа әлі нүкте қойған емес. Дін «Құдай хақ» десе, ғылым «Құдай жоқ» дейді. Орта ғасырда діни диктатураның шектен шығуы жаңашыл ғалымдардың қарсылығын тудырды. Ғалымдар жаңалықтан кейін жаңалық ашты. Өркениет көшін бастады. Прогресс ғарыштады. Соңғы 3 ғасырда дін өзінің өгіз аяң митыңымен шаң қауып артта қалғандай болды. Атеизмнің айдарынан жел есіп, басқа шауып, төске өрледі. «Тәңір тақтан тайды» деп жар салды. Алайда, ХХ ғасыр ортасына таман атомға үңіліп отырған бір ғалымның көз алдында ақыл жетпес бір құбылыс төбе көрсетті. Атом ішіндегі өз орбитасын айналып жүрген электрон, фотондар ғалым назарын билей бастады. Тіптен өзгере бастады. Бұл жаңалық дүниені дүр сілкіндірді. Бұл жаратылыстану ғылымындағы басы ашық төңкеріс еді. Бұл жаңалық адам санасының материяға, яғни атом бөлшектеріне әсер ете алатын құдіретін көрсетті. Яғни сананың материяны қозғайтынын, өзгертетінін көрсеткен еді. Осы жаңалығы үшін кванттық физика атасы Макс Планк 1944 жылы Нобель сыйлығын алып тұрып былай деді: «Мен бүкіл ғұмырын ғылымдар ішіндегі ең нақты ғылым материяны зерттеуге арнаған ғалым ретінде айтарым: материя деген жоқ. Материя деп жүргеніміз осынау титтей Күн жүйесі тәрізді біртұтас атомдағы КҮШТІҢ элементтерді қозғап реттеп тұруы ғана. Біз осы күш сыртында САНА тұр деп білеміз. Оны бүкіл болмыстың матрицасы деп білеміз».
Кванттық физика атасының бұл атышулы мәлімдемесі айдай әлем алдында бүкіл жаратылысты жаратушы, және оны өзгертуші Сана екенін мойындау болды. Яғни әлем архитекторы Алла екенін мойындау болды. Алайда, үш ғасыр ұдай: «Әлемнің қожасы адам, Құдай емес!» деп асқақтаған Батыс бұл жаңалыққа былқ етпеді. Атеизмді ту қылып баяғы құдайсыз қалпымен тарта берді. Бірақ Батыстың бәрі бірдей емес. Былқ етпес парадигмаларға қарсы шабатындар жететін. Соның бірі – америкалық ғалым Грегг Брейден болды. 1954 жылы туған Грегг базалық білімі инженер-физик бола тұра саналы ғұмырын Құдайтану мен жаратылыстанудың бірлігін түсіндіруге арнады. Ол ғылым мен дін таңдаған екі жолдың екеуі де түптің-түбінде бір жерге – Ақыл Иесіне алып барады деп сенді. Осы сенім оның түн ұйқысын төрт бөлді. Төрткүл дүниені шарлатты. Ол өзінің соңғы 20 жыл өмірін 20 ғасырда кванттық физика ашқан жаңалықтардың атамзаманнан дінге белгілі даналықтар екенін дәлелдеумен келеді. Ғылым мен дінді қатар қойып зерттеген ғалым соңғы жылдары ғылыми-көпшілік жанрында «Тәңір матрицасы», «Сана матрицасы» атты атышулы екі кітап жазды. Осы екі кітаптың екеуінде де бұл ғалым ең алдымен кванттық физика жаңалықтарын тәптіштеп түсіндіріп, содан кейін осынау – біз «жаңалықтар» деп отырған құбылыстардың ежелгі адамзат үшін еш жаңалық болмағанын, ежелгі адамзат ол құбылыстарды күнделікті өмірде қолданып келгенін дәлелдеді.
