21 Наурыз, 2020

СOVID-19 вакцинасын әзірлеу тобындағы ғалым: Өзгенің өнімін қымбат бағаға да таппаймыз

4287 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұған дейін хабарланғандай, отандық ғалымдарымыз қазіргі таңда бүкіл әлемді жалмап бара жатқан СOVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы вакцина жасауға кірісті. Оған Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтындағы (Жамбыл облысы Қордай ауданы Гвардейский ауылы) ғалым-мамандар атсалыспақ.

СOVID-19 вакцинасын әзірлеу тобындағы ғалым: Өзгенің өнімін қымбат бағаға да таппаймыз

Осы ғалымдар тобының құрамына енген «егемендік» кейіпкеріміз, Ветеринария ғылымдарының кандидаты, профессор Қайсар Табынов отандық ғалымдардың қабілеттеріне күмәнданған кейбір тұлғалардың теріс пікірлерімен келіспейтінін жеткізді.

– Ең алдымен қолда бар тәжірибені ескеріп, коронавирустық инфекцияға қарсы отандық вакцинаны әзірлеуге, жан-жақты зерттеуге және бастысы тіркеуге күш салатынымды айтқым келеді. Қазір қоғамда кейбір адамдар шетелдік фармацевтикалық компаниялардың бізге вакцина сатқанын күтіп отыруға шақырады. Біз шындыққа тура қарайық, COVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемия деп жарияланды. Вакцина әзірленіп, өндіріске енгізілсе де бұл барлық елдердің тұрғындарына, мұқтаждарға толық жетпейді. Бірінші кезекте вакцина оны әзірлеген және өндірген елдер үшін қолжетімді болады. Одан қалғаны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тізіміне сәйкес, яғни вирус өршіп тұрған елдерге бөлінеді. Қазақстан қазір (төменгі) тізімде, Ауғанстан деңгейінде тұр. Демек, шетелдіктер ойлап тапқанның өзінде вакцина бізге дейін жетпейді, тіпті қымбат бағаға да таппаймыз. Сондықтан адамдар Қазақстанда аталған инфекцияға қарсы отандық вакцинаны әзірлеудің қажеті жоқ деген жаңсақ түсініктен арылады деп үміттенемін, – деді профессор.

Бұған дейін бір кездері өршіген құс тұмауына және әлемде алғаш рет ірі қара малда кездесетін бруцеллез жұқпалы ауруына қарсы екпені әзірлеген Қ.Табынов өзінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтындағы 15 жылдық, оның ішінде инфекциялық аурулардың алдын алу зертханасының меңгерушісі қызметіндегі 8 жылдық еңбек өтіліне сүйене отырып, қауіпті вирусқа қарсы отандық екпені дайындауға кіріскен қос ұйымдағы биологиялық қауіпсіздіктің 3 деңгейі бар (Орталық Азия аймағындағы жалғыз) зертханалары мен заманауи материалдық-техникалық базасына,  күрделі ғылыми-технологиялық міндеттерді шешуге қабілетті мамандарға сенетінін жеткізді.