Аймақтар • 10 Наурыз, 2020

Азық -түлік бағасын арзандатудың жолы

180 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Азық-түлік бағасы күн сайын шарықтап, халықтың наразылығын тудырып отыр. Мемлекет басшысы, Парламент және Үкімет бұл проблемаға көңіл бөлмей отырған жоқ. Әр түрлі дәрежеде талқыланып, іс-қимылдың мемлекеттік бағдарламалары қабылданды.

Азық -түлік бағасын арзандатудың жолы

Алайда жергілікті жерлерде мәслелер түбегейлі шешімін тауып, іс-шаралар нақты іске аспай жатыр. Көңілге қонымды ұсыныстар үкіметтік деңгейде айтылса да, делдалдар мен олардың қолдаушылары құрып отырған бөгеттерден өту мүмкін емес. Соған қолданатын қарсы шаралар да бар. Бірақ соны ешкім ескере бермейді.

Бұған бір ғана мысал айтайын. Бұрын біздің Солтүстік Қазақстан облысы ескі шекарасында (бұрынғы Көкшетау облысының 4 – ауданы қосылмай тұрып) 9,5 мың гектарға картоп өсіретін. Облыс орталығы тұрғындары үшін қысқа 20-мың тонна картопты сақтауға салып, ол Петропавл тұрғындарының қажеттілігін толық қамтамасыз ететін. Ал облыстан тысқары аймақтарға 75 мың тоннадай картоп жөнелтілетін. Қазір облыста 34 мың гектар жерге картоп егіледі. Соған қарамай облысқа шеттен картоп әкелініп, сатылады. Бұл қалай?

Мұның себебі біреу-ақ. Барлық тетік делдалдардың қолына беріліп қойғандық. Күзде жиналған картопты делдалдар арзан бағамен сатып алып кетіп, өздерінде сақтап, бізге әкеліп екі-үш есе қымбат бағамен сатады. Енді бұл бағаны ауыздықтауға кімнің қауқары жетеді?

Бұрын республикада көкөніс-жеміс министрлігі, ал облыстарда оның бірлестіктері жұмыс істеп тұрды. Мен облыста осындай бірлестікті құрып, үш жыл басқардым. Бұл қадам мұқтаждықтан туған еді. Осы бірлестік өзін өзі толық ақтаған.

Бірлестіктің қарамағында 6 картоп өсіретін кеңшар, көкөніс өсіретін 5 шаруашылық, оның бірі қала түбіндегі жылытылған көкөніс комбинаты, 4 шаруашылықта 8 гектар көктемгі теплицалар қала, облыс қажетін қамтитын болатын.

Қазір мемлекеттік кәсіпорындар құрылмаса да осындай жекеменшік кәсіпорындардың құрылуына неге жағдай тудырмасқа? Орын берсе, жеңілдетілген несие берсе – осы іспен айналысуға бел буатын кәсіпкерлер табылатын еді ғой. Ал бұл азық-түлік бағасын ауыздықтауға мүмкіндік бермес пе еді?

Біздіңше, бағаны тұрақтандыруды шешудің бірден-бір амалы ұмытылған ескіні жаңғырту деуге болады. Халықтың қамын қамсыздандыру үкіметтің парызы десек, әр облыс өмірдің өзі дұрыстығын көрсеткен осындай тәжірибелерді қолға алуы керек деп ойлаймын.

 

Болат САҒЫНДЫҚОВ,

СҚО Құрметті азаматы