Әлем • 28 Наурыз, 2020

Коронавирустық пандемия Нигериядан басталыпты

4669 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл ақпаратты Египеттің NoonPost басылымының шолушысы Ахмад Фавзи Салим «РИА  Новости» арқылы таратқан.

Коронавирустық пандемия Нигериядан басталыпты

Басылым авторы Нигерия әлемдік індеттің кез келген түрімен күресте тәжірибелері бар екенін жазыпты. Нақтырақ айтқанда, 2014 жылы шетелдердің бірінен вирус жұқтырған азаматтардың бірі Нигерияға келеді, арада апта өтпей жатып Нигерияда қауіпті дерттің осы күнге дейін белгісіз түрі пайда болғаны туралы хабар ел ішін кезіп кетіпті. Бірер  күннің ішінде бас-аяғы 20 адам қауіпті жұқтырып, оның сегізі көз жұмады. Сонан соң дерт жұқтырған адамдардың саны күн сайын өсіп, бақылаудан шығып кете жаздайды.
«Содан кейін жергілікті билік бұл дертке назар аударды, оны ел аумағына таратпауға қолдан келген әрекеттің бәрін жасауға тырысып бақты: Алғашқы қадам ауру жұқтырған адамдардың кімдермен байланыста болғанын анықтаумен басталады. Бірер күннің ішінде дерт жұқтырған адамның кемінде 90 адаммен байланыста болғаны анықталады. Содан кейін 90 адамды карантинге алады. Еріктілер тобы арқылы 90 адамның 900 адаммен байланыста болғаны анықталады: Олардың бәрін ауруханада жатқызуға мүмкін болмағандықтан, үй карантинінде ұстауға тырысып, дерттің беті қайтқанша олардың сырт әлеммен байланысын шектеп тастайды.    

«Нигерия үкіметі осы аралықта дертті тоқтату үшін жеткілікті қаражат, кадрлар мен дәрі-дәрмек жинай алды. Халықаралық ұйымдар көмекке келді. Бірақ алғашқы күндерден бастап дұрыс қабылданған шешімдер дерттің ел көлемінде таралуына жол бермеді. Сөйтіп, Нигерия аз ғана уақыттың ішінде дертті қоздырып тұрған нүктелердің көзін жоя алды» дейді Фавзи Салим. Оның пікірінше, мұндай тәжірибе коронавирустық пандемияға сәтті әсер етуге мүмкіндік берді. Оның түсіндіруінше, 2000 жылдардың басында Нигерияда кенеттен пайда болған дерттің кейбір белгілері қазіргі коронавирус белгілеріне қатты ұқсайды екен. «Себебі Нигериядағы дерт те алғашқы аптада белгісін білдірмейді. Кейін өкпе қабынып, өзге дерттің қоздыруына себеп болады. Нигериялық дәрігерлер атын қойып үлгермеген сол бір дертті коронавирус деп атауға болады. Мен дәрігер-сарапшы ретінде бұл дерт алғашқыда Нигерияда пайда болды, оны жою тәсілдерін Нигерия тапты деп айта аламын»  дейді  Фавзи Салим.
Мақала авторы Нигерияда пайда болған дерттің таралып кетпеуіне ыстық ауаның себеп болуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Демек, әлем халқы дауасын таппай жатқан дерт жаздың келуімен жеңілдеуі, шілденің шіліңгір ыстығында мүлдем жойылып кетуі әбден мүмкін екен. Мұндай пікірді Ресейдің Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері де қолдайды. Мысалы, өткен аптада министрлік өкілі Михаил Мурашко ыстық ауа вирустың таралуын шектейді деген пікір айтқан. Осыған қарамастан Фавзи Салим қазіргі уақытта Африканың 54 елінің шамамен 54-інде 1000-ға жуық инфекция барын, бірақ олардың таралу шекарасы ЕО немесе Батыс елдеріндегі жағдайға мүлдем  ұқсамайтынын айтады.     

ДДСҰ мәліметтері бойынша жыл басынан бері Нигерияда 65 адам COVID-19 ауруына шалдығып, 1 қайтыс болыпты.   

Бұл дерек Фавзи Салимнің ыстық ауа коронавирустың таралуын шектейді деген пікірін растап тұр. Шынымен, 2014 жылы Нигерияға шетелдік азаматпен бірге ілесе келген, бірақ ыстық ауадан «өкпесі қысылып», тарай алмаған дерт шынымен коронавирус па еді» деген мәселе ғалымдар жеке зерттейтін тақырып болуы тиіс.

Аз ғана аумақты қамтығандықтан әлемдік қауымдастықтың назарына ілінбей қалған дерттің арада алты жыл өткенде Қытайдан басталып, әлемге таралып кетуіне не себеп болды, Қытайға қалай жол тауып келді. Әзірге ешкімге дес бермей тұрған дертті шынымен ыстық ауа бетін қайтара ала ма?

Бұл да ғаламшардың әзірге бізге сырын бермей жатқан тылсым сырларының бірі.