Таным • 11 Наурыз, 2020

Тұлғалар тарихы толғандырған

848 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Қазір тарих ғы­лымында орын алған тәуел­сіз рухтан қанаттанған ахуал кім­нің кім екенін қоғам алдында ашып көрсетті. Бүгінге дейін жаз­ба тарихымызды жазған зерт­теушілер негізінен бірнеше топ­тарға жіктеледі: Олардың ал­ғашқылары біздің ойымызша, аузын ашса «иншалланың» орнына ескі әуенге жаңа қайырма жасайтындар, яғни тарихты сая­силандырып, оны билікке жағыну құралдарына ай­налдырғандар. Мұндай кісілер президенттер ауысқан сайын тарихты да ауыстыруға бейім. Аға ұрпақта тағы бір тарихшылар тобы бар: олар кезінде тарихи шын­дықты айтқысы келсе де айта ал­маған, сүбелі зерттеулерінде әдептілік, ұстамдылық танытып, әр тақырыптың басын бір шалмай, тұрақты бір кезеңнің айтуға, жазуға рұқсат етілген шындығын байыпты зерттеп баяндап, тарихи фактілерге сергек қараған, тарих майданында «ақ» пен «қараны» айқын айыра алатын, билікке емес, тарихтың өзіне белсенді қызмет еткен тарихшылар.

Тұлғалар тарихы толғандырған

Бұл кісілердің бұрынғы жыл­­дары жазылған еңбектері коммунистік идеология соқ­пағында дүниеге келсе де, олар бай, түпнұсқа деректік материалдарға құрылғандықтан бүгінгі күндері де өз құнын жоғалтпай, осынау аумалы-төкпелі заманда Қа­зақстан тарихының кәдесіне әлі де жарап жатыр. Мұндай ең­бектер сол кездегі ресми идео­логияның аумағынан арыла алмаса да, олардың авторлары нағыз талантты ғалымдар болғандықтан жазба тарихымыз жалпы алғанда әкімшіл-әміршіл жүйенің қатал таптауына төтеп бере алды. Құдайға шүкір, осындай ба­ғалы еңбектер берген және қазіргі тарихымызды ақиқаттың көзімен қайта қарап, оны шынайы жазу тәрізді игі істерге мұ­рындық болып, кейінгі талантты тарихшылар ұрпағына күр­­делі тарих соқпағында жол ашып, жылы лебізімен де, ерен еңбегімен де тәуелсіз Қазақстан құрметіне бөленген аға толқынды да көрдік. Көзден кетсе де, кө­ңілде олар. Осындай қадірменді ғалымдардың бірі республика мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, сонау, тарихымыз Мәс­кеу­дің қытымыр саяси қада­ғалауына іліккен заманның өзінде жалындаған 37 жасында тарих ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған академик Кеңес Нұрпейісұлы болатын.

Халыққа қызмет жасаса да халық жауы атанған Алашорданы алғашқы ақтаушылардың ақса­қалы болған бұл кісінің өмір­баянына үңілсеңіз, ғылымдағы тиянақтылығының сырын айқын ұғынғандай боласыз. Көрнекті ғылым қайраткерінің негізгі ең­бек жолы екі ғана беделді оқу-ғы­лыми мекемелері төңірегінде өрбіген екен. Оның алғашқысы – өзі тарихпен ауызданып бі­лім алған, қазақ жоғары оқу орын­­дарының көш бастаушысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­­тық университеті болса, ал екін­­шісі – өзі қабырғасында өмір бойы жемісті еңбектенген Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты. Бұл дегеніңіз тарихты өзіңнің бұл­жымас тағдырыңа айналдыру  деген сөз ғой.

