Әдебиет • 20 Наурыз, 2020

Мен саған сұлулық деп басымды ием

1106 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгін назарларыңызға жас ақын, "Серт" кітабының авторы Жәнібек Әлиманның махаббат лирикасынан топтама ұсынып отырмыз. Ж.Әлиман газетіміздің жас журналистерге арналған 2018 жылғы бәйгесінде "Ең үздік танымдық материал" аталымы бойынша жеңімпазы атанған болатын. Жас ақынның жыларын қабыл алыңыздар.

Мен саған сұлулық деп басымды ием

Жәнібек ӘЛИМАН – Қарағанды облысы, Шет ауданы, Нілді (Өспен) ауылының 1990 жылғы тумасы. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін үздік тәмамдаған. Әлеуметтік ғылымдар магистрі. Қазір Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі. 

***

«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл»,

Шыққаны сынды Күн, Айдың.

Ғашықсыз әлем күнсіз күн,

Түнекті сызы Құдайдың.

 

 Ғашықтық қана ғаламат,

Асық боп қана тыншырсың.

Дүниені солар бағалап,

Күрсінсе солар күрсінсін.

 

 Ғашықтық хал ғой тым ерек,

Толқытпақ, түрлі сыр ашпақ.

Ғашықтың жаны шүберек,

Ғашықтың жаны тым асқақ.

 

 Өртеніп, тулап, тынарсың,

Жаныңа білем бұл өзге ем.

Ұқпассың, бәлкім, ұғарсың,

Ғашық та болу мінезден.

01

***

Сен менің түр-өңім сынды,

Бір сәтке қуарып, азған.

Сен менің жүрегім сынды,

Бір жырды қуанып жазған.

 

Сен менің көңілім сынды,

Түпсіз һәм шексіз.

Сен менің өмірім сынды

Сүйексіз, етсіз.

 

Сен менің сезімім барлық,

Молшылық жаныма тұнған.

Жалғанда төзімін жар ғып

Тағдырға мойынын бұрған...

 

Сен менің сенімім, дінім,

Бекіген өмірлік сертпен.

Көтерер мені бір күні

Аспанға, құтқарып дерттен.

 

Сен менің өзегім, жаным,

Ғұмырлық күбір, үндерім.

Айтпай-ақ сеземін бәрін,

Тағдырлы ғұмырым менің!

1

***

Жыр тілінде кісінеп құлын қырат,

Түлкі іңірге тұтылды күнім құлап,

Кеше жазып жұбанған жібек көңіл

Тағы мазам болмады бүгін бірақ...

 

Сағыныштан бәлкім, ол – сен ұсынар,

Құдіреттің бойыңда не күші бар?!

Жақын барсам көңілім кемісі бар,

Алыс қалсам кеудемнің демісің әр...

Ғаламаттың біріндей мен ұшырар?!

 

Тырбанғым жоқ тірлікте тек тырысып,

Өлеңімді өзіме еттім ұшық.

Ғаламаттан шықтың да ғасырдағы

Ғаламатқа айналып кеттің ұшып...

 

Жұмақ кеудем жұртында сен тірісің,

Жаралғансың мендік жан елту үшін.

Тылсым демім бір жетер күрсінгенім

Талып кетіп алғанда жер тынысын...

 

Кездерімде қамығып жеке қалған,

Жатсам-тұрсам өзіңді етем арман –

Құдіреттің ішінен ұшып шығып

Құдіретке айналып кете барған...

2

Қызыл пальто

 

Жоқ шығар, сірә, таласы жаттың,

Дел-сал қып жанды жаңа шуақ күн.

Риясыз реңің, талдырмаш бойың

Қып-қызыл пальтоң жарасып-ақ тұр.

 

Қып-қызыл пальто қыз ғұмырдай ма,

Қыз көктем мынау сізді жырлай ма?

Үр жаңа, қызыл пальто киген қыз

Көміп кеткендей бізді бір жайға.

 

Қып-қызыл пальто, қыз көктем мынау,

Жүрегім, жаным сызды өткердің-ау.

Сызылған қалқа, бейуақ мезгілде

Жұмбақ бір жайды іздеп пе ем мынау?!

 

Қып-қызыл пальто, құмарым ба едің?

Қылықты қалқа жыр-әнім менің.

Басқа күндерден бақыттырақ-ау

Байыз таппаған мына күндерім.

 

Қып-қызыл пальто

... Көрімдік қайда,

Көрікті ой келіп көңілді ықтай ма?

Көрімдігіңе жыр ұсынамын

Қомсынбай қалқа сонымды ұқпай ма?

3

***

Жұрнағы сынды мендегі мұңның

Өлшемі – сендік күдіктің.

Қиналмай ғана сенде бір күні

Біржола мені ұмытқын.

 

Мендегі жырдың тұма мекені,

Сен ғана деп пе ең, жарығым.

