Облыстық ішкі саясат басқармасы тіл мамандарының, ғалымдардың қатысуымен латын әліпбиінің жаңа нұсқасын талқылау мақсатында келелі кеңес өткізді. Тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Талпақова жуырда Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғалымдарымен бірлесіп, латын әліпбиіне байланысты онлайн семинар өткізгенін, онда латын әліпбиінің жетілдірілген нұсқасы талқыланғанын айтып өтті. Құрамына 70-ке жуық тіл ғалымы кірген орфографиялық жұмыс тобы ақпан айында республика көлемінде ашық талқылауға ұсынылған үш нұсқаның ішінен «Ә» нұсқасын таңдап отыр. Облыстық ішкі саясат басқармасы өткізген жиында да облыстық оқу-әдістемелік орталығының мамандары, университет оқытушылары әліпбидің осы жобасын қолдайтындықтарын жеткізді.
Осы арада, «Ә» нұсқасының артықшылығы қандай деген мәселеге келсек, ғалымдардың айтуынша, бұл жобалық нұсқада қазақ тілінде қалыптасқан әліпби дәстүріне сай әріптердің реттілігі мен жүйелілігі қалпына келтірілді. Ескерілген ұсыныстар мен пікірлердің негізінде жаңа қазақ әліпбиін көпшілікке оңай үйретуге, көз және қол дағдысын тез қалыптастыруға, сондай-ақ оның емле ережелерін меңгертуге де қолайлы болмақ. Ғалымдар ұсынып отырған әліпбиде 31 әріп бар, оның 4-еуі умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбасы арқылы берілген.
Жобадағы диакритикалық таңбалар латын әліпбиімен жазатын көптеген тілде қолданылады, мысалы, умлаут неміс, швед, исланд, фин, венгр, түрік, әзербайжан әліпбилерінде де жіңішке дауысты дыбыстың таңбасын білдіреді. Бревис эсперантода, молдова жазуында, түрік әліпбиінде дауыссыздың таңбасына, седиль француз, түрік, латыш әліпбилерінде ызың дауыссыздарға, макрон дауыстыларға немесе дауысты қатарына өткен дауыссыздарға пайдаланылады. Сондықтан қазіргі әлемде латынды білетін кез келген жазарман, тіліне, ұлтына қарамастан, умлаутты әріптің жіңішке дауысты дыбыс екенін, сол сияқты айтып кеткен басқа да диакритиканың дыбыстық мазмұнын бірден ажыратады. Жиында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми хатшысы Анар Фазылжанованың онлайн режімде жасаған баяндамасы тыңдалып, ғалым өз сөзінде латын әліпбиінің жаңа нұсқасына егжей-тегжейлі тоқталып өтті. Оның айтуынша, жаңа әліпбиде дауысты дыбыстардың жіңішке сыңарын белгілеуші диакритикалық таңба ретінде умлаут алынған, себебі умлауттың таңбасында «жіңішкелікті білдіру» деген концепті ғана бар. Сонымен бірге умлаутпен жіңішке дауысты дыбыс әріптерін таңбалаған латын әліпбилі тілдердің қатары көп: немістер, шведтер, венгрлер, түріктер, әзербайжандар, түрікмендер және тағы басқалары.
Латын әліпбиінің жаңа нұсқасын талқылауға арналған жиынға қатысқан Ақмола облыстық оқу-әдістемелік орталығының директоры Қаратай Төлекеев, орталықтың әдіскері Әсемгүл Қарсақбаева, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқытушысы Лайс Қапезұлы тәрізді тіл мамандары әліпбидің «Ә» нұсқасын қолдайтындықтарын жеткізді.
Ақмола облысы