Ақтау қаласы «Маңғыстау Арена» спорт кешенінде үстел теннисінен және «Каспий» футбол клубында футболдан шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Мақсаты - осал топтағы балаларды спортқа тарту, қолдау көрсету, салауатты өмір салтын қалыптастыру. Іс–шара өңірлік ҚХА еріктілерінің, этномәдени бірлестіктердің, спорт кешені жаттықтырушыларының мұрындық болуымен өткізілді.
- «NEXT ЧЕМПИОНМЫН» республикалық акциясы аясында ерекше тұлғадағы балаларға үстел теннисінен және балалар үйінің тәрбиеленушілеріне футболдан шеберлік сағаттарын өткізуді ұйымдастырдық. Даму ерекшелігі, я болмаса басқа факторлар болсын, біз үшін барлығы маңызды. Сондықтан бүгінгі спорттық шаралардың маңыздылығы жоғары деп санаймын. Теннисті балалар өте керемет ойнады. Спортқа, оның ішінде тенниске қабілеттерінің жоғары екендігін көрсетті және ойын да балаларға ұнады. Осы акцияны өткізуге қолдау көрсеткені үшін «Маңғыстау Арена» спорт кешені, «Каспий» футбол клубы басшыларына, жаттықтырушыларға, этномәдени бірлестік төрағаларына алғысымды білдіремін. Осымен шектелмей, алдағы уақытта да спорт саласы бойынша волонтерлік қызмет жалғасын табатын болады, дейді Маңғыстау облысы ҚХА еріктісі Руслан Баматгереев.
- Өңірлік ҚХА еріктілерінің, «Маңғыстау Арена» спорт кешені басшысының қолдауымен республикалық «Мен келесі чемпионмын» акциясына, Ақтау қаласы №2 орта мектепте оқитын ерекше тұлғадағы балаларды әкеліп отырмыз. Бүгінгі акция аясында үстел теннисінен шеберлік сынып сағаттарын ұйымдастастырып, ерекше тұлғадағы балаларға қолдау көрсеткендері үшін облыстық ҚХА-ға алғысымызды білдіреміз. Жаттықтырушыларға балалардың ойындары ұнады. Өйткені балалар спорттың осы түрін бұрыннан да ойнап, үйреніп жүргендерін, қабілеті бар екендіктерін көрсете білді, спортқа өте жақын, облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Сондықтан да ұйымдастырушы еріктілер алдағы уақытта айына бір рет балаларға спорттың осы түрінен үйірме өткізуге ұсыныстарын білдірді. Тағы да бір қуантарлық жағдай, өңірлік этномәдени бірлестіктер осы ерекше тұлғадағы балаларға арнап ракетка, шариктер, мүмкіндік болып жатса үстелдер алып беру жолдарын қарастырып, қолдау көрсететіндіктерін айтты, деді «Маңғыстау облыстық ерекше тұлғалардың дене шынықтыру және спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Маңдайлы Жарылгас.
Маңғыстау облысы