Ұлы Абайдың 175 жылдығына орайластырылған гастрольдік сапар аясында, яғни, наурыздың 12-13-і күндері атыраулық тұрғындар мен қонақтар танымал ұжымның өнерін тамашалауға мүмкіндік алады.
Театр ұжымы Джордж Баланчиннің бір актілі «Серенада» балеті мен «Ұлы дала мұрасы» дивертисменті енген таңдаулы бағдарламасын тарту етпекші.
ХХ ғасыр балетінің алтын қорына енген «Серенада» – америкалық хореограф Джордж Баланчиннің айтулы туындысы. 2017 жылы «Астана Балет» театрының сахнасында премьерасы өткен бұл туындыны көрермен зор ықыласпен қабылдап әрі мәдени сарапшылар тарапынан құбылыс ретінде бағаланған еді. Себебі күллі Орталық Азия аумағында Джордж Баланчин қорымен ынтымақта, хореографтың стилі мен техникасының стандарттарын толық сақтай отырып қойылған алғашқы балет болатын. «Серенаданы» қазақ сахнасында қойған Виктория Саймон – америкалық хореографтың төл шәкірті. Бұған дейін Саймон әлемнің түрлі елінде Баланчиннің отыз шақты спектаклін сахналаған.
Концерттің екінші бөлімінде қазақ мәдениетінің қыр-сырын әйгілейтін «Ұлы дала мұрасы» бағдарламасы көрсетілмек. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің хореографиялық миниатюрасы көшпелі халықтың таным көкжиегін айғақтайды. Осы бағдарламаға енген барлық миниатюралар қазіргі қазақ хореографиясын тануға мүмкіндік береді. Мұнда этнография элементтері, би дәстүрі мен заманауи хореографиялық шешімдер үйлесім тапқан.
Айта кетейік, наурыздың 25-26-сы күндері «Астана Балет» ұжымы осы бағдарламамен Семейдегі Абай атындағы театрда өнер көрсетпек.