Кванттық физика біздің көзімізге көрінетін және көрінбейтін жаратылыстың түгелі энергиядан тұратынын анықтап, ол энергияны Планк күллі жаратылыстың матрицасы атады. Қарапайым тілмен айтқанда, кванттық деңгейде жанды-жансыздың бәрі бір кірпіштен дейді. Түптеп келгенде қара тастың өзі кванттық деңгейде бізбен тектес дейді. Ең қызығы, тектес болғандықтан адам өз бойындағы атомдар арқылы алыс-жақын өзге әлеммен өзара тұрақты байланыста. Бұл туралы америкалық жапон ғалымы Митио Каку:
«Біздің ағзамыздағы атоммен бізден бірнеше жарық жылы қашықтықтағы ғарыш денелерінің атомдары үнемі өзара ілік-шатыста» дейді.
ХХ ғасыр физиктері фотонды екіге бөліп, оларды бір-бірінен қанша алшақтатса да олар бөлінбеген бір ағзадай бір заматта әрекет ететінін көрді. Мысалы, сізден алған ДНҚ бөлшегін қанша қашықтатса да ол бөлшек сіздің бойыңыздағы ДНҚ-мен бір заматта бірдей қимылдайды. Тәжірибеші ғалымдар, мысалы, сізге күлкілі фильмдер көрсетсе сіз күле бастайсыз. Сонда сіздің бойыңыздағы ДНҚ бөлшектері де «күле» бастайды. Сол кезде сіздің алысқа апарып қойған ДНҚ бөлшектеріңіз де дәл сіздегі ДНҚ бөлшектерімен бірге бір заматта «күле» бастайды. Сонда осы арақашықтықты толтырып тұрған ауа қабаттарының кедергісі қайда? Олар неге ДНҚ-лардың байланысына кедергі келтірмейді деген сұрақ туады. Бұл сұрақ ғалымдардың шақша басын шарадай етті. Классикалық физика заңынша осы екі аралықтағы ауа қабаты көз жетпес қашыққа бөлініп қойылған ДНҚ бөлшегімен өзара бір заматта байланыс жасауына кедергі келтіруге тиіс еді. Байланысты кешіктіруге тиіс еді. Бірақ іс жүзінде ДНҚ бөлшектері кеңістіктегі ауа кедергісін білмейтін болып шықты. Екі ДНҚ арасында бұларды байланыстырып тұрған басқа бір ерекше эфир бар екендігі расталды. Яғни бос кеңістікте ауадан да бөлек эфир бар екені байқалды. Ол эфирді ХХ ғасыр ғалымдары «тылсым қуат», «қара материя» дей бастады. Бірақ бұл «тылсым қуат» көзге көрінбейтін, еш құрал өлшей алмайтын табиғаты бөлек субстанция болып шықты. Осындай табиғатта табиғаты бөлек бір қуаттың бар екендігіне кванттық физика көз жеткізді. Бүгінгі астрофизика бұл «тылсым қуат» шексіз кеңістікті жай толтырып қана тұрған жоқ, сонымен қатар бұл қуат, қисапсыз ғаламшарларды, жұлдыздарды белгілі бір қашықтықта ұстап тұрушы, реттеп тұрушы және қозғап тұрушы күш деп таныды. Оған қоса ол «тылсым қуат» бүкіл ғаламды аласапыран хаостан қорғаушы күш деп те мойындалды. Ендеше, осынау ақылға сыймайтын алпауыт ғаламды толтырып тұрған тылсым күшті, алпауыт әлемді реттеуші, қозғаушы және жымдастырушы саналы субстанция демеске не шара?! Егер бізді қоршаған көз жетпес ғалам жойдасыз тек қана таскерең табиғаттан тұратын болса, онда бұл әлемдегі тәртіп, үйлесім, сұлулық дегендер баяғыда адыра қалып, бізді қоршаған ғалам тас-талқан болмас па еді?!
Сонымен айналып келгенде адамзаттың бүгінге дейінгі діни ізденісі де, ғылыми ізденісі де ғаламдағы жанды, жансыздың бәрі де бір тектен – жаратушы нұрдан деген уәжге тірелді.
