Әлем • 20 Наурыз, 2020

АҚШ Президенті қосымша өкілеттіліктерге ие болды

316 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

АҚШ Президенті Дональд Трамп өнеркәсіпті коронавируспен күреске жұмылдыру үшін қосымша өкілеттіктерді жауапкершілігіне алатынын мәлімдеді. Бұл ақпаратты кеше golos-ameriki.ru таратты.

АҚШ Президенті қосымша өкілеттіліктерге ие болды

Сарапшылар Дональд Трамптың мұндай күрделі шешімді қабылдауына геосаяси әлемдегі күрделі жағдайлар себеп болғанын айтып жатыр. «Соғыс уақытының президенті» деп атай отырып, Трамп 1950 жылғы қорғаныс индустриясы туралы заңның артықшылығын пайдаланатынын мәлімдеді. Қорғаныс маскалары, вентиляторлар және басқа да өнімдердің жетіспеушілігін толтыру үшін саланы бағыттауға тапсырма берді. АҚШ Президенті бұл шешімін «ауруханалардың жағдайы бақылаудан шығып кетсе, бәріне дайын болуын қамтамасыз етеді» деп түсіндірді. 

Сарапшылар Корея соғысы кезінде қабылданған заң президентке кәсіпорындарды өндірісті кеңейтуге және өмірлік маңызды материалдарды шығаруға өкілеттіктер беретінін айтып жатыр. Бұл заң соңғы рет 2017 жылы Пуэрто-Рикодағы дауылдан кейін азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды жеткізуге келісімшарттар жасауды жеделдету үшін қолданылыпты.  

«Біз соғыс жағдайынан да ауыр кезеңде тұрмыз, соғыс кезінде қарсыласыңның жағдайына қарап өзіңнің басым тұстарыңды анықтауға болады. Біз қазір шекараларды мойындамайтын дауасыз дертпен бетпе-бет тұрмыз» деген Дональд Трамп коронавируспен күресті Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қабылданған шаралармен салыстырды. Алдағы уақытта болатын шығындарға дайын болуы керектігін ескертті.  

Осы жиында АҚШ Президенті жекелеген штаттардың губернаторларымен кездесіп, аймақтардың ахуалымен танысты. 

Калифорния губернаторы әскери жағдайды енгізу мүмкіндігі туралы ескертсе, Нью-Йорк мэрі 8,6 миллион тұрғынға үйлерінен шығуға тыйым салынатынын білуге дайын болу керектігін айтты.

Экономистер бұған дейін АҚШ Президентімен кездесіп, ел экономикасының едәуір бөлігі тоқтап қалуы мүмкіндігін ескерткен болатын.

Д. Трамп Тұрғын үй және қала құрылысы министрлігі адамдарды әлеуметтік тұрғын үйді пайдалану құқығынан айыруға және оларды шығаруға уақытша тыйым салатынын айтты.

АҚШ Президенті осы жиында халыққа қаржылық көмек көрсету жоспары туралы ашып айтып, алдағы екі айда екі миллиардтан 500 миллиард доллар төлеуді жоспарлап отырғанын хабарлады.  

Әрбір отбасыға берілетін қаржылай көмектің қанша екені әлі анықталған жоқ. Бірақ ол отбасының табысына қарап берілетін болады.

Әлемдік экономиканың 20 пайызын беріп отырған АҚШ-тың мұндай шешімге келуінің себебі салмақты болып тұр.

Форд, General Motors және Fiat Chrysler, сондай-ақ, Honda және Toyota АҚШ, Канада және Мексикадағы зауыттарының жабылатыны туралы хабарлады. Детройттағы Үлкен Үштіктің зауыттарының жабылуы 150 мыңға жуық жұмысшының жұмыссыз қалуына әкеліп соғайын деп тұр. АҚШ Президенті жұмыссыз қалған әрбір азамат мемлекеттің қамқорлығында болатынын тағы да мәлімдеді. 

Америка Құрама Штаттарында 7,700-ден астам адам коронавируспен тіркелді. Күні бүгінге дейін кем  дегенде 138 адам қайтыс болды.

Олардың жартысына жуығы Вашингтон штатында, онда Сиэтлдің шетіндегі қарттар үйінің ондаған тұрғыны қайтыс болған.

Эпидемияның мемлекетаралық шекаралардан шығып кетуі мемлекет басшыларының өкілеттіліктерін  кеңейту туралы шешім қабылдауын талап етіп жатыр.  

Апта басында біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарыс жағдайында елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы Жарлыққа қол қойды. 

Жарлық мәтінінде ел Президентіне «мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын жоғары лауазымды тұлға ретінде, мемлекеттік органдарға, оның ішінде әлеуметтік салада әр түрлі реттеуді қарастыратын актілер қабылдауға немесе нұсқаулар беруге құқылы» делінген.

Сарапшылар Мемлекет басшысының мұндай төтенше жағдайда барлық жауапкершілікті өзіне алуын халықаралық заң міндеттейтінін айтып жатыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кешегі халыққа жолдаған Жолдауында «Басқаша айтқанда, біз қазір «дүлей дауыл» деп сипаттауға болатын үлкен қауіп-қатер алдында тұрмыз. Қазіргі ахуал бір жағынан 1990 жыл­дардың басындағы жағ­дайға ұқ­сайды.Ол кезде біз шын мәнінде өте қиын жағдайда болған едік. Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұ­ғыл шараларды қолдауға шақы­ра­мын» деді.

Соңғы жаңалықтар