Ол алғашқысының – тарих факультетінің есігін тепсе темір үзетін балауса, келбетті де кө­рікті жас жігіт кезінде қағып, оны үздік оқып тәмамдаған соң қа­білетті маман ретінде университет қабырғасында оқытушылық жұмысқа қалдырылды. Бірақ ғылымға деген іңкәрлік оны Ғылым академиясының Тарих инс­титутына жетеледі де тұрды. Көп кешікпей-ақ, осында кіші ғылыми қызметкер болып ор­наласқан Кеңес Нұрпейісұлы біртіндеп, ұзақ жылдар бойы кәнігі ғалымдар бастан кешкен барлық ғылыми толысу кезең­дерінен өтті. Ол атап айтар болсақ, осы академиялық инс­титуттың Қазақстанның қо­ғам­дық-саяси өмірінің тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ғы­лым академиясының кор­респондент-мүшесі, академигі ретінде елге танылды.  Ұлттық тарих ғы­лымының шын мәніндегі ор­талығы болып табылатын осынау мекемеде Кеңес Нұрпейісұлы ұлт тарихы үшін маңызды да ауқымды шаруаларды тындырды. Оны ол жазып жарыққа шығарған кітаптар, монография­лар тізімінен айқын аңғаруға болар еді. «Қазақстан кеңестері жұмысшылар мен шаруалар өкіметін нығайту үшін күресте» (1968 ж.), «Қазақстанның шаруа­лар кеңестері: ұжымдасу, ны­ғаю тарихы және ауылдық Ке­ңестердің 1917-1929 ж.ж. прак­тикалық қызметі» (1972 ж.),­ «Қазақстан – республикам ме­нің», «Қазақ кеңестік мем­ле­кеттілігінің құрылуы» (1980 ж.), «Қазақстан кеңестерінің қалып­тасуы» (1987 ж.), «История крес­тьянства Казахстана», «Алаш һәм Алашорда» және т.б. ір­гелі ғы­лыми-зерттеулер осы айтыл­ған­дардың куәсі.

Иә, тарих ғылымында сал­мақты да байыпты мұн­дай моно­графиялық кітаптар жария­лау екінің-бірінің қолынан келе бермес тірлік. Оның үстіне шартарапта жарық көрген бір­не­ше жүздеген ғылыми мақа­ла­ны есепке алыңыз. Тағы бір сүй­сінерлік нәрсе, өзі кеңес заманы қалыптастырған ғалым бола тұ­ра, тәуелсіз ел болған тұста да тари­хымыздағы жаңа ғылыми кон­­­цепцияларды ұстанған іргелі де еңселі еңбектердің кірпіштерін өз қолымен қалап, бүгінгі жазба тарихымыздың қабырғасын көтергендердің бірі де осы Ке­ңес Нұрпейісұлы. Ал енді осы қабырғада «ақтаңдақтар» көп болса, оған оны емес, сол жыл­дардағы ресми коммунистік идео­логияның «әсіре бояушы­ла­рын» айыптаған жөн болар. Аталған тарихи еңбектер ара­сынан К.Нұрпейісұлының ав­торлық қатысуымен жарық көр­ген 12 томдық және 4 томдық «Қазақ Совет энциклопедиясы», 5 томдық «Қазақ ССР тарихының» 4-ші томы, «История крестьянства Советского Казахстана» ат­ты еңбектің 1-ші томы ерекше көзге түседі. Кезінде идеология «салқынына» ұрынғанына қа­рамастан, мұндай татымды ең­бектердің деректік және та­нымдық маңызын ешкім де жоққа шығара қоймас деген ойдамыз.

ХХ ғасырдың 80-жылдарында қайта құру мен жа­риялылық науқаны басталған бетте-ақ, жаңа саяси ахуалды қабылдай алмаған, айтары да жазары да таусылған  кісілерді тарих ғылымы көріп отыр, дедік жоғарыда. Кеңес Нұрпейісұлын ондай науқаншыл зерттеушілер қатарына қоса алмаймыз. Тарихи шындықты айтуға мүмкіндік туған бетте-ақ, ол кісі ақиқаттың жұлдызын бетке алып, бағдарын қайта анықтап, тарих төсінде қаламын бұрынғыдан да қа­рым­ды сілтеді. Алаш партиясын «буржуазиялық ұлтшыл» деген жаладан аршып алуда, қа­­зақ шаруаларының қасіретін шы­найы көрсетуде, кезінде ел­де белең алған саяси репрес­сияны әшкерелеуде жаңа жағ­дайда жалтақтамай, батыл бел­сенділік танытқан және осынау өткір тақырыптарды зерттеуге бет бұрған кейінгі інілерін кей­біреулер құсап жазықсыз сөкпей, басқаның еңбегіне көз алартпай, таланттарға іштарлық танытпай, қайта шынайы сүйсініс, нақты қолдау көрсете алған саусақпен санарлықтай аз ғана аға буын өкілдері қатарында осы Кеңес аға­мыз да бар. Сол бізге мақтаныш және жа­рық жұлдыздай үлгі болып қалды.

