Аймақтар • 25 Наурыз, 2020

Шығыстағы жер-су атаулары: Маңырақ тауына қатысты аңыз

1247 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Байдың сөзіне басқалар құлақ асып, ақсақ қойды қалдырып жүріп кетеді.

Шығыстағы жер-су атаулары: Маңырақ тауына қатысты аңыз

Кеше сайт оқырмандарының назарына Катонқарағай ауданындағы Майемер ауылының атауының шығу тарихын баяндаған едік. Бүгін Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы қалалық орталық кітапхана қызметкері Гүлзира Жұмағұлованың жетекшілігімен 2012 жылы жарық көрген «Алтай аңыз-әңгімелері» кітапшасынан облысымыздағы Маңырақ тауына қатысты деректі ұсынамыз.

***

Зайсан көліне таяу орналасқан Маңырақ дейтін тау бар. Бұл таудың оқшау аты қызығушылық туғызады.

ма

Баяғыда осы өлкеде қазақ халқы көшіп-қонып жүретін. Өмірде бәрі алма-кезек ауысады, қуаныш та, қайғы да, жақсылық пен жамандық та. Қазақтардың басына да осындай қаралы күндер орнап, жау шауыпты. Жау бейбіт жатқан қазақ ауылдарын талап, малдарын айдап әкетіп, қыз-келіншектерін күңдікке салыпты. Ақсақалдар бас қосып, кеңесіпті. Тау ішінде жасырынуды ұйғарыпты.

Биік те тік шатқалға шығу өте қиынға соғады. Әсіресе, бір қой отарға ілесе алмай, қайта-қайта сүрініп, артта қала беріпті. «Бір сәт аялдауға уақыт жоқ, жау өкшелей қуып келеді, қойды не істейміз?» деп дағдарыпты көштегілер. Қойшылар: «Қойды тау басына кезек-кезек көтерісіп шығарайық, өзі жете алмайды» десіпті.

м
Бір бай қойшыларға дүрсе қоя беріпті: «Бүкіл жұрттың басына қауіп төніп тұрғанда, бір көтерем қойды несіне сөз қыласыңдар? Осы жерге тастап кете береміз. Анау бір кезеңнен тезірек өтіп жасырынуымыз керек». Байдың сөзіне басқалар құлақ асып, ақсақ қойды қалдырып жүріп кетеді. Кезеңнен асқан көш көзден таса, орнықты жер тауып, малдарын иіріп тастап, түнемелікке әзірлене бастайды. Сол кезде тау етегіне жаулар да жетеді. Әрі-бері шапқылап, көзге ештеңе ілінбеген соң қайтуға бет алғанда маңыраған қойдың дауысы құлаққа шалынады. Дыбысқа құлақ түріп, елсіз жерде неғып жүрген қой деп аңтарылып қалады. Дауыс шыққан жерге қарай жүріп, жұртта қалған қойды тауып алады, жақында ғана жүріп өткен көш ізін де байқайды.
Шапқыншылар көштің ізімен суыт жүріп отырып жасырынған жерлерінің дәл үстінен түседі. Қазақтарды аямай қырып, тірі жанды құтқармайды. Содан бері тау «Маңырақ» атаныпты.

 

Деректерді жинастырған – кітапхана қызметкері

Гүлзира ЖҰМАҒҰЛОВА

 

Суреттер e-history.kz сайтынан алынған

Суреттерді түсірген – Айдын Жүнісхан