21 Наурыз, 2020

Көктем мені тауып алар... (Ақерке Әбдікәрім)

1413 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Адамзаттың өмірінен әдебиетті алып тастаса, сықырлаған қару мен сыңғырлаған тиындар ғана қалады». Сол себепті де әлемді алаңдатып отырған ауыр ахуалға қарамастан бүгін дүниежүзілік поэзия күні екенін еске салғымыз келеді. Ең алыс жол – ғашықтардың бір-біріне жете алмаған жолы. Ең суық мезгіл – жақындардың арасындағы салқындық. Шайыр жүрегі осылай жырлайды. Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырған жас ақын, жаңа есім Ақерке Қаламбайқызының жүрегінен тамып түскен лағыл өлеңдер бізге осы күйді кештіргендей. Сіз де жауқазын жырларға ден қойып көріңіз. Қалам ұшында қалтыраған нәзік ойларға шомыңыз. Мархабат.

Ақерке Қаламбайқызы Әбдікәрімова  1998 жылы 23 желтоқсан күні Өзбекстан республикасы, Науаи облысы, Кенимех ауданында дүниеге келген. Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінің түлегі.

Көктем мені тауып алар... (Ақерке Әбдікәрім)

***

Күндерім жоғалды алаңсыз,

Деуші едім өзімді еркінмін.

Сіз маған бейтаныс адамсыз,

Мен кіммін?

 

Жөні жоқ сәлемді алудың,

Адамдық болған ба тым құнсыз?

Мен сізге бейтаныс арумын,

Сіз кімсіз?

 

Қай мезгіл кетті екен таныс қып,

Қыс па, жаз, көктем бе, мүмкін, күз?

Бейнеміз суықтау һәм ыстық,

Біз кімбіз?

1

Сіз

Ең соңғы рет сізді көрсем деп едім,

Мүмкін, енді тоғыспас та жолымыз.

Мен өзіме тауып алам керегін,

Сіз бақытты болыңыз…

 

Өткен күндер оралмайды қайтадан,

Мені ойлаумен өтпесінші түніңіз.

Мұңаймаймын деп өзімді айта алам,

Сіз күлімдеп жүріңіз…

 

Кетсем-дағы көзден,

Қалам көңілде,

Батар кезім жетті-ау болсам «Күніңіз»,

Мен өтсем де күліп өтем өмірден,

Ұзақ өмір сүріңіз…

Сіз…

 2

Ғашықтық хаттар

І

Еңсемді бұлай түсірмегем-ді,

Дауа жоқ шығар еш маған,

Сағындырғаны үшін мен енді,

Қарағандыға кеш барам.

 

Кеш барам енді, күліп нетесің?

Қайран жоқ келер от күзден.

Бүгін кешкісін жүріп кететін,

Билетімді де өткізгем.

 

Ешкім: "Келдің бе,Күнім?" демейді,

Жаныма бара салмайды.

Ешбір жан қарап күлімдемейді,

Ешкім де күтіп алмайды.

 

Түнгі келбетін танып даланың,

Атып жатқанда таң күліп...

Күзді өзіммен алып барамын,

Соңыма жазды қалдырып.

 

ІІ

 

Мен күзді алып келдім,

Арманға жол алдым да...

Көзімді танып дер кім?:

«Ерке қыз, оралдың ба?».

 

Сағыныш толған кеуде,

Жақсы әнмен бір ме еді ішкі үн?

Жаңбыр боп жауған Жерге,

Тамшымен бірге түстім.

 

Жан-жаққа алаңдап ем,

Жаутаңдап көздерге көп.

Кел, күтіп алам деген,

Әпкем де, жездем де жоқ.

 

Беретін күнде кеңес

Жақындар жат па менен?

Мен енді түнде емес,

Күн шыққан шақта келем…

3 

***

Менің «Сіз»-ім сіздік «Мен»-нен жоғары,

Екеуміздің көреріміз көп әлі.

Пешенеге тағдырымыз жазылған:

Кім бақытсыз, кім бақытты болары.

 

Сіз де, мен де өзгелерден ұшқыр ек,

Мендік «Қиял» сіздің «Ойдан» күштірек.

Көгершінге мен ғашықпын деген ем,

Алдыңыздан талай мәрте ұшты кеп.

 

Тағдыр заңы — ғашықтарды тең етпеу,

Сөзіңізден ішкі ойым бөлектеу.

Маған қиын шын сүйемін деп айту,

Сізге оңай тек сен ғана керек деу.

 

P.S

Кешір деумен үзіп кепсіз тағы гүл,

Жек көру мен сүю — өмір заңы бұл.

Ұнатып ем, ұмытамын сізді енді,

Аяғыма жығылыңыз, БӘРІБІР!

 4

***

Тереземнен қарайыншы жолға мың,

Көңіліме көктен түскен жырлар тән.

Сәтсіздігім сәттіліктен болғанын

Өлең айтып тұр, қалқам!

 

Түсім шындық сәл өтірік өңімнен,

Өліарада туған жырды жаттап қал.

Өлең жазып алғанымша,

төгілген

ерімеші, аппақ қар…

 

Көздерімнен құлап түсіп тамшылар,

Ақ қыс аппақ маңдайымнан өпсін кеп.

Мүмкін мені түсінетін қар шығар,

Кінә артпаймын көпсің деп.

 

Тылсымыңа, табиғат, не тең келер…

Аппақ әлем, ақ қағазда ғажап мөр.

Қыс қадірін түсінбейтін пенделер,

Тереземнен қарап көр!

 5

***

Тіреу болмай қабырғалар,

Үсігімен тоңдырса да күн суық.

Көктем мені тауып алар,

Өз мезгілін іздей берсін тіршілік.

 

Қайғыңды да татып көрем,

Мұңды да ішіп өлмейтіндей шамам бар.

Мені Тәңірі бақытты етер,

Сендер күліп жүріңдерші, адамдар!

Менің жалғыз Құдайым бар...

 6

***

Дүниеден таба алмай тәуір ұстам,

Сүйдім,күйдім дегенге бәрі құштар.

Екі жүрек сенделіп алып-ұшты-ау,

Махаббат жоқ,

Тек

 ұлы

САҒЫНЫШ бар!

 

Сұлу көздер тайдырып мұратыңнан,

Құлатуға түсірер, жылатуға.

Тірі болып көрінген кіл ақынға

"Ғашықтық" жоқ,

Тек қана

ҰНАТУ бар.

7