«Алла – көктер мен Жердің нұры» /Құран. Нұр сүресі/.
«Өзін таныған адам Құдайды да таниды» /Мұхаммед с.ғ.с. хадистерінен/ Пайғамбарымыздың бұл хадисі адам өз жүрегіндегі илаһи нұрдың сипатын ешқашан түсіне алмайды дегенді білдіреді.
Үнділік «Веда», «Ригведа» тәрізді көнеліктер ғаламды толтырып тұрған бұл қуатты «таза сана» десе, қытайлық даоцизм ол қуатты «ешқандай сипаттауға келмейтін – Дао» деп біледі.
Бір кәпір Имам Ағзамды мұқатпақ болып бір жиында: «Құдай бар дейсің, қайда сол Құдай? Көрсетші!» деп ғұламаға дүрсе қоя беріпті. Имам Ағзам сонда бір табақ сүтті кәпірдің алдына қойып: «Сіздіңше, осы сүттің ішіндегі май қай жерінде?» депті. Кәпір: «Май сүттің барлық жерінде! Оны көрсете алмаймын!» депті. Имам Ағзам: «Құдай да болмыстың барлық жерінде! Мен де Оны көрсете алмаймын! деген екен.
Сонымен Құдай туралы түсінік бүгінгі таңда осындай бір уәжге келіп тоқайласты. Яғни бүгінгі түсінігімізше Құдай рухани субстанция, нұр, энергия. Бүкіл әлемді толтырып тұрған нұр іспеттес. Көзге көрінетін және көрінбейтіндердің бәрі сол нұрдан. Ол энергия нұр үнемі қозғалыс үстінде. Сондықтан тапжылмай тұрған дене жоқ. Бәрі қозғалыс үстінде, бәрі өзгеріс үстінде. Біз де нұрмыз, біз де үнемі қозғалыс, өзгеріс үстіндеміз. Жалпығаламдық нұрдан жаратылғанбыз. Жалпығаламдық нұр ешкімге, ешнәрсеге ұқсамайды. Оны бүгінгі ғылым жалпығаламдық сана деп отыр. Ол сананың басы да, аяғы да жоқ. Мәңгілік. Ми жетпес мәңгілік. Ал біз өткіншіміз. Өкінішке қарай, біз бәрін өзімізбен өлшейміз. Өзімізбен салыстырамыз. Қателігіміз осы. Ал Алла тағала, шынында да, салыстыруға келмейтін шексіз субстанция. Шексіз теңіз. Көзге көрінетін, көрінбейтіннің бәрі сол теңіз болмысынан жаратылған. Біз де сол теңіз болмысынан жаратылған тамшысымыз. Яғни Жаратушының тамшысымыз. Біздің санамызда болып жатқан өзгеріс ешқайда жоғалып кетпейді. Алып мұхитқа тарайды. Біздің санамыздан сорғалап ауызымыздан шыққан сөз де ешқайда кетпейді. Ой теңізіне тарайды. Ащы сөзіміз ғаламдық теңізді ашытса, тұщы сөзіміз сол теңізді тұщытады. Демек, біздің аузымыздан шыққан сөз, қарғыс, алғыс, алдымен өз төңірегімізге тарап, содан кейін әлемге тарайды.
Бұл құбылысты, яғни адам санасының ғаламдық санаға әсерін академик В.Вернадский өткен ғасыр басында ноосфера атады. Оның айтуынша ноосфера – Жер төңірегінде қалыптасқан рухани сфера. Адамзат пиғылы қалай болса Жер ноосферасы да солай. Демек, ноосфераны өзгерту адамзаттың өз қолында. Бұл теорияны француз Пьер де Шарден де іліп әкетті.
