Бұл оқиғаны не үшін айтып отырмыз? Әкім атаулыға кейде осындай ерекше әрекет керек сияқты. Қазір облыс әкімдерін былай қойғанда аудан, қала әкімдерінің өзі жалғыз жүрмейді. Алдына тілшілерді салып, жан-жағына «нөкерлерін» ертіп, топтанып, бір көш боп жүреді. Қайда барады, не көреді, кіммен сөйлеседі, әкімнің сұрақтарына кім жауап береді, әкіммен кім амандасады, кім амандаспайды, кім жақындай алады, кім жақындай алмайды, әкім көлігі қай жерге тоқтайды, есігін кім ашады, кім жабады, бәрі-бәрі алдын-ала дайындалып, сценарий жазылып, бәріне тиісті рөл беріледі. Содан әкім де, оның шашбауын көтеріп жүрген топ та кәдімгі роботқа айналып сала береді. Бәрінің уақытын белгілеп қойған. Айтайын дегеніміз, күні бұрын үтір, нүктесіне дейін дайындалып қойылған әкімнің аудан-ауылдарға іссапарлары, осындай жиындары қаншалықты шынайы болады? Жұртты ашындырып жүрген мәселелер шынында ашық айтыла ма?
Иә, кейбір әкімдер автобустарға мініп, жолаушылармен тілдескендей болды. Бірақ, бәрібір қордаланған мәселелердің шетін ғана көргендей әсер қалдырды. Автобусқа міну, бір жағы әкімдердің жарнамасы үшін де жасалғанын жасырудың қажеті жоқ. Енді ойлаңызшы, біздің қиялымыздағы әкім былай әрекет етсе, қалай болар еді? Облыс әкімі көмекшісі екеуі ешкімге айтпастан жаяу-жалпылап жүріп ауданды, айқай-шуы көп ауылдарды өздері аралап шықса, нағыз жарнама осы болар еді ғой. Сонда ауыл жұртының шынайы тіршілігін көрер еді. Әрине, әкімдер ел аралап, жұртпен тілдеспей жүрген жоқ. «Облыс, аудан, қала әкімдері пәлен деген аудан-ауылға барды, жұртпен кездесті, әңгімелесті» деген ақпараттар интернетте жыртылып айырылады. Қайта аудан-ауылдарды аралауға жаны құмарлары да бар. Бұл бір жақсы дәстүр. Бірақ, біздің айтайын дегеніміз басқа...
Әкім деген қарапайым ғана киініп, көзге қара «әшкиді» тағып, әйтеуір, жұрт бірден тани қоймайтындай кейіпте халыққа қызмет көрсету орталығы, банк, аурухана, емхана, жер бөлімдері, басқа да мемлекеттік мекемелерге қарапайым адам ретінде бас сұғып шықсыншы. Кезек, айқай-шу, әйнектің ар жағында отырған қыз-жігіттердің дөрекілігі, шеке-басының тырысып отыруы, «Қайда барсаң, онда бар...» деп, кабинетінен қуып шығатын кішігірім бастықтар... Базар, сауда орындарының тазалығы... Немесе ескі көліктің рөліне отыра қалып, трассаға шығып, жол полициясы қызметкерлерінің шектен шыққан тірлігін көрсінші...
«Баяғыда бір шаһардың әкімі өте қайырымды және қарапайым болыпты. Үстіне жаман киім киіп, түн жамылып, қала аралайды екен. Елдің мұң-зарын тыңдап, талай әділетсіздікті көреді, содан ордасына оралған соң соның бәрін оң шешуге кіріседі» деген сыңайдағы әңгімені ертеректе ертегіден оқушы едік. Шынында әкімдердің қарапайым адам ретінде ел аралауы әзірге ертегіде ғана мүмкін болып тұр. Қайбір жылы Ішкі істер министрі қызметін атқарған Қайырбек Сүлейменов Сарыағаштан жүк артқан «КамАЗ»-ға мініп, жол бойындағы МАИ қызметкерлерінің шектен тыс әрекеттерін әшкерелеп, елді бір шулатқан. Талай былықтың бетін ашылды. Одан кейін мұндай әрекетке талпынған ешкім болған жоқ.
Шынын айту керек, елге жаны ашитын, сол елдің қамы үшін жұмыс істесем дейтін әкімдер мұндай әрекетке барудан арланбайды. Ендеше біздің әкімдер қашан қайырымды және қарапайым болады?