Кеңес Нұрпейісұлының шә­кірт­тері көп. Оның 30-дан ас­там шәкірті ғылыми жұмыстарын аяқ­тап, диссертациялар қорғап, ғылыми дәрежелерге ие болды. Ол баулыған бірнеше ғы­лым докторының бірі «Қазақ ша­руа­­ларын жекеменшік қожа­лықтарынан айыру және ұжым­дастыру: тарихы мен та­ғылымы» деген тақырыпта док­торлық дис­сертация қорғаған осы жолдар авторы екенін айта кету де шә­кірттік міндетіміз болса керек. 1973 жылдан бері ол, негізгі ғы­лыми жұмысымен қатар Қазақ Мем­­лекеттік қыздар институтында профессор ретінде ұстаздық жұмысты қоса атқарып келді. Осы­лайша ол жас ұрпақтың тарихи санасын көтеруді де назардан тыс қалдырмаушы еді. Кезінде Кеңес Нұрпейісұлы жа­зуға қатысқан орта мектептің 11 кла­сына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығы да осының куәсі іспетті.

Кеңес Нұрпейісұлының қоғам­дық жұмысы да оның ғылыми жұ­мысымен тығыз байланысты­ болды. Ол республикалық «Әді­лет» тарихи-ағарту қоғамы Ал­маты бөлімшесінің төрағасы болып, саяси қуғын-сүргін құрбан­дарын ақтауға белсенді атсалыс­ты. Оның бастамасымен 1991 жылы «Қазақстандағы 1917 жыл­­­дан кейінгі саяси қуғын-сүр­­­гін» тақырыбына арналған рес­пуб­ликалық ғылыми-конфе­рен­ция төл тарихымыздағы «ақ­таң­дақтарды» жоюға, кезінде жа­зықсыз қуғындалғандарды ақтау ісіне соны бастау болып, осы ма­ңызды жұмысқа жаңа серпін берді.

Кеңес Нұрпейісұлының ғы­лыми бағдары 1916 жылғы кө­теріліс, 1917 жылдағы қос төң­керіс, азаматтық қарсы тұру, қа­зақ мемлекеттілігінің құрылуы және өркендеуі, Қазақстан ша­руа­ларының және шаруалар ұйым­дарының тарихы, Алаш қозғалысы және Алашорда тәрізді күрделі ғылыми мәселелерді қам­тыды. Ол кісінің ХХ ғасырдың көрнекті тарихи тұлғаларының қыз­метін зерттеуге байланыс­ты жұмыстары да ауқымды бол­ды. Соңғы жылдары ол, ХХ ғасырдағы Қазақстанның қо­ғам­дық-саяси өмірін зерттеу­де белсенділік көрсетті. А.Бай­тұрсынов, Х.Досмұхамедов, С.Сә­­дуақасов және т.б. Алаш ар­дақ­­тылары туралы шынайы ең­бектер және өзінің 60 жыл­дық мерейтойы қарсаңында аяқ­таған, біз жоғарыда атап кеткен «Алаш һәм Алашорда» атты тың монографиялық зерттеуі осы­ның нәтижесі. Бұл еңбек тәуел­­сіздіктің алғашқы жылда­рында Алаш қозғалысына жа­ңа көзқарас қалыптастыруда ше­шуші ықпал жасады. 1995 жы­лы жарыққа шыққан осы моно­графиялық зерттеуі көпшілікке кең тара­лып, осы маңызды мәселеге бай­­ланысты тарихшылардың жаңа ұстанымын елге танытты. Еңбекте алғаш рет Алаш қоз­ғалысына мүше болғандар мен оған ниеттес кісілердің тізімі жарияланды. Бұл тізімді автор бұдан әлде­қайда бұрын 1991 жылы рес­публикалық журналда да жария­лаған еді. Әрине бұл тізім зерт­теушілер тарапынан кейіннен толықтырылды.

