Осы ұсыныстардың негізінде және Парламенттік тыңдау нәтижелері бойынша ауқымды құжат даярланып Үкіметке жолданатын болады. Бірқатар ұсыныс ауыл шаруашылығы саласына, оның қазіргі жай-күйі мен дамытудың жаңа мүмкіндіктеріне арналды.
Елбасы өз Жолдауында «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының драйвері» деп атаған болатын. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – маңызды стратегиялық міндеттердің бірі, әрі еліміздің Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жағдайында ерекше өзекті. Мемлекет басшысының Жолдауында ауыл шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғаны атап өтіліп, нақты нәтижелерге жету міндеттелді. Бұл үшін агроөнеркәсіп кешенін тиімді мемлекеттік реттеу тетіктерінің рөлі өте маңызды. Мемлекеттен бөлінетін қомақты қаражатқа қарамастан, бұл сала рентабельділігі төмен секторлардың қатарында. Сараптамалық бағалау бойынша, басты проблема – мемлекеттік реттеудің жетілмегенінде болып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында агроөнеркәсіп кешені мен ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған тоғыз бағдарламалық құжат қабылданды. Алайда олар саладағы жағдайдың түбегейлі өзгеруіне ықпал ете алмады. Аграрлық сектордағы өнімдердің 80 пайызға жуығы шикізат түрінде сатылады, бірқатар өнімнің импортқа тәуелділігі жоғары. Дайын тағамдық өнімдер негізінен шеттен әкелінеді, ал басты экспорттық тауарымыз астық дақылдары – жалпы экспорт көлемінің 42 пайызын құрайды. Мемлекеттік реттеудің жүйесіздігі, субсидиялау Ережелерінің жиі өзгеруі саланың дамуына кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты, мемлекеттік қолдау шарттарын инвестициялық жобалардың аяқталуына дейін сақтау нормаларын заңды түрде бекіту ұсынылуда. Бұл ұсыныс назар аударуға лайықты деп санаймыз.
Бұл тұрғыда бірқатар маңызды мәселелерді атап өткіміз келеді. Атап айтқанда несие қаражаттарының жеткіліксіздігі мен қолжетімді болмауы. Бұған себеп – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде активтердің, жердің кепілдік құнының төмендігі және өтімді кепілдердің болмауы. Субсидияландыру жүйесінің тиімділігі мәселесі де жетілдіруді қажет етеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерін барынша қолдай отырып, негізінен субсидиялаудан арзан және ұзақ мерзімді кредиттеуге біртіндеп көшу мәселесін, келесі қабылданатын мемлекеттік бағдарламада терең қарастырудың қажеттігі туындауда. Бұл елеулі өзгерістерге әкелу мүмкіндігі қауымдастықтар мен одақтар өкілдері тараптарымен кездесулерде де ұсынылды.
Саланың инфрақұрылымын қаржыландыру деңгейінің төмендігі; ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп өнімдерінің, қызметтердің, шикізат пен азық-түлік бағаларының теңсіздігі; ауыл тұрғындарының өз кәсібін ұйымдастыруы үшін қаражат пен білімнің жеткіліксіздігі де саланың қарқынды дамуына бөгет болып отыр.
Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың маңызды тетігі – қаржыландыру мәселесінде ҚазАгроның өзіндік орны бар. Мәселен, өткен жылы холдингтің саланы қаржыландыру көлемі 19 пайыздық өсіммен 477 млрд теңгені құраған. Ал банктердің үлесі 3,7 пайыз ғана. Өкінішке қарай, холдингтің қыруар қарыз жүктемесі бар, сондықтан бұл мәселе, мамандардың айтуынша, несие мөлшерлемелерін төмендетуге мүмкіндік бермеуде. ҚазАгроның қарыздарын қаржылық сауықтыру үшін Үкімет тарапынан жан-жақты негізделген жұмыс қажет деп есептейміз. Сонымен қатар дамыған елдер тәжірибесін және фермерлер ұсыныстарын ескере отырып, банктердің ауыл шаруашылығын белсенді қаржыландыру жайына назар аудару керек. Қаржы институттарында уақытында кепілдікке қойылған қаншама ауыл шаруашылығы жерлері тұр. Оның айналымнан шығып, игерусіз жатқандары қаншама?
Жер – ауыл шаруашылығының базисі ғана емес, негізгі өндіріс құралы. Сондықтан оның құқықтық статусын (мәртебесін) анықтаудың мәні зор. Менің ойымша, ауылшаруашылық жерлерін мемлекет меншігінде қалдыра отырып, ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығын енгізу оң шешім болар еді. Бұл жер пайдалану құқығының кепілдік мәні мен кепілдік бағасын көтеріп, өнім өндірушілер мен қаржы институттары арасындағы қаржылық қатынастардың тиімділігін арттырар еді.