Көріп отырғанымыздай, діннің атамзаманнан айтып келе жатқанын кешігіп те болса ғылым да қайталай бастады. Сондықтан да үнділік йог Махариши бұл ілімді өткен ғасырдың 80-ші жылдарында адамзатқа қызметке жегуге тырысты. АҚШ-тың қылмыс өршіген ондаған шағын қалаларында тәжірибе өткізді. Махариши шағын қаланың, мысалы, 100 000 тұрғыны бар қаланың 1 процентін, яғни 1000 адамды бөліп алып дұға оқытқызған. Осындай құрамда дұға-тілек оқылған күндері сол қаладағы қылмыс деңгейі күрт түскен. Бұл тәжірибе тарихта «Махариши эффекті» аталды. Бұл тәжірибелерді Грегг Брейден жоғарыда аталған кітаптарында келтіреді. Осыдан келіп бізге ой келді. Біздің елде де қылмыс деңгейін төмендету үшін 18 миллион халқы бар Қазақстан мешіттерінде, шіркеулерінде күн сайын кем дегенде 180 мың адам дұға оқып, ақ тілектер тілеуі керек екен деген. «Қазақстан халқын пәле-жала, ауру-сырқаудан, апаттан, ұрлық-қарлықтан, қылмыстан сақтай гөр!» дейді. Сонда кванттық деңгейде Қазақстан пәле-жала, апат, қылмыстан аулақтап, рухани тазаруға жақындайды екен. Өйткені біздің ақ ниетіміз Қазақстан ноосферасындағы қара ниеттерден басым түсіп, оны ағарта бастайды екен. Дін адамдары ғана емес, осындай ниетті әр адам айтып жүрсе артық болмайды.
Бірақ бұ жерде бір сұрақ туады. Біз ғаламдық нұрды біресе энергия деп, біресе ноосфера деп, біресе теңіз деп төбемізге көтеріп жатырмыз. Шексіз құдірет деп отырмыз, ендеше сол құдірет неге біз бүлдірген ноосфераны жуып-шайып отырмайды деген сұрақ туады.
Рас. Біз шексіз құдіретті Жаратушының шексіз нұры ішіндеміз. Және сол нұрдан жаратылғанбыз. Жаратушы адамды өмірге әкелгенде де сол өз нұрынан жаратылған тап-таза күйде әкелді. Сөйтіп өмірге біз мінсіз періште күйде келдік. Бірақ өсе келе өзгердік. Өзімізді қоршаған ортаға бейімделдік. Періште пәктігімізден ажырадық. Пенде болдық. Пері болдық. Сонда бұған кім кінәлі? Бұған да Құдай кінәлі ме? Жоқ. Бұған адамның өзі кінәлі, қоғам кінәлі. Бірақ, барлық жерде болғандықтан адам тағдырынан Жаратушы да бейтарап қала алмайды. Өйткені Ол сенің жүрегіңде. Ол саған сенің қан тамырыңнан да жақын. Ол сенің жүрек түкпіріндегі түйсік арқылы күндіз-түні тілдеседі. Сені тағдыр талқысына тастап кетпейді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін сыбырлап айтып отырады. Нанбасаңыз көзіңізді жұмып, жүрек үніңізге құлақ түріңіз! Жаратушы үні естіледі. Бірақ біз сол үнге құлақ астық па?! Құлақ аспадық. Сайтанның сыбырына құлақ астық. Бір сәттік нәпсі жетегінде кеттік. Бес күндік Жалған Дүние қызығын қуалап кеттік. Бірақ біздің ісіміз бен сөзіміз ешқашан өшпейді. Оны біз адамнан жасырғанмен Құдайдан жасыра алмаймыз. Іс-әрекетіміздің бәрі жазылып, жатталып ноосферада қалады. Бірақ біз бүгінде сол ноосфераның өзін қоршап тұрған шексіз Жаратушы бар деп отырмыз. Оны ақылға сыймас шексіз құдірет деп отырмыз. Ендеше, сол ақылға сыймас шексіз құдіретті Жаратушы неге Жер төңірегіндегі шектеулі азғана ноосфераны сауықтыра салмайды?! Жаман пиғылдарды жоя салмайды?! Жоқ. Жоя салмайды. Сіңіріп әкетеді, таратып әкетеді, уытын әлсіретеді. Бірақ жоймайды. Себебі табиғатта энергия ешқашан жойылмайтыны белгілі. Энергияның бұл қасиеті бүгінгі мектеп оқушысына да мәлім. Жаратушы нұры, сонымен қатар, шексіз махаббат, шексіз тазалық. Біздің лас пиғылдарымыз сол шексіздікке жайылғанда әлсірейді. Бірақ жойылмайды. Тереза ананың: «Мені соғысқа қарсы митингіге шақырмаңдар, бармаймын! Мені бейбітшілікті жақтайтын митингіге шақырыңдар, барамын!» дейтіні содан. Әулие ана: «Ноосфераға «соғыс» деген жаман сөз таратпайық, оның орнына «бейбітшілік» деген жақсы сөз таратайық!» дегені еді. Адам санасының жаһан санасына әсерін білгендіктен.
