Абай • 11 Наурыз, 2020

Ақын тойына – академиялық жинақ

1371 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Сүйінші сұрауға әлі ерте болса да абайтану іліміндегі алдағы болар жыл құсындай жаңалықты құлағымыз шалып, көңіліміз елеңдеп отыр. Хакім Абайдың 175 жыл­ды­ғы қарсаңында араға ширек ғасыр салып ақынның академиялық басылымы жа­рыққа шықпақ. Ізгі істің аужа­йын білмекке ғылыми жинақты дайындап жатқан М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжановпен әңгімелескен едік.

Ақын тойына – академиялық жинақ

– Абайдың 175 жылдығына орай академиялық басылым да­йындау жұмыстары қашан бас­талды?

– Қа­зақстан Республикасының Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Кемел­ұлы Тоқаев­тың 2019 жылғы сәуір айын­да Се­мейге барған сапарында: «Руха­ни жаң­ғыру» негізінің бірі Абай шығар­ма­шы­лығы бол­уы тиіс», «Алдағы жылы Абай Құнан­баев­тың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып мемлекеттік деңгейде атап өтуіміз керек», деген сөзі тәуе­келге баруға қанаттандырды. Іле-шала ғалымдармен ақылдаса келіп іске кірісіп кеттік.

Негізі­нен, бұл – біз­дің М.О.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­ти­ту­тының үнемі на­­зарда ұс­тап, бұрын­нан айналысып келе жатқан дәстүрлі ғылыми тақы­рыбы. Сонау М.Әуезов­тің көзі тірі кезінің өзінде дайында­лып, басылған толық жинақ­тар­дың бар­лығы (1939-1940, 1945, 1954, 1957, 1977, 1995) институт ғалымдарының қатысуымен әзір­леніп, жарық көрген. Со­ның ең соңғысы – 150 жылдық ме­рей­­то­йы қарсаңында басылып шық­қан ақынның екі томдық толық шы­ғармалар жинағы. Оның жалпы редакциясын басқарған ҰҒА ака­демиктері З.Ахметов пен С.Қирабаев. Томдықты дайын­дау­ға белгілі абайтанушылар Қ.Мұхаметханов, М.Мырзахметов, Ж.Ыс­мағұлов, Б.Байғалиевтер қатыс­қан. Бұл Абай мұрасын жинақтап, саралап, жүйелеп басып шыға­рудағы өз кезіндегі елеулі еңбек болды. Міне, содан бері ширек ғасыр өтті. Заман өзгерді, қоғам жаңарды, әлемдік өркениет руха­ни дүниеге жаңаша қараудың үлгісін көрсетіп, жаңа методология мен технологиялар тасқынын алып келуде, елімізде тәуелсіз сана орнығып, рухани жаңғырудамыз. Осының барлығы Абайдан қалған асыл мұраға жаңа көзқарасты, тың танымды қажет ететіні анық.

Жалпы, Абайдың алғашқы то­лық жинағы 1933 жылы Қы­зыл­­орда қаласында шыққан. Жи­нақ­­тың алғысөзін жазған Ілияс Жан­сүгіров абайтануды өз ке­зең­інде жаңа белеске кө­тер­ген. Осы алғысөзде Абай елін­де­гі көп­теген адамдардың атын атай оты­­рып, ақын мұрасын жинап, то­­лық­тыруға үлес қосуға ша­қы­­­ра­ды. Басына бұлт үйіріліп жүрсе де бұл жинақтың толымды шығуына М.Әуезов жанын са­лып, өз қолымен жинаған және Абай­дікі екеніне көңілі сенген көп­теген өлеңдерді жаңадан қосты. Соның нәтижесінде ­ең­бек осыған дейінгі ақын кіта­бы­­ның ең толымдысы болды. М.Әуезов өзі бас болған кейінгі басылымдардың бар­лы­ғын­да (1939-1940, 1945, 1954, 1957) оны үнемі толықтырып, жетілдірді. «Абай қалдырған мұраны тану керек, зерттеу керек дегенді бәріміз де тү­сіндік. Күннен – күн, жылдан – жыл өткен сайын осы істерге көңіл бөліп, зер салушының саны молайып келеді», – деп қуана жазады ол жөнінде абайтану ілімінің ірге­тасын қалаушы (М.Әуезов, 15-том, 30-б.).

