Аймақтар • 10 Наурыз, 2020

Мақсат – сапалы жол үлесін 80 пайызға жеткізу

39 реткөрсетілді

Өркениетті ел қатарына қосылуға қажетті басты талаптардың бірі – сапалы автомобиль жолы. Елдер мен қалалардың әлемдік даму үдерісіндегі осындай критерий де белгіленген екен. Республикамызда соңғы жылдары автомобиль жолы құрылысына айрықша мән берілуінің басты бір сыры осында десек қателеспейтін шығармыз. Өйткені жолдары шұрық-тесік, ойқы-шойқы, шұңқырлары мен тесіктері көп елдердің жуық арада жоғары дамыған елдердің қатарына қосыла қоюы екіталай болса керек.

Осы орайда бүгінгі әңгімемізді еліміздегі төрт агломерациялық орталықтың бірі – Ақтөбе қаласындағы жолдардың жай-күйіне қатысты өрбіткенді жөн көреміз. Ақтөбе – республикамыздың батыс өңірінде жедел қарқынмен өсіп-өркендеп келе жатқан өңірлердің бірі. Ендеше осындай биік даму өлшеміне қала іші мен көшелердегі жолдардың сапасы сәйкес келуі керектігі де ешқандай талас туғызбайды. Әйтсе де дәл қазіргі күні мұндай деңгейге жетудің мерзімі әлі де алыстау екені көзге айқын көрінеді.

«Естігенімді айтайын ба, жоқ әлде көргенімді айтайын ба?» - деп халық ауыз әдебиетінде айтылғандай, егер көргенімізді айтсақ қаланың 711 көшесіндегі жырық-тесік көңілсіз көріністерді айтпағанның өзінде облыс орталығыдағы Әбілқайыр хан, Сәңкібай батыр, Бөгенбай батыр және Әз-Наурыз секілді басты магистралдық даңғылдардың өзі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ақтөбе қаласы көшелерінің мұндай сүреңсіз күйге түсуі бір күннің ішінде аяқ астынан бола қалған құбылыс емес екені де хақ. Егер жыл сайын қараусыз қалған көшелердің белгілі бір бөлігіне жай, орташа және күрделі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілген болса, атқарылатын істер мүмкін дәл қазіргідей қордаланып қалар ма еді, қалмас па еді?

Әрине, мұның бірнеше себептері бар деуге болады. Біріншіден, 2020 жылды есепке алмағанда мұның алдындағы соңғы екі-үш жылдың ішінде Ақтөбе қаласындағы көшелерге күрделі жөндеулер жүргізуге қалалық, облыстық және республикалық бюджеттерден мардымды қаражат бөлінбей келген. Талас жоқ кез-келген автомобиль жолы құрылысының өзіндік құны өте жоғары. Өзгесін айтпағанда, ұзындығы 1шақырым жол салудың өзіне 60-70 миллион теңге төңірегінде қаражат жұмсалады екен. Мұндай жағдайда тек бірыңғай бюджет қаражатына иек арта берудің өзі де іскерлік пен ілкемділіктің белгісі бола алмайды. Сонымен бірге қалаішілік жолдар құрылысын қаржыландырудың өзге жолдары мен тәсілдері іздестірілмей, тіпті қажетті жағдайда инвестициялық ресурстар мен мүмкіндіктердің жұмылдырылмағаны орын алған проблемалық жәйттерді тереңдете түскені байқалады.

Екіншіден, тендерлер арқылы облыс орталығындағы жолдарды жөндеу құқын жеңіп алған мердігер компаниялар мен кәсіпорындардың өз ісіне салғырт, енжар, жауапсыз қарағаны. Сонымен бірге олардың құжаттары мен техникалық жарақтандырылуының арасында бірқатар айырмашылықтар болғаны да белгілі болып отыр. Осындай үстірттіктер мен олқылықтардың салдарынан жарты миллионнан астам тұрғыны бар Ақтөбе көшелерінің асфальт жамылғысымен қамтылу көрсеткіші 45-47 пайызға дейін құлдырап кеткен.

Әрине, біз жоғарыдағы жолдарды жазған кезде өткен жылдары қалаішілік жолдарды ретке келтіруде мүлдем түк істелмеген екен деген ойды меңзеуден аулақпыз. Облыс орталығындағы жалпы ұзындығы 651 километрді құрайтын автомобиль жолы бөліктерінде қолға алынған жұмыстар жоқ емес. Әйтсе де, бұл істер бұған дейін аталып өткендей өзінің тиісті деңгейінде атқарылмаған. Биыл Ақтөбе қаласында жүзеге асырылатын ірі жобалар мен жоспарлар сол бауырын жаза алмаған жол құрылысына жан бітіру тұрғысынан жалғастырылмақ.