Сенатта өткен кездесулерде көтерілген басты мәселенің бірі – пайдаланылмай жатқан жерлер туралы ақпараттардың қолжетімсіздігі. Осы орайда, қазіргі заманауи технологияларды, мәселен, жерді қашықтықтан зондтау, ғарыш түсірілімін қолдану жерді пайдалануды бақылаудың тиімділігін арттыратыны сөзсіз.
Бүгінгі қолданыстағы заңнамалық базаның олқылығы – тұрақсыздығында деп білеміз. Мысалы, Жер кодексіне 99 заңнамалық өзгерістер енгізіліп, 260-тан аса заң түрлі толықтыруға ұшыраған. Талдау көрсеткендей, әлі де өзектілігі тұрғысынан ескірген нормалар баршылық. Бұл инвестициялық ахуалға теріс ықпалын тигізуде. Аталған мәселеде Ұлттық экономика және Әділет министрліктері тарапынан нақты бақылау мен үйлестіруді күшейту қажет. Нақты заңнамалық регламенттеудің болмауы қаржыландыру құралдарының жеткіліксіздігі мен қолжетімділігінің төмендігіне әкеп соғуда. Бір мысал, шалғай ауылдар қаржы институттарының бөлімшелерімен қамтылмаған, фермерлерге кепілді қамтамасыз ету өте қиын. Сондықтан да, болашақ өнімді кепілге қоюға мүмкіндік беретін жаңа қаржы құралы – аграрлық қолхатты енгізу мақсатында жеке заңның қабылдануы өте маңызды.
Бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтардың мәртебесіне арналған нормативтік-құқықтық база құру, кооперативтерге жағдай жасау ауадай қажет. Бұл ең алдымен, өнімдерді делдалсыз өткізуге жол ашады. Қазіргі уақытта өндірілген өнімді дайындау, бастапқы өңдеу, өңдеуші кәсіпорындарға жеткізудің жүйесі жоқ. Сонымен қатар сервистік қызметтер – агрохимия, ветеринария, фитосанитария, мелиорация және басқаларының деңгейлерінің тым төмендігі – саланың өсуін тежеуші факторлардың бірі. Бұл проблемалардың оң шешім табуы – табыс деңгейіне, азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпал етері сөзсіз.
Әрине, жеке және мал шаруашылықтары туралы айта отырып, ветеринария саласы туралы айтпау мүмкін емес. Мал шаруашылығындағы мақсатты индикаторларға қол жеткізу ветеринарлық ахуалға тікелей байланысты. Саладағы біраз мәселе агроөнеркәсіп кешенін реттеу жөніндегі заңда қаралды. Дегенмен шаруашылықтарда мамандар жетіспеуде, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасымен кейінгі 3 жылда тек 254 мал дәрігері жұмысқа орналасты, жыл сайын 3,5 мың маман дайындалса, оның 20 пайызы ғана ер балалар.
Аса қауіпті ауруларға қарсы препараттар тек соңғы 3 жылда 12 млрд теңгеге шет елдерден сатып алынған. Бұл мәселені шешу үшін мемлекеттік биокомбинаттың болуының стратегиялық маңызы зор. Эпизоотиялық ахуал, мемлекеттік сатып алу, азық-түлік және биологиялық қауіпсіздікті реттеу бойынша ұсыныстар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан назарға алынып, қарастырылуы тиіс.
Су ресурстарын тиімді пайдалану, заңнаманы одан әрі жетілдіру мәселелері соңғы уақытта екі рет Парламенттік тыңдауда қаралды. Бұл салада басқару, есепке алу, бақылау, жоспарлау мен үйлестіру мәселелері әлі де өзекті. Гидротехникалық құрылыс объектілері туралы нақты ақпарат жоқ. Сондықтан су қоры мен су шаруашылық жүйелерінің әлсіздігін және мамандардың пікірлерін ескерсек, қолданыстағы тарифтік саясаттың тиімсіздігі; апаттық нысандарды жөндеу, аса маңызды стратегиялық нысандарды инженерлік-техникалық нығайтуды қаржыландырудың нашарлығы; объектілерді басқару мен пайдалануда заманауи жүйелерді, автоматтандыруды енгізу; білікті кадрлардың тапшылығы – шешімін табуды талап ететін проблемалар. Сондай-ақ трансшекаралық өзендерді пайдалану шеңберінде тиімді іс-қимыл жүргізудің маңызы зор.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында біз үлкен өндірістік және экспорттық резервтерге иеміз. 2019 жылы экспорт 3,3 млрд долларға жетіп, (2018 жылмен салыстырғанда 5,9%-ға артқан), импорт көлемі 3,9 млрд долларды құраған (өсім 7%). Дегенмен, Қазақстан әлі де импортқа тәуелді, экспортымыз шикізатқа бағынышты. Бүгінде ішкі тұтынудағы импорттың үлесі құс еті бойынша 49 пайызға, алма 31, ірімшік пен сүзбе 46, шұжық 39, қант 57, балық 72 пайызды құрады. Өңделген өнім экспорты аса өзекті мәселе.
