Елордадағы «ҚазМедиа орталығында» Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметінің ұйымдастыруымен 26-27 тамыз күндері Шығыс Қазақстан облысында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ІІ халықаралық форумына дайындық барысына арналған брифинг болып өтті.
Елордадағы «ҚазМедиа орталығында» Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялық қызметінің ұйымдастыруымен 26-27 тамыз күндері Шығыс Қазақстан облысында өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ІІ халықаралық форумына дайындық барысына арналған брифинг болып өтті.
Түбі бір түркі жұртының басын біріктіретін рухани құндылықтарды түгел зерттеп-зерделеудің маңызы зор. Мәселен, «Қорқыт ата кітабы», «Манас», «Алпамыс», «Көрұғлы», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Едіге батыр», т.б. халық ауыз әдебиеті ескерткіштерінің қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен, татар, әзербайжан, түрік, башқұрт пен ұйғыр тілдеріндегі сюжеттік ұқсастықтары олардың әу бастағы тарихи тамырының ортақ екенін білдіреді, сондай-ақ түркілердің дәстүрлі музыкасындағы сарқылмас сарыннан бір-бірінен бөлек алып қарауға болмайтын тұтастықты, кей жағдайда егіз қозыдай ұқсас болып өрілетін жарасымды жалғастықты байқау қиын емес.
«Халық тарих толқынында» бағдарламасы аясында алда өтетін «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ІІ халықаралық форумы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Мәдени мұра» стратегиялық жобасы аясында байырғы музыкалық мұраны байыптау, оны көпшілік қауымның назарына ұсыну, түркітілдес халықтың ата-дәстүр, салт-сана, әдет-ғұрыптары арқылы мәдениетіміздің ежелден өркендеп, дамығандығын мақтан ету, дәстүрлі музыка өнері өкілдерін ынталандыру, түркі халықтарының әні мен жырын, күйі мен сазын, эпостық үлгілерін жан-жақты насихаттау мақсатында өткізілгелі отыр.
Бірінші форум 2011 жылы Өскемен қаласы және Катонқарағай ауданында өткізіліп, оны алдағы уақытта дәстүрлі түрде екі жылда бір рет өткізіп тұру туралы шешім қабылданған болатын. Биылғы форум Мемлекеттік хатшының ұлттық тарихты модернизациялау және тарихи зерттеулерге жаңа тәсілдерді пайдалану туралы қойған міндеттерінің аясында ерекше маңызға ие болып отыр.
Іс-шараға 20 елдің өкілдері қатысады деп күтілуде. Алтайға Ресей, Жапония, Тыва, Татарстан, Қырғызстан, Түркия, Хакасия, Башқұртстан, Алтай өлкесі, ОАР, Түркіменстан, Әзербайжан, Корея, т.б. елдердің ғалымдары, елшілері және қоғам қайраткерлері келеді.
Алғашқы күні кең көлемде ғылыми-практикалық конференция өткізілмек. Келесі күні Катонқарағай ауданындағы Берел ауылының «Патшалар алқабында» өтетін музыкалық фестивальға Қазақстан, Түркия, Якутия, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан, Башқұртстан, Әзербайжан және өзге мемлекет өкілдері қатысады. Театрландырылған көріністе қазақы салт-дәстүрлері көрсетіліп, фольклорлық концерттер ұйымдастырылады.
Басқосу барысында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің бірінші проректоры Бауыржан Ердембеков, осы оқу орнының Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры Советхан Игібаев пен тарих ғылымдарының кандидаты Ерлан Сайлаубаевтар форумға дайындық барысы туралы айта келіп, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Берік САДЫР,
«Егемен Қазақстан».