Үкімет • 11 Наурыз, 2020

Нарықтық дүрбелеңге жол берілмейді

307 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Нарықтық дүрбелеңге жол берілмейді

Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, әлемдік тауар на­рық­тарында мұнай мен металл бағасы­ның айтарлықтай төмендеуі байқалуда.

Биылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша мұнай бағасы барреліне 34 долларды құрап, күрт төмендеді. Бұл жыл басымен салыстырғанда екі есе арзан. Оған қоса бір күннің ішінде мұнай бағасы бір барреліне 31 долларға дейін төмендеді. Ме­талдар бағасы да мәз емес. Мырыш баға­сы – 16%-ға түсті, мыс – 12%-ға, темір кені – 4%-ға, ферроқорытпалар 1,2%-ға төмендеді.

Ұлттық экономика министрі атап өткендей, сыртқы конъюнктурамен жағдайды назарға ала отырып, дамудың сценарийлік болжамдары мен тиісті шаралар топтамасы әзірленді. Бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету бойынша тәсілдер қалыптастырылды. Бұл ретте мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру толық көлемде орындалады.

«Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорлары жұмыс істеуде. Еңбек нарығындағы жағдайға мониторинг жүргізілуде. Инвестициялық жобалар пулы іске асырылуда. Аталған шаралар макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған» деді Р.Дәленов.

Жалпы, биылғы екі айдың қоры­тын­дысы бойынша оң қарқын сақталуда. Сонымен қатар сыртқы қауіптердің әсерін төмендету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар сыртқы қауіптерге мониторинг жүргізу және жедел әрекет ету шараларын қабылдау; көрсеткіштердің төмендеуіне жол бермеу үшін өңірлер қауіптерінің картасын анықтау; азық-түлік тауарларының өңір­лік тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыру; мемлекеттік ұйымдардың, ұлттық компаниялардың және жер қой­науын пайдаланушылардың сатып алу­ларында жергілікті өндірушілердің қаты­суын көбейту бойынша шаралар­ды күшейту; жағдайдың жедел мониторингін қамтамасыз ете отырып, еңбек на­ры­ғындағы тұрақтылық мәселесін ерекше бақылау; инвестициялық жобалар пулын іске асыру үшін нақты шаралар қабылдау; әлеуметтік шығыстар мен шағын және орта бизнесті қолдайтын шығыстарды басым қаржыландыруды қамтамасыз ету секілді маңызды мәселелерге назар аударуы қажет.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев сыртқы экономикалық ко­нъюнк­тураның өзгерістерін ескере оты­рып, өнеркәсіптегі жағдайды тұрақтан­дыру үшін Үкімет шұғыл шаралар па­кетін қабылдағанын айтты: бұл жұмыс орындарын сақтау; ішкі нарыққа бағытталған жаңа өндірістерді дамыту (импортты алмастыру); қазіргі сауда ағындарын сақтау үшін баламалы өткізу нарықтарын іздестіру мәселелеріне бағытталып отыр.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарла­ма­ларын іске асыру аясында отандық кәсіп­орындарды тауарларды жеткізу, жұмыс­тар мен қызметтерді ұсынуға барынша тартуға баса назар аударылады, бұл құрылыс материалдарын өндіру, металлургия, химия және басқа да жақын секторларда кәсіпорындардың жүктемесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

2020 жылы мемлекеттік бағдар­ламалар аясында 15 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру 2,6 мың шақырым республикалық маңыздағы, 4,3 мың шақырым жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеу және салу жұмыстары көзделген. Аталған шараларды іске асыру есебінен отандық жеткізілімдер үлесі 95%-ға дейін ұлғаюы тиіс.

Қ.Өскенбаевтың айтуынша, эконо­ми­каның маңызды салалаларында жұмыс істеп жатқан отандық кәсіпорындар жұмысын жақсарту мақсатында олар өндіретін өнімдер түрлерін субсидиялау­дан бастап ішкі сұранысты ынталандыру мақсатында кешенді шаралар жобасы әзірленуде.

Ұлттық банк төрағасы Ерболат До­саевтың айтуынша, осы жылғы ақпанда ин­фляция 0,6%-ды құрады. Жылдық мәнде ол 6%-ға дейін өсті. «Негізгі үрдіс азық-түлік тауарлары бағасының 8,6%-ға дейін өсуінен болды. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер тиісінше 5,4%-ға және 3,2%-ға дейін қымбаттады» деді Ұлттық банк төрағасы.