­Тұтастай алғанда, біздің қаз­ақ әде­биет­тану ғылымында ака­­демиялық ба­­сылым дайындау ісі әбден жолға қо­йы­лып, игі­лікті дәстүрге айнала алмай ке­ле­ді. Оның алғашқы үлгісін М.Әуезов Абайға қатысты бастаса да, ол ака­­де­миялық ғылымның мем­ле­кет­тік деңгейдегі маңызды ісіне айна­ла қойған жоқ. Қазақ руха­ния­тындағы академиялық басы­лым­­ның жақсы бір үлгісі ретінде Ә.Мар­ғұлан негізін қалаған Ш.Уә­лихановтың көптомдығын атауға болады. Бұл еңбектің ар­тық­­шылығы сонда, Шоқанға қа­тыс­­ты барша деректер толық жи­нақталып, қолжазбалары мен хаттарына дейін қамтылып, кө­лем­­ді ғылыми түсініктерімен жарияланған.

Әлемдегі ұлан-ғайыр тарихы бар өр­кениетті елдерді былай қой­ғанда, өзі­міз­бен іргелес Ре­сей­де бұл дәстүр баяғыда үлгілі үрдіске айналған. Мәселен, Ресей ғылым академиясының «Пушкин үйі» («Пушкинский Дом») орыс әдебиеті институтында осындай айдармен 40-тан астам орыс ақын-жазушыларының ака­­демиялық басылымдары дайын­да­­лып, электронды кітапханаға жи­нақ­та­­лу үстінде. Академиялық басылы­м да­­йын­дап шығару орыс филология ғы­­лымының маңызды саласы ретінде, «Пушкин үйінің» басты ғылыми же­тіс­тігі болып саналады. Ал бізде мұн­дай жұмыс ғылыми зерттеу саласына жат­қызылмайды да. Егер оны ғылыми жоба ретінде ұсынсаңыз, ешқашан өткізе алмайсыз. Академиялық толық шығар­малар жинағына тән басты ерек­шелік – жазушының бүкіл қол­жазба және баспа мәтіндерін ғы­лыми-анықтамалық аппаратпен жа­­рақтап, барлық әдеби, сыни, пуб­лицистикалық, қызметтік, эпис­толярлық мұрасын толық және нақты саралап көрсету.

Ғылыми негізде дайындалған мә­тін бел­гілі тұлғаның шығар­ма­шы­лы­ғы жө­ніндегі қоғамдағы әртүрлі қаңқу сөз­дерге тосқауыл қояды, қалың оқыр­ман­нан бастап, мектеп оқу­лық­та­ры­ның автор­ларына дейін құныға бас қоя­тын рухани игілікке айналады. Жаңа басылымдар мен сөздік­тердің сапасын арттырады. Бы­лай­ша айт­қан­да, академиялық жинақ клас­сикалық мәтіннің өмір сү­руі­нің жаңа сапасын анықтайды, оның отандық және әлемдік мәдениетке деген ықпалын еселеп арттырады. Абайдан қалған асыл мұраны да дәл осылай аялап, қадірлей білуі­міз керек. Сонымен қоса Қа­зақстанда кенже қалып келе жат­қан текстология ғылымына да барын­ша мән беретін уақыт келді.

– Жұмыс тобындағы ғалымдардың әлеуеті қандай?

–Томды дайындауға инсти­тут қа­рамағындағы бел­гілі ға­лым-академиктер – С.Қи­рабаев, С.Қасқабасов, М.Мыр­зах­ме­тов, Т.Жұртбай, Қ.Мәдібаева, С.Қорабай, Т.Шапай, шығыс­та­ну­­шы, мәтінтанушы ғалымдар Т.Қыдыр, П.Әуесбаева, музыкатанушы Е.Шүкімән сияқ­ты мамандар мен докторант жас ғалымдар жұмыла кірісуде. Олардың білім-білігі мен тәжірибесін қазір сарқа пайдаланып қалуымыз қажет. Кеңестік дәуірде ақын мұрасының білгірі болған көкірегінің күмбірі бар қаншама адамды шетқақпай жасап, қазір сан соғып отырмыз. Мәселен, Шәкәрімнен бастап, Абай ұрпақтарының барлығы қуғын-сүргін көрді. Кешегі Ахат Құдайбер­диев пен Қайым Мұхамет­хановтың өзі қаншама дүниені ішіне бүгіп, шерін тарқата алмай кетті... Сондықтан қа­зір­­гі аға ұрпақтың білім-білігі мен тәжіри­бе­сін барынша пайдаланып қалу парыз, ал оларды өкшелеп келе жатқан абай­танушылардың қарасы тым сирек. Талпынып жүргендердің өзі пісіп жетілген жоқ...

