Аймақтар • 11 Наурыз, 2020

Ақтауға 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасының жауынгерлік туы жеткізілді

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау гарнизонының әскерилері Маңғыстау темір жол вокзалында атақты 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасының Жеңіс Туы көшірмесін салтанатты түрде қарсы алды. Ақтаулықтарға бұл тарихи жәдігер «Жеңіске 75 күн» республикалық әскери-патриоттық эстафетасы аясында жіберілді. Бұл туралы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтауға 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасының жауынгерлік туы жеткізілді

Салтанатты рәсімге Ақтау гарнизонының әскери қызметшілері, «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және қала басшылығы қатысты. Пойыз елордадан келген соң, жауынгерлік тудың көшірмесі гарнизон бастығы полковник Мұрат Арапбаевқа тапсырылды.

- Бүгін, бізге Қарулы Күштердегі жалғыз теңіз жаяу әскері бригадасы ретінде 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасының жауынгерлік туы сеніп тапсырылды. Бұл әскери құырымның нацизмді жеңу жолындағы үлесі маңызды болғаның білеміз. Сондықтан Отанымыздың патриоттары ретінде, сол күндердің естеліктерін сақтауға, немерелерімізге әкелеріміз бен аталарымыздың жасаған еңбектері мен соғыс уақытында жасаған істерін айтып отыруға міндеттіміз, деді гарнизон бастығы.

Әйгілі бригада 1941 жылдың қазан айында Ақтөбеде құрылды. Бұл бөлімшенің негізін Астрахан қаласындағы соғыстың басында эвакуацияланған Фрунзе атындағы Кронштадт жоғары әскери-теңіз мектебінің түлектері құрады. Сонымен қатар, Каспий флотилиясының 1000-ға жуық матростары келді, оларға қосымша күш ретінде 2000-ға жуық қазақстандық еріктілер қосылды. 1941 жылдың қазан айының соңында 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасы Мәскеуге жақын жерде Белый Раст поселкесіне келді. Мәскеу түбіндегі шайқастарда бригада Мәскеу қорғаныс аймағының әскерлеріне кірді. Мәскеу түбіндегі Волоколамск тас жолындағы обелискте, Мәскеу үшін соғысқан әскери-бригадалардың арасында 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасы да көрсетілген. 74-ші жеке теңіз атқыштар бригадасының жауынгерлерінің өлмес ерлігі үшін еске алу тақтасы Ақтөбе қаласының № 14 орта мектебінің ғимаратына орнатылды.

Алдағы уақытта осындай іс-шаралар Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінің бастамасымен «Жеңіске 75 күн» республикалық патриоттық акциясы аясында өткізіліп тұрады.

Маңғыстау облысы