Коронавирус • 21 Наурыз, 2020

Халықаралық валюта қоры 1 трлн доллар бөлуге дайын

700 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

ХВҚ өзінің 189 мүше-елдеріне көмектесу үшін 1 трлн доллар бөлуге дайын. Ал АҚШ бастаған алпауыт елдердің өзі ішкі мүмкіндігіне арқа сүйеп жатыр 

Халықаралық валюта қоры 1 трлн доллар бөлуге дайын

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «бізден қарыз ал» деп несиесін ұсынған халықаралық қаржы ұйымдарының қыспағында қалғанын экономистердің бәрі айтады. «Әлемдік қаржы дағдарысының кезекті толқыны жақындап қалды» деген әңгіме шыққалы, жан-жақтан көмегін ұсынған қаржы ұйымдарының қатары көбейіп келе жатыр.    

Халықаралық валюта қорлары (ХВҚ) басқарушы директоры Кристалина Георгиева: «Әлемдік орталық банктер сұранысты қолдауға және сенімді арттыруға тиіс», - деді.

ХВҚ халықаралық қауымдастық қосымша фискалдық ынталандыру шараларын қабылдауы және коронавирустың таралуына байланысты әлемдік экономикаға зиян келтіру мүмкіндігін болдырмауға бағытталған күш-жігерін үйлестіруі керек деп санайды. Георгиеваның айтуынша, «шамамен 20 мемлекет коронавирустың өршуіне байланысты несие алуға қызығушылық танытты». Алдағы күндері ұйым осы мәселелерді қарастырады.

Георгиева атап өткендей, ХВҚ  «өзінің несиелік әлеуетін 189 триллион АҚШ долларын 189 мемлекетке бағыттауға дайын».

Қазір Қазақстанға қарыз беремін деп ниеттініп отырған халықаралық қаржы ұйымдары жетіп-артылатынын наурыз айының екінші жартысынан бастап байқап қалдық. Қазір әрбір ел сыртқы қарыз емес, өзінің ішкі мүмкіндігіне көбірек иек артып жатыр. 

АҚШ Федералды резервтік жүйесі пайыздық мөлшерлемені нөлге дейін төмендетіп, облигацияларды сатып алуды қайта бастады және дағдарысқа қарсы арсеналдан басқа да шаралар қабылдады, бұл коронавирустың қыспағында қалған әлемдік экономиканы қолдау үшін керек.  ФРЖ қысқа мерзімді репо нарығына 1,5 трлн. АҚШ долларын ұсынып отыр. Бұл жүйе бойынша банктер қазынашылық міндеттемелермен қамтамасыз етілген қысқа мерзімді несиелер алады.

ФРЖ (Федеральды резерв жүйесі) АҚШ-тың экономикасындағы жағдайды жақсарту үшін өзінің қысқа мерзімді корпоративтік қарыздарын сатып алу бағдарламасын қайтадан бастағаны туралы хабарлады.

2008 жылы алғаш қолданылған Коммерциялық қағаздарды қаржыландыру жүйесі (CPFF) бағдарламасы бойынша ФРЖ қысқа мерзімді корпоративтік қарызды тікелей эмитент-компаниялардан сатып алады. Коммерциялық қағаздар нарығы бірқатар компаниялар үшін қысқа мерзімді қаржыландырудың негізгі көздерінің бірі болып табылады.

16 наурызда Жапония Банкі биржада сатылатын инвестициялық қорлардың (ETF) активтері мен жылжымайтын мүлікке салынған инвестициялар активтерін (J-REIT) екі есе көбейту туралы шешім қабылдады. Наурызда орталық банк осы уақытқа дейін 600 миллиард иеннен (5.62 миллиард доллар) астам ETF сатып алды, бұл бағалы қағаздардың 80 пайызға жуығы Topix индексіне сәйкес келеді. Өткен дүйсенбіде Жапонияның Орталық банкі бір жылда сатып алатын  облигацияларды екі триллион иенге (112 миллиард долларға) екі есе арттырды, сонымен қатар несие бағдарламасын іске қосты. 2010 жылдан бастап Жапонияның Бас банкі отандық компаниялардың акцияларын сатып алумен айналысты. Бұл мемлектетегі акция қорларының 75% қол астында шоғырлануына мүмкіндік берді.   Бүгінгі таңда Жапония банкі жапондық компаниялардың 50 пайызының акциясына ие,

Сарапшылар Жапония Орталық банкі осы арқылы ультра жұмсақ ақша-несие саясатын жүргізудің алғашқы қадамын бастады деп баға беріп жатыр. Бұл шешім Жапония банктерінің ішкі нарыққа дем беруге бөлген несие пайызын қазіргі деңгейден 10 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді екен.  