Осы байыпты зерттеуде автор көп жылдар бойы жазық­сыз қараланып келген Алаш қозғалысы тарихының кей­бір күр­делі мәселесін шынайы баян­дап,  олардың ақиқатын оқыр­­манға анықтап берді. Енді солар­дың біріне тоқталар бол­сақ, мынаны айтар едік: Алаш қайраткерлерінің 1916 жылғы көтерілісте отаршылдарға қар­­сы көтерілмеуге ашықтан ашық шақыруы, қозғалыс қайрат­кер­лерін патша үкіметін қолдау­шылар, ұлттық мүддені сатушылар ретінде кінәлауға негіз болып, большевиктік тарихнаманың ақты қара деп бұрмалауына жол ашты. Кеңес Нұрпейісұлы Алаш көсемдерінің мұндай ба­ғытты ұстанған себебі халықты зең­бірекке қарсы сойыл сүйретіп шығып, қырылып қалудан сақ­тандыру болғанын дәлелдеп жаз­ғаны белгілі. Автор Алаш кө­сем­­дерінің көтерілісшілерге де, майданның қара жұмысына шақы­рылғандарға да шынайы тілектес болып, оларды қорғағандарын атап көрсеткен еді. Осы кітаптың «Алашорда және Кеңес өкіметі» атты тарауында автор өзін бұл та­қырыпты өте терең білетін, аса күр­делі тарихи құбылыстардың ішкі механизмін жетік меңгерген ірі маман ретінде дәлелдеді. Мұн­­да жеке тұлғалар әрекеті, олар­дың көзқарас эволюциясы, дәлірек айтсақ, Алашорда қай­­рат­керлерінің өзара қарым-қатынастары, олардың атаман Дутовқа, Колчак үкіметіне деген ниеттері қандай болғаны, және басқа да әртүрлі уақыт­ша үкіметтермен күрделі дип­ломатиялық байланыстары еш қалтарыссыз, айқын зерттелген. Онда мысалы, Алашорданың батыс бөлімінің іс-әрекеті, Мұ­ха­метжан Тынышбаевтың Қо­қан (Түркістан) автономиясы басшылығынан кету себептері, Амангелді Имановтың өлтірі­луіне қатысты мәселелер, Алаш­орданың өзі кезінде қарсы кү­рес­кен Кеңес өкіметі жағына шы­ғу себептері тәрізді күрделі мәсе­лелер ОГПУ архивінің дерек­тері негізінде анықталып, жан-жақты ашып көрсетілген. Бұл айтылғандар­дың бәрі кезінде тарихымызда бұрмаланып, олар туралы дұрыс пікірлердің қалып­таспағаны белгілі. Мысалы, хал­қымыздың айтулы ұлы Мір­жа­қып Дулатұлы  халық батыры Амангелдіні атып өлтіруші қылмыскер ретінде кеңестік тарихнамада қараланып келген болатын. Осынау тарихымыздағы даулы мәселенің басын ашқан Кеңес Нұрпейісұлы ОГПУ тер­геушілеріне Міржақып Дулатұлы өзі берген жауапты құпия архивтен алып сөзбе-сөз келтіру арқылы тарихи шындықты қал­пына келтірді.

Айтылғандарды қысқаша тұ­жырымдасақ: мұның бәрі тәуел­­сіздігіміздің алғашқы жылдарында орын алғандықтан қо­ғамның саяси және ұлттық рухын көтеруде аса маңызды болды. Кеңес Нұрпейісұлы КСРО-ның және ТМД елдерінің көптеген ғылыми конференциясында тарихымызды басқаларға танытумен шектелмей, арнайы ғылыми шақырулармен алыс шетелдерге де шығып жүрді. Мысалы ол 1990 жылы АҚШ-та Калифорния университетінде лекциялар оқыса, ал 1994 жылы Анкарада өткен түрік дүниесі тарихы бойынша конгресте «Алаш қозғалысы тарихының деректік негіздері» деген тақырыпта жа­бық деректерді жария етіп, ауқым­ды да құнды баяндама жасады.

