Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Ел су тасқынына елеңдеулі

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аймақта көктемгі су тасқыны ықтимал аумақтар анықталып, қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Ағын судың жай-күйін бақылайтын 66 гидростанция мен 97 бекетте үздіксіз кезекшілік ұйымдастырылған. 

Ел су тасқынына елеңдеулі

Алдын-ала жүргізілген болжамдарға сәйкес аймақта 125 елдімекенді су басу қаупі бар көрінеді. Олардың 45-і ірі өзен-көлдердің жағалауында орналасқан.

– Көктемгі су тасқынының алдын-алу бір күндік мәселе емес. Сондықтан бұл жұмыстар бірнеше жыл қатарынан және үздіксіз жүргізіліп келеді. Синоптиктер наурыз айының соңғы аптасында күрт жылынатынын болжап отыр. Осыған орай, мұз жару жұмыстары 10 наурызда басталған. Сонымен қатар өзен арналарын тазарту, өткелдерді қоршау қолға алынған. Әсіресе Есіл, Шағалалы, Жабай, Қалқұтан, Сілеті өзендерінің қазіргі жағдайы сын көтермейді. Елдімекендердегі ылғал көлемі жылдық мөлшерлемеден бірнеше есе асып жығылады. Су тасу қаупіне орай аймақта 97 бақылау бекеті құрылған, – дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің бастығы Алексей Советов. 

Төтенше жағдайлардың алдын-алу мақсатында аймақта 225,6 тонна жанар-жағармай, 24 мың тонна инертті материал және 85 мыңға жуық қапшық әзірленген. Бұдан бөлек 60 жүзу құралы мен 229 су соруға арналған техника дайын. Елді мекендерден 1 миллион 103 мың текше метрден астам қар шығарылған. 27 шақырым су арнасы тазартылып, ретке келтірілсе, 16 шақырым бөгет жөнделіп, іргесі нығайтылды. Күн күрт жылынатын болса, қауіп-қатер еселене түспек.

– Аймақтағы ылғал көлемі 2017 жылы орын алған су тасқыны кезіндегі мөлшерден бір жарым, екі есе көп. Сандықтау, Целиноград, Қорғалжын және Астрахан аудандарында қар қалың. Көп жылғы бақылауларға сәйкес жайылма өзен-сулардағы мұздың қозғалуы наурыз айының үшінші онкүндігіне дөп келеді. Қазір Атбасар мен Сандықтау аудандарында су тасқынының қаупі өте жоғары. Бұған ылғал қорының қалыпты шамадан тыс, яғни, 2 есе жоғары болуы себеп болып тұр, – дейді «Қазгидромет» республикалық кәсіпорны облыстық филиалының бөлім жетекшісі Надежда Горишкина.

Апат айтып келмейді. Әйтсе де, өңірде 3 мыңға жуық құтқарушы, 1 мыңнан астам техника  әзір тұр. Дегенмен, табиғаттың тосын мінезіне тосқауыл болу қиын.

 

Ақмола облысы