Кванттық ғылым ашқан бұл жаңалық, бұл құпия, яғни жанды-жансыздардың бәрі өзара ықпалдастықта болатыны әлем халықтарына әлімсақтан аян болған. Ауыл қариялары әлі күнге шейін: «Жамандық шақырмаңдар!» деп отырады. Малды ауылға жамандық әкелетін қасқырдың атын атамайды, «ит-құс» дейді. «Судың да сұрауы бар» дейді. Ауыл адамдары тірі табиғатқа да, өлі табиғатақа да зиян келтірмеуді ойлайды. Адам пендеге зәбір көрсетпеуге тырысады, қарғыстан қорқып.
Квант тілімен айтқанда, барлық жанды, жансыздар өзара Тәңір матрицасы арқылы байланыста. Өзара шексіз нұр арқылы байланыста. Баяғының білімдарлары мұны білген. Оны Ақиқат депті. Аллатану депті. Сондықтан да күндіз-түні бір Аллаға жалбарынып, оған деген махаббатын паш етіпті. Жан-тәніне кір жұқтырмауға тырысыпты. Мұндай пенделер «Алла!» деп қанша қақсаған сайын оларға Алланың өзі де сонша жақындай түскен. Бұндай пенделер риясыз көл-көсір махаббатымен Иесіне қаншалықты құлшылық еткен сайын, бұл пенделердің көкірегіне Хақ нұры соншалықты лекілдеп құйылған. Сөйтіп бұл тақуалардың күндердің-күні жүрек көздері ашылған. Әулиеге айналған. Олар өзге жұрт көре алмайтынды көрген. Өзге жұрт білмейтінді білген. Өзге жұрт болжамайтынды болжаған. Өйткені олардың көкірегіне Хақ нұры толған. Сондай жанын «илаһи нұр» керелеген жандардың бірі Иранда туылып оныншы ғасырда Бағдатта өлтірілген әйгілі ислам азапкері, сопы Мансұр Әл Халадж болды. Ол заманы таң қалған әулие еді. Хақ нұры жүрегіне толғанда сабыр ете алмай қалып «Ан аль Хақ!», «Ан аль Хақ!» деп айқайлайтын болған. Яғни «Мен Хақпын!» деп жар салатын болған. Сол үшін оған дүмшелер «Құдайдан безген!» деп айып тақты. Бағдад ортасында жиналған жүз мың халықтың көзінше халиф жендеттері оны қылышпен паршалап өлтірді. Аяқ-қолын шауып жатса да Мансұр күліп тұрған. «Алланың маған берген ұлы құпиясын жария еткенім үшін жазалануға тиіспін! Өлуге тиіспін!» деп тұрған. Ұлы азапкер ажалын осылай қарсы алған.