Ет өңдеу кәсіпорындары шикізат және айналым қаражатына байланысты 45 пайыз қуатында жұмыс істеп келеді. Оны шешу туралы көптеген ұсыныс айтылғанмен, былтыр шетелге тірідей сатылған 156 мың бас ірі қара, 246 мың бас қой жүйелі жұмыстың жоқтығына дәлел.
Ұн өндірісінің күрт төмендеуі мен экспортының 32 пайызға азаюы, дәстүрлі импорттаушы елдерде қайта өңдеудің дамуы, терең өңдеу өнімдерін (глютен, крахмал, биоэтанол, т.б.) дамыту мен жаңа нарық іздеуге көңіл бөлуді қажет етеді. Бұл проблемалар шешілуі үшін жауапты министрліктердің үйлестірілген іс-қимылы қажет.
Қыруар қаржылай қолдауға қарамастан, сүттің шикізат секторы өңдеу қажеттілігін қамти алмауда. Деректерге сүйенсек, соңғы 7 жылда 70 тауарлы сүт фермасы іске қосылған, алайда жыл сайын 52 мың тоннадан аса сүт қышқылды өнімдер мен өңделген сүт, 49 мың тонна ірімшік, сүзбе және құрғақ сүт импортталады. Сонымен қатар ұлттық тағамдық азықтар, бақша дақылдары, жеміс, көкөністер өңдеудің озық технологиялары керек.
Жалпы, бүкіл өңдеу саласының өткір мәселесі – өңдеуші кәсіпорындарды сапалы шикізатпен қамтуға басты назар аударылуы қажет.
Ауылдық елді мекендерді дамытудың түйінді мәселелерінің бірі – ақпараттық қамтамасыз етуді жаңа деңгейге шығару. Ауыл еңбеккерлері озық технологиялар, мемлекеттік қолдау шаралары, заңнамалық базадағы өзгерістер, нарық маркетингі туралы хабардар етілуі тиіс. Сондықтан аграрлық ғылым мен озық тәжірибені, еңбек адамының бейнесін насихаттайтын көрсетілімдердің маңызы өте зор. Осы орайда, арнайы мамандандырылған «Аграрлық телеарна» ашу қажет деп санаймыз. Бұл телеарна еліміздің агроөнеркәсіп саласын дамытуға, ауыл шаруашылығын ел экономикасының драйверіне айналдыруға ықпал етер еді.
Сенатта өткен парламенттік тыңдау барысында Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева ауыл шаруашылығы туралы өз ойларын ортаға сала келіп, еліміздің агроөнеркәсіп кешені ұлттық экономиканың драйвері болу үшін барлық алғышарт бар екенін атап өтті. Ол сондай-ақ: «Қазақстанда климаттық аймақтардың әртүрлілігі алуан түрлі дақылдарды өсіруге мүмкіндік береді. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болу 200 млн адамдық нарыққа шығуға және егістік, әсіресе жайылымдық жерлердің әлеуетіне қолжетімділікті ұсынады, бұл біздің елімізде 188 млн гектарды құрайды – әлем бойынша 5-орын аламыз, бұл ауылшаруашылық өндірісінің өсуіне ерекше мүмкіндіктер ашады», деді.
Дариға Назарбаева Қазақстанның аграрлық саясатының басты міндеті, ел тұрғындарының 80-90 пайызын азық-түлікпен қамтамасыз ету екенін атап өтті. Бұл ішкі нарықты қорғауды, шығындарды азайтуды және саланың табысын арттыруды, жаңа технологияларға көшуді, барлық заманауи талаптар мен стандарттарға сәйкес келетін сапалы өнімдер шығаруды білдіреді.
Сенатта өткен парламенттік тыңдаулардың барысында мүдделі пікірталас өрістеді, аграрлық саланың жай-күйі жан-жақты сараланып, талқыға салынды. Кемшіліктер атап көрсетіліп, оны жою жолдары нақтыланды. Алдағы жұмыс көлемі мен бағыт-бағдар нақты белгіленді. Бұл өз кезегінде отандық ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және осы саланы заңнамалық тұрғыдан тиянақты қамтамасыз етуге септігін тигізеді деп ойлаймыз.
Дүйсенғазы МУСИН,
Парламент Сенатының депутаты