Биылғы ақпанның көп бөлігінде теңге шетел валютасының әкелінуі, экс­порттаушылардың валюталық түсімді сатуы және бюджетке кепілдік берілген трансферттер үшін Ұлттық қордың валюталық активтерін конвертациялау аясында нығая түскен еді. Осы жылғы 24 ақпанда коронавирустың әлемдік экономикаға таралу әсерінің күшеюі жағдайды күрт өзгертіп жіберді.  «Оның үстіне, 2020 жылғы 6 наурызда ОПЕК+ отырысының қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәміленің талаптары туралы келісе алмады. Ресей өндіруді төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы ағымдағы жылғы 8 наурызда әлемнің барлық өңірлері үшін өз мұ­на­йының бағасын төмендету және мұ­най өндіруді тәулігіне ағымдағы 9,7 млн баррельден 12 млн баррельге дейін ұлғайтуға дайын екендігі туралы шеші­мін хабарлады» деді Е.Досаев.

Ұлттық банк теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы режімін ұстанатынын растайды. Соған қарамастан, өзгерістер орын алғанда қаржы жүйесінің тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялардың жүргізілуін жоққа шығармайды.

«Ұлттық банк әлемдік экономикадағы және халықаралық нарықтағы жағдайдың дамуын мұқият бақылауда және қажет болған жағдайда Қазақстанның қаржы нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қосымша шаралар қабылдауға дайын» деді Е.Досаев.

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов 2020 жылғы қаңтар-ақпандағы мемлекеттік бюджеттің орындалуы туралы баяндады.

Мемлекеттік бюджеттің кірістері (транс­ферттерді есепке алмағанда) есеп­ті­лік кезеңнің жоспарына қарағанда 97,3%-ға, оның ішінде республикалық кіріс­тер – 83%-ға, жергілікті бюджеттер – 145,3%-ға орындалды.

Ә.Смайыловтың айтуынша, респуб­ли­калық бюджет кірістерінің толық орындалмауына сыртқы факторлар әсер етті. Біріншіден, 2019 жылдың соңында ҚХР-да пайда болған коронавирус індетіне қатысты жағдай импортқа ҚҚС түсіміне кері әсер етуде. Атап айтқанда, осы жылдың ақпан айында 2019 жылдың ақпанымен салыстырғанда Қытайдан келген импорт 11%-ға төмендеді, ал оның нақты көлемі 20%-ға төмендеді. Соның салдарынан Қытайдан тауар импортынан кеден баждары мен салықтарының түсуі 12%-ға азайды. Жалпы, осы жылдың 2 айында автокөлік санының 24%-ға және ҚХР-дан темір жол көлігінің келуі 14%-ға төмендегені байқалады. Бұдан өзге, осы жылдың ақпан айында ЕАЭО елдерінен тауарларды импорттайтын автокөлік құралдары санының 20%-ға төмендеуі тіркелді.

Жалпы, сыртқы фактордың теріс әсеріне қарамастан 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ҚҚС бойынша өсу қарқынын 110,5%-ға қамтамасыз етуге қол жеткізілді. Жергілікті бюджет­тердің меншікті кірістері 559 млрд тең­гені құрап, 174 млрд теңгеге артығы­мен орындалды.

Ә.Смайылов сыртқы факторларға бай­ланысты қалыптасқан экономикалық жағдайларда мемлекеттік бюджеттің тең­ге­рімділігі мен тұрақты дамуын қамта­масыз ету үшін тиісті шаралар қабыл­да­натынын атап өтті.

Алдымен республикалық бюджеттің шығыстары оңтайландырылатын болады. Біріншіден, бұл қымбат жиһаз бен көлік сатып алу, семинарлар, форум­дар және басқа да имидждік іс-шара­лар өткізуге қатысты. Аталған шығыс­тар бойынша алдын ала жұмыстар жүр­гізілді. Мемлекеттік органдар­дың, өңір­лердің және квазисектор субъек­тілерінің қадамдық іс-қимылдары мен жол картасы бекітілді. Екіншіден, ағымдағы жағдайлар үшін басым емес шығыстар, неғұрлым кейінге қалдыруға болатын жобалар мен іс-шаралар, сондай-ақ кейінге қалдыру шарттары бар, бюджетке енгізілгендерді қоса алғандағы жаңа жобалар. Сонымен қатар барлық әлеуметтік міндеттердің толық орындалуы қамтамасыз етіледі. Бұдан өзге, инфляция дәлізінің қайта қарастырылуын ескере отырып – зейнетақы, жәрдем­ақы және атаулы әлеуметтік көмек­тер­ді индексациялау бойынша шаралар қабылданады. Сондай-ақ теңге ба­ға­мына байланысты бірқатар шығын­дарды индекстеу талап етіледі. Бұл үкіметтік борышқа қызмет көрсету, тегін медициналық көмектің кепілдік бе­­ріл­ген көлемі аясында халықты дәрі-дәр­­мекпен қамтамасыз ету, Қазақстан аза­маттарын шетелде емдеу, «Болашақ» бағ­дарла­масы бойынша оқыту және т. б. Үшін­­шіден, бюджеттің теңгерімділігін қам­­тамасыз ету аясындағы тағы бір бағыт –  квазимемлекеттік сектор компа­ния­­ла­ры­ның дивидендтік саясатын қайта қарау.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек нарығындағы ахуал туралы баяндап берді.

