Сәбиге қойылған диагноз ауыр санатына жатады. Атап айтқанда, жалпы жағдайы бас ми қан айналысының бұзылысы, бас миының ісінуі, тамыр ішіндегі таралған қан ұю синдромы, постегоррагиялық анемия, отадан кейінгі ерте кезеңге байланысты өте ауыр, тұрақсыз болғандықтан ақ халатты абзал жандар шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдаған.
Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, сәбидің санасы милық кома, бет пішіні және көз саңылауы симметриялы болған. Сонымен қатар менингеальдық симптомдары күмәнді және микроциркуляциялық бұзылыстар байқалған. Тері жамылғысы өте бозғылт, сарғыш болған. Ал отаны балалар нейрохирургі Ербол Кенжевалов жасаған.
- Нәресте күндізгі 12:30 шамасында жедел жәрдем бригадасымен балалар ауруханасына жеткізілді. Баланың жалпы жағдайының ауырлығына .байланысты бас миының компьютерлік томографиясы жасалып, жан сақтау бөлімшесіне ауыстырылды. Толық тексерілген соң отаалды дайындықтан кейін 6 сағаттаң соң операция жасалды. Бас миының ашылуы трепанациясы жасалып, гематомасы алынды. Ота 1,5 сағатқа жалғасты. Қазіргі таңда сәби жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Осылайша консервативті емін жалғастыруда, дейді ол.
Сәби әзірге дәрігерлердің бақылауында болады, ауруханада қанша күн жатып ем алатынын дөп басып айту қиын. Оған болашақта да медициналық көмектің қажет болуы мүмкін. Жағдайы жақсарған соң үйіне жіберіледі. Ақ халатты абзал жандар сәбиге мұқият күтім жасалса, жағдайы жақсарып бұл диагнозды толыққанды жеңуге болатынын айтады.