Таным • 17 Наурыз, 2020

Өмір шырағы

155 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жеңістің 75 жылдығы жақындаған сайын соғыста шейіт болған, болмаса аман-есен келіп қоғамның адал енбеккері болған адамдары туралы естеліктер жиі айтыла бастады. Бұл тәрбиелік мәні бар жақсы нышан деп білемін. Жақында ағайынымның үйінде болғанымда, жақсы бір үрдістің үстінен түстім.

Өмір шырағы

Көп жыл ұстаздық етіп, кейін Қарағанды облысы, Нұра аудандық радиоторабын басқарған Зура Құрманбекова ханым бір топ суретті жайып қойып, қызы Мәншүкке, немересі Ілеске әкесі Ақмағамбет туралы әңгімеледі. Көп құжаттарды шығарды. Әкесінің өз қолымен жазған өмірбаянын көрсетті.

Қызы мен немересі мамыр айындағы Жеңіс күні қарсаңында Алматыдан Нұраға барып, аталары туралы мектепте кездесу өткіземіз деп уәделесіп жатты.

Осы бір сәт журналистік қызығушылығымды туғызды. Майданда болып, одан елге оралып, ұзақ жыл мектептің директоры болған Ақмағамбет Құрманбеков майдангер ұстаз туралы жас ұрпақ білсін деген оймен өмірбаян беттеріне үңілдім.

Ол 1913 жылы Итке деген ауылда кедей шаруаның отбасында дүниеге келіпті. Әке-шешеден 7 жасында жетім қалып, балалығы қиыншылықпен өтеді. Бірақ білімге, оқуға құмар бала қалай да білім алуды мақсат етеді.

Ағасы Түсіпбек екеуі қиыншылық көре жүріп, мектепті бітіреді. Ақмағамбет 1931 жылы мұғалімдер даярлайтын мектепке түсіп, оны 1934 жылы бітіреді. Содан соң Петропавлға барып, институттың даярлық курсына түседі. Ал бір жылдан соң Семейдегі мұғалімдер даярлайтын институттың тарих факультетіне оқуға қабылданады.

1937 жылдың қыркүйек айында туған Нұра өңіріне келіп, жеті жылдық Ақтөбе мектебіне оқу ісінің меңгерушісі болады. Ал 1938-1939 жылдары қазақ орта мектебінің дирек­торлығына тағайындалады.

1939 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады және 1940 жылға дейін 113-ші артиллерия полкында әскери борышын өтейді. Ұлы Отан соғысы басталған кезде ол бөлімше командирі болады. Соғыстың алғашқы жылдарында қатты жарақат алып, Киров қаласындағы госпитальда емделеді. Одан кейін сапқа қайта оралып,  120 миллиметрлік миномет батареясында взвод командирі болып қызмет істейді.

1944-45 жылдары 381-ші атқыштар дивизиясында взвод командирі болып жан алысып, жан беріскен шайқастарға қатысады.

Ұлы Отан соғысы аяқталғанымен Ақмағамбет Құр­манбеков үшін соғыс бітпеген еді. Ол 1946 жылдың сәуір айына дейін 235-ші атқыштар дивизиясының 625-ші миномет полкінде взвод командирі болады. Лейтенант шеніне көтеріледі.

Соғыстан оралған соң қайтадан Нұраға келіп қазақ орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, ал 1949-дан Ворошилов атындағы мектептің директоры болып қызмет істейді.

Майдангер-ұстаз әріптестерінің де, шәкірттерінің де құрметіне бөленеді. Оның азаматтық тұлғасы ұмытылмай, шәкірттері мақтан тұтты.

Әрине, соғыс жылдарындағы наградаларының сар­ғайған парақтарын көргенде ерекше толқиды екенсің. Соның кейбіреулерін оқырманға ұсынғым келеді:

«Құрметті жолдас Құрманбеков Ақмағамбет!

Бас Қолбасшы, Кеңестер Одағының Маршалы Сталин жолдастың 1945 жылғы 7 наурыздағы бұйрығына сәйкес Груденз, Тиев және Староград қалаларын азат ету соғы­сына қатысқаныңыз үшін сізге Алғыс жариялаймын!».

Сталиннің атынан тура осындай хат немістің Эльбинг қаласын алудағы ерлігіне орай беріліпті. Ал 1945 жылғы 9 мамырдағы Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңесі Президиумының жарлығымен Ақмағамбет Құрманбековке «Кенингсбергті алудағы ерлігі үшін» медалі тапсырылады.

Нарва қаласын азат етудегі ерлігі үшін Ақмағамбет Құрманбеков тағы да Бас Қолбасшы Сталиннің атынан Алғыс хат алады.

1945 жылғы 7 сәуірдегі Армияның Әскери Кеңесінің шешімімен Ақмағамбет Құрманбеков «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.

Иә, майдангер-ұстаздың өмір жолы өнегеге лайық. Оның басқа да толып жатқан медальдарын тізбелей бер­гім келмеді. Ақмағамбет Құрманбеков жұбайы Ұрлықа Мырзабайқызы екеуі мектепте ұстаздық етті.

«Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» ұраны халықтың ұранына айналғанын тарихтан білеміз. Сол кезде жас қыз Ұрлықа болса майдандағы жауынгерлер үшін тылда киім тігіп, қолғап тоқып майданға жіберіп жатты.

Олар екі ұл, бір қыз тәрбиеледі. Бәрі жоғары білімді маман атанды. Екеуі де дүниеден өткенімен көзін көрген шәкірттері зор құрмет тұтады. Бұл шаңырақтың ұрпағы өніп-өсіп отыр. Оларды немерелері, шөберелері мен шөпшектері пір тұтады. Өмір шырағы бұл шаңырақта жарқырап жанып тұр...

 

Уәлихан ҚАЛИЖАН,

Қазақстанның Құрметті журналисі