– Жаңа басылымның құрылымы қандай болмақ? Көлемі қанша томнан тұрады?

– Абай шығармаларының осы уақыт­қа дейінгі басылымдары бір немесе екі томнан асқан емес. Олардың өзі акаде­мия­лық жинақ талабына толық жауап бере алмайды, сондықтан бұларды «Абай шығармаларының толық жинағы» дегенге келетін сияқты. Өйткені академиялық жинақта қаламгер мұрасының түпнұсқа қолжазбалары түгел қамтылып, терең текстологиялық талдау жасалған ғылы­ми түсініктермен, анықтама материал­дар­мен жарақталуы тиіс. Алдыңғы басы­лымдарда соған деген ұмтылыс бол­ғанмен, жеріне жеткізіліп, толық тиянақталмаған. Әсіресе мәтіндерге жасалған текстологиялық талдаулар мен ғылыми түсініктер жеткіліксіздеу. Мә­селен, соңғы 1995 жылғы басы­лым­да­ғы өлең саны – 223 (аудармасымен қоса), үш төл поэма және бір аударма («Вадим»), 45 қара сөз, «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» және «Үкімет билігіндегі сенат­қа шағым пікір» деп аталатын про­за­лық шығармалары бар. Бұл аз ба, көп пе? Әрине қазіргі қаламгерлер көптом­дықтарымен салыстырсақ, тым қо­раш, ал шығармаларындағы ой терең­ді­гімен өлшесек, телегей теңіз мол мұра. «Енді осы асыл мұраға жасалған ғы­лыми пайымдар бүгінгі оқырманды қанағаттандыра ала ма?» деген сауалға тұшымды жауап беру қиын. Осы орайда, ұлы Мұхтар Әуезовтің осыдан 80 жыл бұрын ақынның 95 жылдық мерейтойы қарсаңында (1939 ж.) жазылған «Абай жайын зерттеушілерге» атты мақаласы еске түседі. «Тегінде, Абай шығармасының аздығынан кенде болып жүргеніміз жоқ. Барын барша, бажайына барғыза алмаудан, зерттей алмаудан кендеміз», – деп жазған еді ғұлама (М.Әуезов, 15-том. 30-33-бб.). Өкінішке қарай, біз осы мәреден әлі де шыға алмай келеміз. Жалпы, ғылыми жинақты алдын ала белгілі мөлшерге шек­теуге болмайды, оның көлемі де, сапа­сы да жүргізілетін зерттеулер мен текс­тологиялық жұмыстардың ауқы­мы­на, нәтижесіне байланысты. Қалай болғанда да бұл жолғы жинақтың екі томнан қомақты болары хақ. Өйткені академиялық жинақтың құрылымы аса күрделі, оған қолжазбалар мен литогра­фия­­лардан бастап, Абай шығар­ма­шы­лы­ғына қатысты барлық деректер мен материалдар, соның ішінде музыкалық мұрасы да түгел қамтылады. Әсіресе текс­­тологиялық салыстырулар мен ғы­лыми түсініктер, анықтамалар мен сөз­дік­­тер, музыкалық шығармаларының но­та­сы мен аудио жазбасы да енгізілмек.

Жоғарыда айтқанымыздай, Әдебиет және өнер институтының сақа ғалымдар тобы бұл іске кеңінен тартылып отыр. Өйткені кәнігі абайтанушылардың қа­та­­ры жыл өткен сайын сиреп барады. Соңғы ширек ғасырда гуманитарлық ғылымның тоқырауға ұшырауына бай­ланысты бұл салада мамандар даяр­лан­ған жоқ. Сонымен бірге қазіргі жас мамандардың қолжазба қарауға, текстологиямен айналысуға құлқы жоқ.

– 1995 жылғы екі томдықпен са­лыс­­­тыр­ғанда артықшылықтар бола ма? Нақ­ты қандай жүйеге сүйе­ніп отыр­сыздар?

