22 Тамыз, 2013

Қанағаттанғандар да, қанағаттанбағандар да болды

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Кеше «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының қоғамдық қабылдау бөлмесінде Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Жыл басынан бері Ауылшаруашылығы министр іжәне министрлік өкілдері партияның Орталық аппаратында 33 адаммен жүзбе-жүз сөйлесіп, олардың мәселелерінің шешімін қарастырыпты. Мұнда келгендер негізінен жұмысқа орналасу, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында баспана алу, қой терісін өңдеу, омарта шаруашылығымен айналысу, жерді суландыру және мал шаруашылығын дамыту бойынша несие алу сияқты мәселелерді көтерген. Соның ішінде оң шешімін тапқандары да бар. Мысалы, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Максимов ауылының тұрғыны Меттанель Үмбетоваға «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында баспана үшін 2 миллион 300 мың теңге көлемінде қаражат бөлініпті. Ал Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Бақаяқ Сайлауға асыл тұқымды ірі мал басын өсіру үшін 2 миллион 200 мың теңге көлемінде қаражат берілген.

Ал кешегі қабылдауға келген Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Түгіскен ауылының тұрғыны Берік Рашатов министрмен қой шаруашылығын дамыту мәселесі бойынша пікір алмасты. Оның сөзіне қарағанда, бір кездері «Сарыарқа» қой тұқымы өркен жайып, дамыған болса, қазір ол құрып барады. Жеке шаруашылықтарда жұмыс істейтіндердің жағдайы нашар болғандықтан, оларды топтастыру қажет дегенді алға тартты. Бұған жауап ретінде А.Мамытбеков қазір нарықтық заман болғандықтан, жекенің мәселесіне араласа алмайтындықтарын, оны шаруалардың өздері шешуі қажет дегенді айтты. Министрдің мәлімдеуінше, биылдан бастап аналық басқа субсидия төлеу қолға алынған. Оның үстіне Үкімет Салық кодексіне тиісті өзгерістер енгізу арқылы ауыл шаруашылығында еңбекақы төлеу мәселесін ынталандыруды қолға алуда. 2011 жылы енгізілген ірі қара мал аналығына субсидия берудің арқасында мал басы 20-22 пайызға өсіп отыр.

Жеке кәсіпкер Евгений Новак өз фирмасына бұрғылау үшін жұмыс ауқымын қамтамасыз етуге ықпал етуін сұрап, ми­нистр­дің осы мәселеге қолұшын беруін өтінді. Кәсіпкердің айтуынша, ол бүгінгі күнге дейін 400-ге тарта ұңғы қазған. Қазіргі таңда бұл фирма ірі кәсіпкерлер, қорғаныс ведомствосы және өзге де тапсырыс берушілер тарапынан тапсырыстар қабылдауда көрінеді. Министр кәсіпкердің ұсынысын тыңдап болған соң, ауыл шаруашылығы саласында фермерлерді мұқтаждап, құдықтар мен ұңғыларды қаздыру дұрыс еместігіне назар аудартты. Негізінен, мұндай жұмыстарды фермерлер өздері атқара алады. Сондықтан, мұндай қызмет түрлерін ашық нарықтан іздеу қажеттігін, әсіресе, бизнес ассоциациялары арқылы іздеген дұрыс дегенді айтты.

Ал Астанада «Экосфера-Қазығұрт» халықаралық ғылыми орталығын құрған Аманбек Ақайұлы министрге агро-экологиялық қауіпсіздігін дамыту туралы ұсыныстарымен келгендігін жеткізді. Ғалымның ұсыныстары ғылыми негізде дәйектелгендіктен, онымен жақын танысу үшін бірнеше жобаларды министрге табыс етті.

Жалпы, есепті кезеңде Орталық аппаратттың қоғамдық қабылдау бөлмесіне мал басын көбейту, құс өсіру, қалалық және ауылдық жерлерде жылыжайлар салу, жеміс-жидек алқабын ұлғайту және жеке шаруа қожалықтарын дамыту сияқты ұсыныстармен 41 адам келген екен. Қабылдауға келген азаматтарға еліміздің қолданыстағы заңдары бойынша түсініктер мен кеңестер беріліп, жазбаша өтініштер құзыретті органдарға қарау үшін жіберілген.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».