Сүйе білмеген жылап өтеді

Сүйгеннің білмей қадірін.

 

Біз сүйген көктем қуара жүдеп,

Осылай үнсіз семеді.

Мені ойлап бекер жыламашы тек

Көз жасың ауыр, себебі...

 

Қалып па еді амал мұнан да бөлек,

Менен де бәлкім бар айып.

Тоғыса алмаған бір арнаға кеп

Қос тағдыр болып қалайық.

 

Осылай кес те бір үкімді ерен

Іздеме жанға еш дәру.

...Өмірдің бәрі ұмытуменен

Сағынып қайта еске алу.

4

Жанар

                                                                              

Жаныма жұмбақ күй тұнып ауыр,

Қана алмай кеткем сиқырыңа бір.

Кездесе кетсем үздіктіретін

Сұлуым едің сүйкімі лағыл.

 

Шашылған шақта жүзіңнен жақұт

Табатындай-ақ ізіңнен бақыт.

Сырғаңдай діріл қағатын жаным

Мойылдай көзің сүзілген уақыт.

 

Даусының тәтті сазынан ерен,

Жолына жыр боп жазыла берем.

Ауызын ашса ай-жұлдыз құлап

Өріле кеткен назынан өлең.

 

Нәзігі ме едің нәресте жырдың?

Әлемі ғажап ән ескегіңнің.

Көрмей-ақ кетсем қайтетін еді

Ынтығымды ұрлап тағы еске кірдің.

 

Кімге айтам мына күйімді бөтен?

Кеудеме жыр боп құйылды бекем.

Әлемнің күллі әдемі көркі

Бетіңе мең боп түйілді ме екен?

 

Бір сендік қашан алаң басылар,

Сағыныш сірә, бағаңды асырар.

Жазылмай жүрген мендегі жырдың

Үзігі сендік жанарда шығар.

5

Муза 

 

Сиқыры бөлек сырға бөгелдім,

Ұйқыны бөгеп, мұңға неге ендім?

Еліктей ерке есімді алатын

Жаршысы ма едің жұмбақ әлемнің?

 

Құралай көзге құнықтым қалай,

Тұңғиық барын шын ұқтырды оңай.

Кішкентай, нәзік, жинақы бойға

Сұлулық біткен сиып тұр қалай?

 

Назыңнан қалқа бүлініп бетер,

Лебізден сұлу сыр ұғып шекер.

Небір ер маңғаз жаныңа барса

Жігері білем, үгіліп кетер.

 

Күлкісі сиқыр, гүл өңі көктем,

Риясыз еді іреңі неткен.

Жүрегі құрығыр ынтыға берді

Ынтық та болмай жүр еді көптен.

 

Раушандай алау еріні дерсің,

Даусы сәбидің дем-үні дерсің.

Қайдан жүр жерде періште, бәлкім 

Перизаттардың керімі дерсің.

6

***

Мен сені күткен едім...

Онсызда тірлікке жоқ түк керегім.

Кірпігің қаққаныңда арасында

Жанымның білмегем мың бүктелерін.

 

Жаныма не жұпталып,

Жатса да тынышым жоқ, сезікті анық...

Мен сені бұрынырақ сүйетінмін

Жұлдыздан заулап аққан озып барып.

 

Күнім-ау, нені ұғындың?

Нүктесі меңің шығар өмірімнің.

Сәулеге сенен түскен шағылысып

Дір етер ашыларда өзі гүлдің.

 

Күлкіңді көріп ардай,

Бір түрлі жұмақ түсін жорығандай.

Өмірге өгей күйі өтіп барам

Құдірет аластады мені қандай?

 

Жолымнан жолығардай,

Өзіммен өзім жүрем болып Алла-ай!

Сәулелі сыйқыр сіңген нұрлы бейнең,

Өткенің қандай жақсы соны ұға алмай!!!

Мені ұға алмай...

7

***

Алып-ұшқан аз ғана бақ қысқарып,

Сүмбіледей суығаның іш қарып,

Жұлдыз, сонда жанартауым атқақтап

Биігінен бір жұлдызым түсті ағып.

 

Биыл шабыт таппасам да көктемнен,

Разылығым басым боп тұр өкпемнен.

Жұлдыз деген – қол жетпеске жаралған,

Қол жетпеді деп, ендеше, жек көрмен.

 

Елемей-ақ жердегінің бірінде,

Мені де алшаң басқан жалқы ғұмыр де.

Аспандыққа таласардай менменсіп

Жұлдыз жүрген жердің беті түбінде.

 

Манаураған мың күй өріп денеңде,

Тіркес таппай тұрып қалам теңерге.

Өзге түгіл өзім ұғып болмаған

Ақындығым бақытты екен сенен де...

 

Көз жанарың жалт еткенде жақұттай,

Алабөтен алабұртам жат ұқпай.

Жұлдыз біткен сыяды ақын кеудеме

Шексіздігі – кеңістік пен уақыттай.