Тибеттіктер мұндай пенделерді «үшінші көзі» ашылғандар дейді. Үнділіктер «гуру», «йог», «аватар» дейді. Далалықтар «аруақ қонған», «шайхы», «әулие», «бақсы» дейді. Мұндай әулиелер Ұлы Далада аз болмапты. Әзіреті Сұлтан, Қарабура әулие, пір Бекеттен бастап кешегі Бекасыл әулие, Мәшһүр Жүсіпке дейінгі аралықта ондай Хақтың назары түскендер аз болмапты. Оларды халық әлі күнге пір тұтады. Жатқан жеріне зиярат етеді. Ұлы Дала пірлері де адам айтса сенгісіз кереметтер жасаған. Олар үшін Меккеге ұшып барып намаз оқу, бұлтсыз күні жаңбыр жаудыру, немесе, ашыққанда ауадан ас жасау қиын шаруа болмаған.
Осыдан келіп түйсік түкпірімізде: «Мұндай деңгейге адам қалай жетеді?» деген сауал туады. Шәкірттері осы сауалды көз алдарында өліні тірілткен Иса пайғамбарға қойса керек. Сонда Иса с.ғ.с: «Егер, көкіректеріңде бұршақтың түйіріндей сенім болса, ана тұрған тауға «Қозғал!» десең қозғалады!» деп жауап беріпті. Бұл сөзімен пайғамбар не деген? Жүректеріңде алдымен сенім болсын деген. Сенім болса адам пенде тау қопарып, тас жарады деген. Құдірет күшке ие болуы үшін адамға ең алдымен сенім керек деген. «Бұндай құдірет күш пайғамбарларға ғана тән емес, Жаратушыға сенімің күшті болса бұндай құдіретке сен де ие боласың!» дегенді айтты.
Яғни төңірек қоршаған ортаға адам санасының, сенімінің әсерінің орасан зор екенін айтқан. Бұл құбылысты Жаратушының: «Бұ Дүниеде сендер нені сұрасаңдар соны беремін! Бірақ анау Дүниеде сендерден бір-ақ нәрсе сұралады! Ол – иман!» деуі де растап тұр. «Ниет етіңдер, ұмтылыңдар, алдарыңда алынбас асу жоқ!» деп тұр. Демек, адам баласы алға қойған бір мақсатына жетуі үшін, ең алдымен «Осы мақсатыма қалайда жетемін!» деген онда селдей сенім болуы керек екен. Сонда өзгеріс алдымен сенің санаңда басталып, одан ары төңірегіңді өзгертіп, одан кейін тағдыр жолыңды туралай бастамақ.
Бір жазушыны білемін. Мектепте жетінші сыныптан бастап әдебиетке өлердей ғашық болды. Әдеби кітаптарды суша сімірді. Қызық кітап жазатын қаламгер болсам деп армандады. Көзді жұмып сол қиялға берілді. Мектеп бітіретін кез келді. Мал бағатын әке-шешесі: «Әй, қарағым, тұқымыңда жоқ қасиетті қиялдап қайтесің! Бізге сенің мына совхозға бас бухгалтер болғаның керек! Соның оқуына түс!» деді. Бірақ бұл қаламгерлік жолдан қайтпады. Күндіз-түн тырбанды. Байлық, билік тәрізді өмірдің өзге қызықтарына мойын бұрмады. Ойлағаны әдебиет болды. Ақыры діттеген мақсатына жетті. Қаламгер болып қалыптасты. Сөйтіп тұқымында жоқ кәсіпке ие болды. Бүгінде ол қартайды. Бірақ өкініп жүр. Онда да бәйбішесі бұрышқа тыға бергеннен кейін өкініп жүр. «Сенің кітабыңнан не қайыр? Мына ізімізге ерген ызғындай бала-шағаға ертең не байлық қалдырамыз?» деп бұрышқа тыға бергеннен кейін өкініп жүр. Жаратқан Иеден әубаста жазушылыққа қоса: «Билік пен байлықты да бер неге сұрамадым екен!», дейді. Қарап отырса тағдыр бұған сұрағанын беріпті. Сұрамағанын бермепті. Бұл да болса сенім дегеннің селдей күшін білдіретін бір мысал. Жеке бір тағдыр мысалы. Ал қоғам, халық деген сол жеке тағдырлардан тұрмай ма? Осынау жеке тұлғалар сенімі ұйымдық, ұлттық санаға ұласар болса, тау қопарып, тас жаратын құдірет-күшке айналмай ма?! Тұтас ұлт Толағайға айналмай ма?! Айналады. Тарих көші көз алдымызда соны дәлелдеп жатыр. Тозамыз деген ұлттар тозып жатыр. Озамыз деген ұлттар озып жатыр. Өз күшіне сенген елдер өркениет көшін бастапты. Өз күшіне сенбегендер солардың шылауында жүр. Демек, өшкіміз келмесе, өскіміз келсе өз күшімізге сенуіміз керек екен! «Ешкімнен кем емеспіз», деп ұмтылсақ кем болмайды екенбіз!