«Бүгінгі талқыланып жатқан ахуал аясында Үкімет азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру бойынша барлық әлеу­меттік міндеттемелерін толық көлемде орындайтын болады. 2020 жылға мем­лекеттік бюджетте 4 млн-нан астам әлеу­меттік төлемдер алушыларға 3 377 млрд теңгеге жуық қаржы қарасты­рылған», деді Б. Нұрымбетов.

Зейнетақы мен жәрдемақы алушы­лар­дың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында 2020 жылғы 1 қаңтардан инфля­ция деңгейін ескере отырып, бар­лық әлеуметтік төлемдер 5%-ға өсті, оның ішінде зейнетақы мөлшері 7%-ға, яғ­ни инфляциядан 2%-ға ілгерілеп артты­рылды. «Сыртқы нарықта қалыптас­қан жағдайды ескере отырып, халық үшін мүмкін болатын салдарын жеңіл­дету мақсатында барлық әлеуметтік тө­лем­дердің мөлшері инфляция деңгейіне сәй­кестендірілетін болады» деді министр.

Еңбек нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұмыссыздық дең­гейінің күрт өсуіне жол бермеу шара­ларын іске асыру мақсатында әлеу­меттік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру бойын­ша инфра­құрылымдық жобаларды іске асы­ру жө­ніндегі Жол картасын әзірлеу жос­пар­ланған. Ведомство субсидияланатын уақытша жұмыс орындарымен қамтуды ке­ңейтуді, жұмыстан босауы мүмкін жұ­мыс­керлердің кәсіптік оқытуын ұйым­дас­тыруды және микробизнесті дамытуға арналған гранттар санын арттыруды көздеп отыр.

Премьер-Министр Мемлекет басшысы жедел әрекет ету республикалық штабын құрғанын атап өтті. Тиісті штабтар барлық өңірде құрылған. Үкімет жағдайды одан әрі дамытудың бірнеше нұсқаларын пысықтады, олардың әрқай­сысы қажетті ресурстармен, оның ішінде қаржылық ресурстармен қамтамасыз етіл­ген. Ұлттық экономикаға теріс сырт­қы конъюнктурадан әсерлерді азайтуға бағытталған бірқатар шара әзірленді.

«Аталған шаралардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатының сақталуын қамтамасыз ету. Азаматтарымыздың еш­қайсысы қиын жағдайда қалмайды» деді А. Мамин.

Үкімет басшысы әкімдіктерге әлеу­меттік маңызы бар тауарлар бойынша на­рықтарда тауар интервенцияларын өткізу үшін тұрақтандыру қорларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Біз отандық кәсіпорындардың тауарлары мен қызметтеріне сұранысты ынталандыру бойынша қолда бар барлық ішкі резервтерді іске қосуымыз керек» деген Премьер-Министр, импортты алмастыруды күшейту жөніндегі нақты шаралар мен жоспар әзірлеуді тапсырды.

Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-қа, ұлттық басқарушы холдингтерге және Үкіметке есеп беретін басқа да ұйымдарға валюта нарығындағы өз операцияларын Ұлттық банкпен келісуді тапсырды.

Қаржы министрлігіне мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір апта мерзімде басым емес инвестициялық жобалар­ды іске асыру мерзімін ауыстыра оты­рып, бюджеттік шығыстардың басым­дық­тарын қайта қарау жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Үкімет басшысы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне уақ­тылы әлеуметтік төлемдерді толық кө­лемде қамтамасыз етуге және жұ­мыспен қамтудың жаңа Жол картасын әзірлеуге тапсырма берді, оның аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі жұмысты күшейту, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп азаматтардың еңбек құқықтарының сақталуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету тапсырылды.

«Біздің ортақ міндетіміз – әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету және жұ­мыспен қамту. Жұмыс орындарын сақ­тауға және жаңа жұмыс орында­рын құруға ерекше назар аудару қажет. Мем­лекеттің барлық әлеуметтік міндет­темелері орындалады. Барлық зейнет­ақы мен жәрдемақы уақтылы әрі то­лық көлемде төленеді» деп түйіндеді А.Мамин.