Атап айтқанда, мұндай қомақты жобалардың қатарында Батыс 2, Нұр-Ақтөбе, Нұр-Ақтөбе 1, бірқатар ықшам аудандардағы аумақтар, «Сельмаш» ауданындағы көпір өткелінің құрылысы мен Заречный елді мекеніндегі жолдар бар. Сонымен бірге, Байғанин, Құлымбетов, Мөңке би, Нариманов. М.Мәметова, М.Өтемісовжәне Бейбітшілік көшелеріне күрделі жөндеулер жүргізілмек. Биылғы жылы атқарылатын жол құрылысы көлемінің елеулі бөлігін орташа жөндеулер құрамақ.

Тұтастай алғанда биыл Ақтөбе қаласы жолдарын жөндеуге бюджеттен 5 миллиард 300 миллион теңге бөлінген. Бұл сома өткен жылмен салыстырғанда көбірек болғанымен алдағы уақытта атқарылатын қалаішілік автомобиль жолы құрылысының жалпы көлеміне шаққанда тапшылық жасайтынын аңғару қиын емес. Осы орайда, оқырмандар назарына төмендегі деректерді бере кеткеннің артықшылығы жоқ секілді.

Биылғы 2020 жылы Ақтөбе қалалық әкімдігінде автомобиль жолдарын жөндеу жұмыстары аясында жалпы сомасы 12 миллиард теңгеге жуық 40 жобалау-сметалық құжаттар жасалыпты. Оны іске асыру биылғы кезеңді қоса алғанда үш жылға есептелген. Сөйтіп, 2020-2022 жылдары аралығында аталған жобалар толығымен жүзеге асырылған жағдайда Ақтөбе облысының орталығында асфальт жамылғысымен қамтылған сапалы автомобиль жолының үлесі 80 пайыз құрамақ.

Сондай-ақ биыл мұнда қалаішілік жол жөндеулерін жүргізу үшін қосымша қаражат көздерін іздестіру жұмыстары қолға алынған. Бұл іс мәселенің тағы бір мәнісі тұрғысынан қарастырғанда тұрғындардың талап-тілектері мен сұраныстарын өтеуден бастау алғанын айту парыз. Бұл ретте, кейбір көшелер мен жол өткелдерінде пайда болған тесіктер мен шұңқырларды бітеу жұмыстарын өз қаражаттары есебінен өтеу жөнінде шешім алған «Ерхат жолдары», «Автолайн» және «Барлық құрылыс» ЖШС секілді компаниялардың қадамдарына тұрғындар дән риза. Биыл ақтөбе қаласы маңында қардың тез еріп, жердің қарая бастауы шешімін күтіп тұрған істерді ертерек бастауға мүмкіндік туғызып отыр.

Біз бұған дейінгі жазған материалдарымыздың бірінде облыс орталығындағы бірқатар компаниялар мемлекеттік сатып алулар кезінде кейбір немкеттілікке жол бергені жөнінде жазған едік. Мұндай көріністердің қалаішілік жолдарға орташа және күрделі жөндеулер жүргізу ісі тапсырылған мекеме-кәсіпорындарға да қатысы бар. Ендеше, алдағы уақытта Ақтөбе қаласы әкімдігі тарапынан мемлекеттік сатып алу жөніндегі конкурстарға қатысатын мердігерлік компанияларға қойылатын талап күшейтіліп, белгіленген жұмыс ауқымының толықтай атқарылуы, әрі оның сапалы жүргізілуі ұдайы бақылауға алынса, бұған дейін орын алған кемшіліктердің орны толатыны талассыз.

 

АҚТӨБЕ 

Соңғы жаңалықтар

Шымкентте 22 адамнан Covid-19 анықталды

Коронавирус • Бүгін, 10:05

Ғасыр зұлматы

Қоғам • Бүгін, 09:30

Із қалдырған ірі тұлға

Қоғам • Бүгін, 07:06

Қосаевтар әулетінің қасіреті

Руханият • Бүгін, 06:56

Құрдым (төрттаған)

Әдебиет • Бүгін, 06:20

Ұқсас жаңалықтар