 

Ессіз жігіт ерке назға елітіп,

Шығарып сап, алғаны жоқ не күтіп.

Тым биікке жақпақшы ол да Жұлдызын

Жер бетінде болмаған соң теңі түк.

8

*** 

Шығыстың қызы – қылықты керім,

Жүрегім сенен үмітті менің.

Кеудеме даусың жұмақ боп орнап

Мұз көңілімді жібітті демің.

 

Тербейсің жанды тамылжып, күліп,

Ақ ұлпа қармен арың жұп құрып.

Алтайдан кеп пе ең ақ көйлегіңе

Шығыстың шәрбәт таңын жұқтырып.

 

Бес күндік мынау фәниіңдегі,

Тарпаң ем

Мен де таниын нені?!

Балбалдан емес, бізден үмітті

Алтайдың тұңғыш ақиық елі.

 

Сымпылдап ұшқан сары ала қаздай,

Жүрекке жазып, санама жазбай,

Кетесің...

Сендік сезімнен өршіп

Баба мұратым жана ма маздай?!

 

Аспаннан төнген Ай үлбірерсің,

Қоштасқан сәт сол жайымды көрсін.

Қазтуған жырдың базынасындай

Бізден де «Сізге қайырлы болсын!».

 

Қайырлы болсын бөліскен сезім,

Есен жүргейсің көріскенше өзің.

Түбі бір соғам Тұран Алтайға

Әзірге осы – келіскен сөзім.

 

Шығыстың қызы...

Сезім емделмей –

Қоштасар сәттің кезі келгендей:

Менмендеу ақын кетіп барады

Өмірден көріп...

Өзінен көрмей.

9

***

Мен сені сүйетінім айдан анық,

Жүрекке жау тигендей жайға қалып.

Жанымнан өшкен емес жарық сәулең

Жүрсемде қайда барып, қайда лағып.

 

Аймалап елесіңді үлгерген де ой,

(Сүюден бөтен әлек білгем нендей)

Таңданып сені көрем, соқыр жанға

Жап-жарық жанар бітіп Күн көргендей.

 

Мызғымас мыңжылдықта мұраты бек,

Қайыспас қара жердің қуаты боп,

Мен саған сұлулық деп басымды ием,

Сұлулық – Жаратқанның бір аты деп.

 

Жұлдызды жүзік еткен Мағжандай,

Пендеге дарытпаған Тәңірі ондай...

Жан-жүрек, бар ділімнен сезем сені

Ұлы Абай ақиқатты танығандай...

 

Жан-жүрек махаббаттан жанады-ай мас,

Емініп елесіңе баладай жас,

Арманға атыңды айтып ере кеткен,

Жалғанда мендей ессіз бола қоймас!

10

***

Ол келгенше басталмаған ештеңе...
Оянғанда, күндіз, түнде, кештеде.
Тілсіз әлем тұра берген тұнжырап
Өткен-кеткен түспегендей еске де...

Тар арнада ақындық та тулаған,
Даламда ана батырлық та тумаған.
Қуаныш та шаттық ертіп келмеген
Қасірет те көкіректі улаған...

Іңір солай тұра берген іңір боп,
Жарытып па күйкі тірлік ғұмыр боп?..
Жас баласын жақсылыққа жұмсаған
Қарт анасы күтпегендей күлімдеп...

Бәрі орнында өтіп жатқан – жат, өгей,
Адаспаудың өзі кейде қате ғой?..
Ай да туған, Күн де шыққан ақырын
Суық нұры салқын қабақ әкедей...

Қауырсынды қан нұрына матырып,
Болса да ақын жазбағандай аһ ұрып.
Көгершіндер көңілдерден бұрқырап
Қанатына ұшпағандай хат іліп...

Мейірімге шөлдемеген қаталап –
Ой үнінде тілдеспеген – жат алап...
Алыстаған мен шығармын... сен емес
Сен емессің мисыз жүйрік Махаббат…

11

***

Жырымдай қиялдағы жаза алмаған,

Сендегі сүйкім ғажап, ажар – ғалам.

Мен сенің мағмұрыңа өлең төсеп

Жаныңды жырмен қауып мазаңды алам.

 

Түрткілеп түйсігімді тудың өзің,

Мөлдіреп нұрлы көзің, гүл мінезің.

Еркелеп жүрсің енді қиялымда

Құлатып аспандағы күннің өзін.

 

Басқалар үлбіресе, үлбіресін,

Сен солай кірпік қағып нұрды үзесің.

Сәждеге мың иілген молда құсап

Қылады елесіңе құлдық есім.

 

Өрекпіп өзектегі өртім ішкі,

Болжаусыз бұла сезім, дерті күшті.

Қан жуған қайран жүрек атқақтайды

Түздей кең, жер тынысты.

12

 

 

 

 

 

                                                                               

                                                                

 

Соңғы жаңалықтар