Адам өміріндегі алғашқы қадамның бәрі, алдымен – санадан. Кеселді жеңу үшін кісіде: «Сол кеселді жеңемін!» деген сенім болуы керек дейді дәрігерлер. Плацебо тәсілі бұл – сана күшінің денеге әсері. Сананың материяға әсері. Яғни кванттық физика жаңалығы. Бұл пайым бойынша адам санасы ғаламдық санамен тікелей байланыста. Ғаламдық сана адам санасына қалай әсер етсе, адам санасы да ғаламдық санаға солай әсер етеді. Өйткені адам жаны ғаламдық жанның бір бөлшегі. Дін бойынша да адам жаны Алланың аманаты. Тән өлгеннен кейін жан ғаламдық рухқа қосылады. Ғылым шынтуайтында тән де өлмейді дейді. ДНҚ деңгейінде топырақта сақталады дейді. Клондау арқылы оны тірілтуге болады дейді. Дін де осыны айтады. Таңдамақшарда Жаратушы әхлі адамзатты тірілтіп алады деп айтады.
Құрметті оқырман!
Бүгінгі әңгімеміз: «Бізді кім жаратқан?» деген бала жастан бізді мазалаған бір сұраққа жауап іздеуден басталған еді. Бүгін осынау сұраққа, кім-кімді де бейжай қалдырмайтын сұраққа өз әл-қадарымызша жауабымызды жария еттік. Байқағаныңыздай бұл жауап жоғарыдағы сойқан сұраққа жалғыз біздің берген жауабымыз емес, бұл сол сұраққа бүгінгі ғылым мен діннің бірігіп берген жауабы дерлік.
Бұл сұрапыл сұраққа адам пенде ес жиып, етек жапқалы сабылып жауап іздепті. Дін жолымен де, ғылым жолымен де. Бұл екі жол үш ғасыр ұдай бірін-бірі жоққа шығарып келген. Сөйтіп бұл екі жол, екі жолаушы ақыры өрмелеп Ақиқаттың асуына шыққаны туралы америкалық ғалым Р.Джестроу бейнелі түрде былай айтыпты:
«Білім биігіне ұмтылған ғалым осы жолға бүкіл ғұмырын сарп етіп, «мойны ырғайдай, биті торғайдай» болып, ақыры Ақиқаттың ең соңғы асуына аяқ ілдіріпті. «Аспанмен таласқан Ақиқат шыңына ақыры бірінші болып жеттім бе, «ух!» деп, еңсе көтеріпті. Көзі шың басында отырған бір топ қауымды көреді. Сөйтсе, бір топ әулие Ақиқат шыңының басына баяғыда жетіп бұ жерде атамзаманнан бері отырған болып шықты!», дейді.
Ендеше, бір нәрсе анық. Бүгінгі адамзат Ақиқат шыңына қай жолмен жетсе де Аллатану әліпбиінде жүргені анық. Құдайтану кіріспесінде жүргені анық.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы