Аймақтар • 12 Наурыз, 2020

Маңғыстау облысының азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорына 100 млн теңге бөлінді

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім болды.

Маңғыстау облысының азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорына 100 млн теңге бөлінді

Қазіргі таңда дүкендер мен базар сөрелеріндегі  азық-түлік бағасы, оның ішінде Үкімет бекіткен 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауарлар әкімдіктің тікелей бақылауында. Аталған баға мәселесіне байланысты Ақтау қаласы әкімдігі аптаның бірінші және төртінші күндері мониторинг жүргізеді.

Әлеументтік маңызы бар тауарлар қорын толықтырып, сондай-ақ бағасын тұрақтандыру мақсатында Маңғыстау облысының азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорына 100 млн теңге бөлінген. Оның 58 млн теңгесіне халыққа қолжетімді бағада тауар ұсынуға ниет білдірген  5 кәсіпкермен келісім-шарт жасалды. Алдағы аптада 365 тонна картоп,70 тонна жуа, 410 тонна сәбіз бен 70 тонна қырыққабат жеткізіледі.

- Біз Ресей, Өзбекстан елдері мен көршілес облыстардан тауарлар жеткізу туралы тұрақты түрде келіссөздер жүргізіп келеміз. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қоры 2 айға жетеді, деді «Каспий» АҚ басқармасының төрағасы Абзал Меңдібаев.

Бүгінде әлеуметтік желілерде, қызанақ пен қиярдың бағасының күрт өсуі жайында мәселе көтерілді. Бұл көкөніс түрлері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік санатына кірмейді. Алайда әкімдік тарапынан осыған орай шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдануда.

Ақтауға қияр мен қызанақтың басым бөлігі Түркменстан елінен тасымалданады. Әлемдегі белең алған короновирус инфекциясына байланысты Түркменстан мен Иран арасындағы шекара жабылған. Түркіменстанға көкөністің бұл түрі Ираннан келеді екен. Осы жағдайға байланысты тасымалдау мен салық шығыны, әрине тауар бағасының қымбаттауына тікелей әсер етеді. Күні кеше Түркиядан осы қызанақ пен қияр жеткізілді. Қазіргі таңда халық ең көп баратын «АСАР-С» базарында қызанақ пен қиярдың бағасы 750-800 теңгеге тұрақталған, деді Ақтау қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Бауыржан Сапа.