– Әрине өте көп болады. Абай шығар­ма­ларын зерттеу, оның астарындағы тұңғиық ойды саралап, заман талабына қарай жаңаша жүйелеп отыру үздік­сіз жүргізілетін мәңгілік мәселе деп айт­тық қой. Өкінішке қарай біз оны көп жағ­дайда мерейтой қарсаңында ғана қол­ға алып жатамыз. Осы жолы да қас­тер­лі мұраға 25 жылдан кейін ғана қайта оралып, апыл-ғұпыл кірісіп отырмыз. Негі­зінде, онымен ғылыми кадрмен жаб­дықталған, өзіндік тарихи дәстүрі мен ғылыми әдістемесі қалыптасқан ғы­лы­ми орталық мақсатты түрде айналысып отыруы тиіс. Ширек ғасыр бұрын 7 000 таралыммен ғана шыққан сол екі томдықтың өзі қазір қолға түспейтін сирек кітапқа айналды. Осы мерзім ішінде Абай мұрасына байланысты қордаланып қалған мәселелер аз емес, көптеген жаңа­лық­тар, тың деректер, біршама зерттеулер дүниеге келді. Сөз жоқ, оның барлығы жаңа жинаққа қосымша жүк артады. Мәселен, соңғы кезде Абай шығар­ма­ларының арап әліпбиімен көшірілген қолжазбаларының саны оннан асты. Оның үшеуі (1905, 1907, 1910) Мүрсейіт Бікі­ұлының Абай шығармаларының түп­нұсқасы саналып жүрген белгілі қол­жазбалар. Қалғандары әртүрлі кезең­дер­де жазылған көшірмелер. Бұлардың қай-қайсысы болмасын мәтінтануда өзінше рөл атқаратын құнды мұрағаттар. Бірақ олардың ешқайсысы да осы уақытқа дейін салыстырылып, сараланып, жарияланып, еркін ғылыми айналымға түс­кен жоқ. Тіпті ең толық деген соңғы (1995) жинақтың өзінде олар жете қарас­тырылған емес. Сол сияқты, Абайдың 1909 жылы Ә.Бөкейханов бас болып, Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлы құрастырып, Петерборда ба­сылған алғашқы жинағы да біздің Институт ғалымдарының дайындауымен 2009 жылы ғана аз таралыммен (500) кириллицамен қайта жарық көрді, соның өзінде де әртүрлі себептермен кеткен ақаулықтар бар. Соңғы жылдары Абай заманына байланысты көп­теген архив деректері, алаш арыс­та­рының еңбектері, естеліктер, шетел қазақтарынан табылған материалдар молынан мәлім болуда.

Абайдың алғашқы жинақтары кеңес­тік заманда дайындалғандықтан да, сол кездегі саяси ұстанымдар зардабынан кейбір діни ұғымдардың мағынасы бұрмаланып, толық ашылмай қалды. Сол қателер әлі күнге қайталанып келеді.

– Білуімізше, академиялық басы­лым­ды Әдебиет институты ғана емес, тағы басқа тараптар да шығар­мақ­шы. Тіпті екі томдық жарияланып үл­ге­ріпті. Бұл Абай тойының нау­қан­ға айналғанын білдірмей ме?

– Сіздің меңзеп отырғаныңыз «Абай. Жаңаша үлгідегі басылым» деп аталатын екі томдық шығар. Иә, ондай талпыныстар бар. Оған ұмтылыс жасаған жоғары оқу орындары да баршылық. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, Абайға да әркімнің таласы бар. Ол заңды да, кез келген мәселеге ғылыми, тиянақты жауап болмайтын болса, оған деген қалың қауымның әуестігі арта түседі. Әркім өзінше жауап беруге тырысады... Жоғарыда аталған жинақ та соның бір көрінісі. Сонымен қоса, мерейтой қарсаңында бұрынғы жинақтарды қайта басып шығаруға да баспагерлер белсеніп отыр. Оған да тоқтау салу қиын. Әрине Абайды әртүрлі форматта, жеке-жеке кітап етіп шығарудың ешқандай әбестігі жоқ. Тіпті солай ету қажет те шығар. Дегенмен, әр нәрсенің ғылыми негізі, қисыны мен жүйесі болуы керек. Бірақ жаңа басылымдар бұрынғы қателіктерді қайталамауы және ақын шығармашылығында әркелкілік немесе «біз осылай деп санаймыз» деген ауа жайылушылық болмауы тиіс. Өкінішке қарай, қазір олай болмай отыр мәселен, оқулықтардан бастап, Абай әндерін айтушы әншілерге дейін ақын сөзін әртүрлі қолданушылық бар. Міне, осылардың барлығына тосқауыл қою үшін ғылы­ми талқыдан өткен, жан-жақты сара­лан­ған, терең текстологиялық тексеру жасалған, әркелкі қолданыстарды біре­гейлендірген, канондық қалыпқа түс­кен, ақын шығармашылығының бүкіл болмысына үйлесімді, тастүйін, біртұтас бүтін бітімге айналған барлық басылымдарға тиянақ болатын, әртүрлі сауал­дар туындағанда жүгініске жарайтын, мызғымайтын іргетас еңбек керек-ақ. Міне, академиялық басылымның асыл мұраты осы.

