Көк мұнары кілкіп тұратын Көкшенің теріскей жақ бетінде шамамен отыз-қырық шақырымдай жерде аумағы атшаптырым, тананың көзіндей жалтыраған, суы тап-таза көл жатыр. Күміс көлдің айналасы көз жанары жетпестей кеңінен көсілген құйқалы алқап. Ақ балтыр қайыңдар аракідік мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көркем өлке. Бұл жер Абылай ханның жаз жайлауы болған. Хан тегін жерді жайламаса керек қой. Тамылжыған табиғатын ұнатуы мүмкін. 1802 жылдың қара қарғаның миы қайнайтын ыстық жазында осы кең көсілген жайлауда ірге теуіп отырған Қасым сұлтанның еңсесі биік он екі қанат ақ ордасында Кенесары дүниеге келген.
Арғы-бергі деректерді көңіл таразысына салып салмақтасақ, Кенесары бірден қол бастап, ел билеген жоқ екен. Ағалары Есенкелді мен Саржан опасыздықтың құрбаны болғаннан кейін ғана көтерілістің ақ туын ер Кенекем өз қолына алды. Алғашқы кезде батыр інілері Наурызбай мен Әбілғазы, батыр қарындасы Бопай Кенесарыға таяныш, тірек болса, кейін Алаштан асып туған шұбыртпалы Ағыбай, қыпшақ Иман, Кіші жүзден Жоламан мен Байтабын, дулат Бұқарбай бастаған жаужүрек жігіттер азаттықтың ақ туының астына жиналды. Жалпақ жұрттың тарапынан қолдау көрді. Осы бір бекем бірлікті Кенесары көтерілісінің халықтық сипат алғандығының нақты айғағы деп айтуға да болатын шығар. 1841 жылдың қыркүйегінде үш жүздің жақсы-жайсаңы ақ киізге салып хан көтерсе, бірліктің бастауы демей немене.
Бүгінгінің биігінен өткеннің өрнегін таратып көз салсаңыз, Кенесарының соңынан қарақұрым халықтың неге ергендігін топшылауға болады. Ең алдымен, атасы Абылайдың артына қалдырған өсиет мұратын бекем ұстағандығы, халқына қайырымдылығы, адамды алалауды білмейтіндігі, тіпті, қас жауына да рақымшыл һәм кемеңгерлігі.
Шынтуайтына келгенде, Кенесары ханның осы бір қасиеті заманында досы түгіл жауын да тәнті еткен екен. «Вестник Европы» журналы осының бәрін тізбелей келе, «Кенесары міне, осындай адам еді. Иә осынау адам, бейнелеп айтқанда, аса үздік дара тұлға болды, нақты бағытты тәрбие алған жағдайда одан теңдессіз мемлекет қайраткері шығатынына күмән жоқ еді» деп зор құрметпен баға берген болатын.
Кенесарының айла-амалы аса мол, қолбасшылық қабілеті кімді болсын қайран қалдырарлықтай. 1837 жылдың жазында қорғаныс шебі мықты Ақтау бекінісін тас-талқан етті. Келесі жылы Ақмола қамалының қақпасын қақыратты. Ұясын алдырған кекті жолбарыстай жортып, отаршылықтан зар илеген Торғай мен Ырғыз жерін жеңісті жорық дүбіріне бөледі. Қанаттас қонған Кіші жүз руларын азат етті. Орынбордың түбін қазақ тұлпарларының тұяғымен дүбірлетті. Оқшау орныққан Ор қамалын шапты. Ұлы жүз бен Сыр елін аш қасқырдай тонаған Қоқан қарақшыларынан тазартты. Ақмешіт, Түркістан, Созақ, Сауран қалаларын азат етті. Ақыр соңында Кенесары тегеуірінен төтеп бере алмаған Қоқан ханы бітім сұрауға мәжбүр болды.
Кенесары өзі өлгенімен, тірі күнінде аңызға айналған адам. Оның ерлік істері жөнінде кейінгі ұрпаққа ғажайып патриоттық тәрбие беруге игі әсерін тигізетін аңыз әңгілемелер туындады. Қисса-дастандар желдей есті. Әлемге әйгілі Жюль Верн Кенесары ханды прототип етіп «Патша шапқыншысы» деп аталатын роман да жазды.
Кешегі кесапат кеңес заманында хан Кенені қаншалықты қаралағанымен, түптің түбінде шындық жеңбей қойған жоқ. Кенесарының аруағы ақталып, өзі ет жаны елжірей сүйген туған халқымен қайта қауышты. Қазіргі күні Кенесары есімі Бурабай ауданының бір ауылына, Көкшетау қаласының бір көшесіне беріліп отыр.
Ел үшін туған ерлердің есімін, ерлік ісін айғақтайтын осы бір атаулар Кенекемнің келелі ісін келешектің есіне салып тұрғандай.