Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында құрылған жедел штабқа күні бүгінге дейін бизнес субъектілерінен 11 мыңға жуық сұрақ келіп түсті. Күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірқатарына atameken.kz сайты арқылы жауап берілген.
Шыңғыс Темірдің түсіндіруінше, кәсіпкерлер палатаның ресми ресурсы немесе Call-орталықтың 1432 қысқа нөмірі арқылы сарапшыларға сұрақ жолдай алады. «Бізге келген сұрақтардың басым бөлігі төтенше жағдай кезінде бизнес нысандарды жалға беру мен жалға алуға қатысты болды. Осы мәселе бойынша хабарласқандардың 86%-ын – микро, 12%-ын – орта, 2%-ын – ірі бизнес өкілдері құрады. Жалпы алғанда бұлардың 62%-ы – қызмет көрсету, 22%-ы – сауда, 15%-ы – өндіріс саласында жұмыс істейіні белгілі болды.
Оның сөзінше, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай кезінде бизнес нысандарды жалға беру мен жалға алу мәселесін шешу үшін арнайы жұмыс тобын құрылып, мәселені медиация арқылы шешуді ұсынған.
«Мемлекеттің меншігіндегі нысандарды жалға беру мен алу үдерісінде мәселе оң шешілді. Себебі мемлекеттік комиссияның отырысында Президент әкімдіктерге 20 наурыздан бастап ШОБ-қа мемлекет меншігіндегі нысандарды 3 ай ақысыз беруді, яғни кәсіпкерлерді жалға алу ақысын төлеуден босатуды тапсырды. Бұл жеңілдікке ие болу үшін мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің www.gosreestr.kz сайты арқылы электронды қолтаңбамен осыған дейінгі жалға алу шартына өзгеріс енгізу үшін қосымша келісімшартқа отыру қажет. Қосымша келісімшарт кәсіпкерге жалдау ақысын 3 ай төлемеу құқығын береді», – деді Шыңғыс Темір.
Оның пікірінше, жалға беруші шығынға ұшырайтын жағдайда жұмыс істеуге тиісті емес. Жалға алушы да жапа шекпеуі керек.
«Барлық бизнес субъктісіне тең мүмкіндік беріліп, бірдей жағдай жасалады. Біз жалға берушілерден бизнеске көмек беруді сұраймыз. Егер жалға берушілерге банк тарапынан мәселе туындап жатса, біз банкке бірге барып, мәселені шешуге тырысамыз. Егер салық органымен мәселе туындаса, мамандарымыз көмек көрсетуге әзір. Ең төменгі еңбекақыны рәсімдеуге атсалысуға да дайынбыз!» – деп қорытты сөзін департамент директоры.