Бүгінгі күнге дейін ұлы ойшылдың таңдамалылары мен қайта басылымдарын санамағанда оннан астам толық жинағы басылған екен. Ұлы абайтанушы М.Әуезов солардың басым көпшілігінің толығып кемелденуіне тікелей басшылық жасаған. 1933 жылғы жинақтан бастап ақынның жаңа өлеңдерін өз қолымен жинап, басылымдарға қосып отырған. Жоғарыдағы мақаласында «Абай сөзі деген сөз бір-ақ жол болса да, Абайша шықса жарасар, Абайдың Абайлығы да сонда шығар. Осы Абай өлеңдерінің санын көбейтейік деп өзеурегенше, бар сөзінің кенеуін кетірмейік деп көбірек ойланайық. Абай сөзін көбейтеміз деп, көбік етіп алмайық. Жауаптырақ қарайық», – деп барынша нықтап айтқан. Міне, Абайға «талас қылатындарға» Әуезов өсиеті осындай. Сексен жыл бұрын айтылған сөз біздің алдымызда әлі сол күйінде шамшырақтай жарқырап тұр.

Қазір Абай туралы жарық көрген еңбектер көлемі елу томға жүк болады екен. Солардың ішінде ақын шығар­ма­ларының текстологиясына ар­налған іргелі зерттеулер некен-саяқ. Яғни, академиялық басылым дайындау – аса күр­делі ғылыми мәселе. Ал бұрынғы жинал­ғанды әрлеп шығара салу әркімнің қо­лы­нан келеді.

– Жұмыс барысында туындап жат­қан мәселелер бар ма?

– Әрине жұмыс болған соң қиын­дық­сыз бола ма?. Академиялық жинақ дайындаудың өзіндік ерекшеліктері көп. Біріншіден, өзін абайтанушы деп жариялайтындар баршылық, бірақ білікті мамандар тапшы. Шындығын айтсақ, абайтанушылардың алды тоқ­сан­нан асып, соңы елуді еңсеріп, алпысты алқымдап жүр... Екіншіден, Абай қолжазбаларының барлығы арап әліпбиінде жазылған, әсіресе ескі (қа­дым­ша) арап жазуындағы мәтінді оқу қиын. Үшіншіден, ертеде жазылған (А.Байтұрсынұлы әліпбиі шыққанға дейін) қолжазбаларда қазақ тілінің орфографиясы да, пунктуациясы да болмаған, тіпті, дауысты дыбыстар жазылмауы да мүмкін. Оның үстіне ол әртүрлі қол­таңбамен араб, парсы тілдеріне ың­ғай­­ланып жазылса, қиындығы одан сайын арта түседі. Сол сияқты 1909 жылы шық­қан жинақтың өзінде кеткен ақау­лық­тар жетіп артылады. Міне, мұның бәрі – ғалымдардан көп білімді, ықылас пен ыждаһаттылықты, төзімділікті талап ететін мехнатты шаруа. Сонымен қоса, Абай өлеңдерінің құрылымына, кейбір сөздердің қолданылуына, мағыналық қисынына байланысты ғалымдардың пікірінің өзі ала-құла, ал кейінгі жас буын Абай заманының лексикасына терең бойлай алмайды. Осындайда жас мамандарға көмекке келетін қазақ тілі­нің тарихи сөздігі де жасалған жоқ, сондықтан әркімнің білім-білігіне, ой қисынына, ішкі түйсігіне сүйенгеннен басқа амал жоқ... Ал осыған дейінгі жинақтарға қосылмай келген Абайдың музыкалық мұрасын жинақтап, ғылыми түсініктерімен кітапқа қосу да үлкен қажыр-қайратты қажет етеді. Осындай ғылыми-шығармашылық жұмыстардағы қиын түйіндерге қаржы тапшылығын, ғалым мамандардың әлеуметтік ахуа­лы­ның төмендігін қосыңыз...

– Академиялық басылым қашан жарыққа шықпақ?

– Қалайда, ұлы ойшылдың туған күніне дейін үлгеріп, тамаша бір тарту жасағымыз келеді.

– Бұл мемлекеттік тапсырыспен орындалып жатқан жоба ма?

– Солай болғаны жөн деп ойлаймыз. Былтыр тиісінше ұсыныс жасағанбыз. Бірақ жинақты әзірлеуге қажетті қаражат көзі әлі анықталған жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»