Қазақстан жағдайына келер болсақ, Ұлттық банк наурыз айындағы шешімдерін Жапония, АҚШ-тың Бас банктері қабылдаған шешімдермен үйлестіре бастады.   «Базалық мөлшерлеменің 2020 жылдың 10 наурызында 12% -ға көтерілуі нарықтардағы дүрбелеңнің алдын алды және нарық агенттерінің стратегиясына уақытылы түзетулер енгізді, бұл пайда болған инфляциялық тәуекелдерді шектеуге және теңге активтерінің құнын қорғауға мүмкіндік берді»,  делінген Қазақстан Ұлттық Банкінің баспасөз хабарламасында.

Сонымен бірге, пайыздық мөлшерлеменің диапазонын 1,5 пайыздық тармаққа дейін кеңейту нарық қатысушыларының айырбастау бағамына алыпсатарлық қысым жасау мүмкіндігін шектеп, Ұлттық банктегі банктер үшін теңгелік қарыз алу құнын 13,5% -ға дейін ұлғайтуға бағытталыпты.

Ұлттық банк кеше кешкісін өткен онлайн кездесуде  күн сайын банктерге өтімділікті шектеусіз беру үшін операциялар жүргізіп жатқанын айтты. Ұлттық банктің ішкі қаржы нарығындағы жағдайды одан әрі тұрақтандыру үшін қажетті құралдары бар екенін  де осы жиында білдік.

Қазақстанның ақша нарығындағы жағдай 2020 жылдың басынан бастап мәз емес екенін байқап жүрміз. Бірақ соған ұарамастан  Қазақстан қор биржасында (KASE) мемлекеттік бағалы қағаздар (МБ) бойынша «овернайт» репо ставкалары жылдық 13,5% деңгейінде сақтап, қаржы нарығындағы кейбір ойыншылар Ұлттық банк жағдайды тұрақтандыру үшін қосымша өтімділік бере алады деп үміттенеді екен. Басқаша айтқанда, «екінші деңгейдегі банктер репо нарығының қалыпты жұмысын қамтамасыз ете алмайды, сондықтан да реттеушінің араласуы қажет» дейтін пікірді қолдаушылар  әлі басым сияқты.

Мысалы, сарапшылар осы ретте ұлттық «компанялардың акцияларын сатып алып, елдегі несие саясатын жеңілдетіп отырған Жапонияның Бас банкің тәжірибесін бізде неге қолданбаймыз» деген пікірді ашық айтты осы жиында.  Бұл олардың түсіндіруінше, инфляция салмағының халықтың қалтасына батып кетпеуінің алдын алады екен.   Сарапшылар Жапония тәжірибесі корпоративтік секторға ақшаны тартуға және сыртқы көмектерге емес, өз мүмкіндігімізбен қиындықтан шығуға мүмүмкіндік береді» деп санайды. Ұлттық банк бұл бойынша тоқтамды келе алмағанын осы жиыннан байқадық. ХВҚ бөлген қарызбен жыртығымызды жамай алмайтынымызды, ішкі мүмкіндікке, бизнес пен мемлекеттің әріптестігіне басымдық беру қажеттігін  Ұлттық банк те түсініп отырған сияқты.  Басқаша айтқанда Қазақстан мұнай дәуірі жүріп тұрған кезде бизнестің қор жинап алуына көмектесті: Енді соның қайтарымын талап етуі де заңды.      

Демек, бұл - алдағы уақытта қаржы-несиелік саясатымыздың негізгі бағыты болуы әбден мүмкін.