Кеңес Нұрпейісұлының «Қазақстан Республикасы ғы­лым академиясының жаршысы» журналындағы ұзақ жыл жауапты хатшылық және 12 монографиялық зерттеуді, көп­теген мақала жинақтарын редакциялау жұмысы оны тағы бір қырынан көрсете алар еді. Ол сондай-ақ көптеген ғылыми құжат жинағын құрастырушы және оларды шығарушы редактор да болған. Ол кісінің басшылығымен «Туған өлке» журналы жарық көрген-ді.

Қайраткер ғалымның кө­кейін­де көп арман, болашаққа арналған ауқымды ғылыми жос­парлары бар еді. Төтелеп келген арсыз ажал оған мұрша бермеді. Олар­ды жүзеге асыруда қарымды зерттеушілер – академиктер М.Қой­­гелдиев, Д.Қамзабекұлы, жазу­шы-ғалым Т.Жұртбай және т.б. іргелі жұмыстар тындырды. Бү­гінде оған да шүкіршілік айтамыз. Осындайда тағы бір айта кетер мәселе – К.Нұрпейісұлы қайтыс боларынан бір жыл бұрын өзінің баспасөзге берген сұхбатында былай деген еді: «Әлихан Бөкейханов өзінің күрделі тағдырына байланыс­ты өмірінің көптеген жылын Қазақ­станнан тыс жерлер­де өткізді. Ол 1917 жылға де­йін Санкт-Петербор, Орын­бор, Ом­бы, Самара және т.б. қа­ла­ларда тұрақтап оқу оқы­ды, қызмет атқарды. Ал Кеңес өкі­меті Алаш арысының халық алдындағы беделінен сес­кеніп, оған туған елінде тұрып, жемісті еңбек етуіне мүмкіндік бермеді. Сондықтан да әлихантануды жаңа сатыға көтеру үшін жоға­рыда аталған қалалардың мұ­рағаттарын, кітап­ханаларын сүзгіден өткізу қажет. Шама мен мүмкіндік жетіп жатса, оның шығармаларының толық, ака­демиялық жинағын шығару, ке­зінде орыс тілінде жарияланған еңбектерін ана тілімізге ауда­рып, оқырмандарға ұсыну ке­рек-ақ. Осылардың негізінде Әлихан Бөкейхановтың ғылыми ғұмырнамасын жасау ләзім» (қараңыз: «Тарихи тұлғалар» кітабы, 374-беті). Ғалымның бұл сұхбаты басқа да татымды еңбектерімен бірге оның соңғы, қайтыс болған соң жарық көрген «Тарихи тұлғалар» атты көлемді ғылыми жинағына енді. Бұл ең­бек­тің де оқырман қауымға, кәсі­би тарихшыларға берері көп-ақ. Иә, орынды ұсыныс әрқашан өз қолдаушыларын таппақ. Бүгінде әдебиетші-ғалым С.Аққұлыұлы бастаған зерттеушілер тынбай ізденіп, еңбектеніп, Әлиханның шығармаларының көптомдығын жарыққа шығарып отыр. Сонымен қатар К.Нұрпейісұлының қай­тыс боларының алдында: «Әлихан Бөкейхановқа тек қана Қар­қаралы өңіріндегі Ақтоғай ауда­­нын­да ғана емес, ел ордасы Ас­танада, республиканың мәде­ни-рухани орталығы Ал­матыда ескерткіштер орнатып, осы аса ірі тұлғаны мәңгілік есте сақтау шаралары жүзеге асырылса, нұр үстіне нұр болар еді» деген абзал тілегі  бар (сонда). Осыдан 14 жыл бұрын айтылған бұл ұсыныс та баяу болса да біртіндеп жүзеге асу үстінде. Аумалы-төкпелі саяси үдерістерді бастан өткізген, және Алаш қайраткерлері ең­бектерінің өткеніміз үшін емес, болашағымыз үшін аса ма­ңыздылығын әлі де толық ұға қоймаған бүгінгі біздің қоғам, енді ғана еңсесін көтеріп келе жатқандай. Қалай десек те бұл айтылғандар тәуелсіз еліміздің өскелең жаңа ұрпағының мойнына артылған салмақты рухани жүкке айналып, бізбен бірге келе жатыр.

 

Талас ОМАРБЕКОВ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор