28 Тамыз, 2013

Назар аударарлық «Нұрлы тау»

603 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

экспо-логоКөркімен де, көлемімен де көпшіліктің көзайымына айналған Астана қаласы күннен-күнге асқақтап барады. Шығыс пен Батыс архитектурасының жауһарлары тоғысқан елордамыз төрткүл дүние тамсанған әлемдік мегаполиске айналуда. Сондықтан да болар, 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығының эскиз-жобасын жасауға ниеттенушілер қатары алыста да, жақында да жетерлік. Солардың бірі – астаналық сәулетші Мұхтар Сапаров.

макет

Көркімен де, көлемімен де көпшіліктің көзайымына айналған Астана қаласы күннен-күнге асқақтап барады. Шығыс пен Батыс архитектурасының жауһарлары тоғысқан елордамыз төрткүл дүние тамсанған әлемдік мегаполиске айналуда. Сондықтан да болар, 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі қалашығының эскиз-жобасын жасауға ниеттенушілер қатары алыста да, жақында да жетерлік. Солардың бірі – астаналық сәулетші Мұхтар Сапаров.

Астаналық сәулетшінің «Нұр­лы тау» атты тарихи-этно­графиялық архитектуралық жобасы халқымыздың көш­пен­ділер өркениетінің тұғырына айналған шежіресімен өріл­ген. Сәулетшіні осындай мағы­на­сы терең, ауқымды жобаны жасауға Елбасы айтқан ЭКСПО-2017 қалашығында салынатын нысандардың әлемдік архитектуралық жәдігерлер қатарына қосылу керектігі туралы ойлар жігерлендірген көрінеді. «Бұл арада бізге Париждегі көрменің символы ретінде салынған «Эйфель мұнарасы» үлгі болып, артынан ол жалпы қаламыздың мақтан тұтарлық нышаны қатарына енетіндей болсын", деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы.

Негізгі идеялық тұғыры Са­рыарқа төсінде бой көтерген жасанды тау бейнесіндегі – «Нұр­­лы тау» архитектуралық тари­хи-этнографиялық жобасы сақ дәуірінен бастау алатын тарихымыздың өткені мен бүгінгі белестерін молынан қамтыған. «Көпке мәлім, қазақ­тың болашағын ойлаған батыр ата-бабаларымыз өткен ғасырларда, ел басына күн туғанда, қасиетті Қаратау мен Ұлытауда бас қосып, тарыдай шашырап жатқан халқымызды жауға қарсы жұмылдырып, қазақ даласын «ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» қорғап қалды. Өз дәуірінде Абылай Көкшетаудың баурайында хан сайланып, үш жүздің басын қосқан ордасын орнатты. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев 1993 жылы Ор­­дабасы тауының басында қазақ, қырғыз, өзбек елдерінің пре­­зиденттерімен бас қосып, ба­уыр­­лас халықтардың Мәңгілік дос­­тығы шартына қол қойды. Міне, Алаш жұртының көнеден бү­­­гінге жеткен шежірелі тари­хын­­да тау ұғымының осындай сим­волдық мағынасы бар», дей­ді өзінің «Нұрлы тау» архи­тек­­туралық жобасының идея­сы туралы тебіреніп Мұхтар Сапаров.

Эскиз-жобадағы «Алтын барыс» бейнесіндегі жасанды тау жүз метр биіктікте орналасқан, жалпы көлемі жүз гектар аумақты алып жатыр. Барыстың «басы» үлкен қорған – «Алтын орда» деп аталса, барыстың «жүрек» тұсына елді имандылыққа шақыратын үлкен мешіт орналасқан. «Нұрлы тау» архитектуралық ансамблінің негізгі белгісі – алып мұнара сақ дәуірінің символы – «Алтын адам» жәдігерінің бас киімі бейнесінде жасалған. Мұнараның биіктігі – 777 метр. Оның биікті­гіне халқымыз ұғымында киелі саналатын үш «7» санының алынуы да тегін емес. Мұнараның ішкі көрінісі еріксіз ертегі әле­міне жетелейді. Көптеген қонақ үй мен павильондар, мейрам­ханалар бар. Қазақтың қос ғарыш­керінің құрметіне арнал­ған обсерватория мен зымы­ран­ның макеті туристерді таңдан­ды­ратыны сөзсіз. «Алтын адам» бас киіміндегі жебелер – жоға­ры және төмен қабаттарды жал­ғай­тын лифтілер. Ал, ең жоғарыда шар бейнесіндегі – «Алтын күн». Оның астында қанатын кеңге жайған – «Алтын қыран». Орта­сында мемлекеттік туымыз желбіреп тұр.

Сонымен бірге, аталмыш архитектуралық кешенде «Қа­зақ ауылы» атты этномекен бой көтереді. Бұл ЭКСПО қала­шы­ғына келетін қонақтарды қазақ­тың салт-дәстүрімен таныстыратын этнографиялық орталық. Мұнда туристер атқа, түйеге мініп саяхат жасайды. «Қазақ ауылында» халқымыздың көнеден келе жатқан қыз қуу, көкпар тарту сияқты ұлттық ойындарына қатысуға жан-жақты мүмкіндік жасалады.

Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, қыркүйек айында Астана ЭКСПО-2017 көрме кешенінің ең үздік эскиз-идеясы, оның ішінде ЭКСПО-2017 нысанының сим­во­лы анықталатын халық­ара­лық байқаудың қорытын­ды­­сы шығарылады. «Алу ан-алуан жүйрік бар, әліне қарай ша­бады» дегендей, үшмы­ңын­шы жылдықтың айтулы құры­лысының жобасы таңда­латын бұл жарыстан кім де болса үміткер. Бұл халықаралық байқауға қатыспаған, бірақ ел талқысына ұсынылып отырған «Нұрлы тау» жобасы да назар аударалық. Мамандар осы идеяны зерттеп, сарапқа салып көрсе дейміз.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

–––––––––––––

Суретте: «Нұрлы тау» этно­графиялық-тарихи кешенінің бір нұсқасы.