Жаңалық – қарыз алушылар кешіктірілген төлемдердің айыппұлдарын төлемейді. Және ол үшін банкке барудың қажеті жоқ. Күнде де, түнде де онлайн жүйеге көшкен банктің сайтына өз атынан өтініш тастаса болды. ТЖ кезінде жағдайын қиындатып алған ШОБ субьектілері мен жеке кәсіпкерлерге 90 күндік жеңілдік мерзімі қарастырылыпты. Ол үшін несиені төлеу мерзімін ауыстыру туралы кестеге қол қойса болды. Бұл өтінішті де онлайн режимде толтыруға болады.
Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында жабылып қалған ШОБ субьектілеріне қатысты алгоритимдері қандай болатынын қаржыгерлер қауымдастығы өкілдері айтқан жоқ. Банк өкілдерінің үнсіздігіне қарап, жоғарыдан келген пәрменді бойларына сіңіріп үлгере алмай жатқанын түсіндік. Себебі кері шегінуге жол жоқ. Ағынға қарсы шықса, клиенттерден айрылады. Жиынға қатысқан қаржы институты өкілдерінің айтқанынан «Төтенше жағдайлардан кейін де өмір бар. Сол өмірді клиенттің мүмкіндігін ескеруден бастау керек. Одан өзге жол жоқ» деген шешімді ұқтық.
Қаржы институттары қайырымдылық қоры емес, бизнес. Банктің шығындарының қандай болатынын карантиннің ұзақтығы мен ШОБ субьектілерінің қайта қалыпқа келу мүмкіндігі ғана анықтай алады. Кешегі жиынға қатысқан банк өкілдері уақыттың шығынды есептеуге мүмкіндік бермей жатқанын айтты. Алдын ала болжамдар бойынша жағдай жақсарып кеткеннің өзінде жыл соңында табыстың 30-40 пайызға азайып қалатынын бәрі сезіп отыр. «Дағдарыс ұзаққа созылып кетсе» деген нұсқаны ойлауға да қорқады. «Банктер мен ШОБ субьектілері бір кемеде отыр. Оңтайлы шешім қабылданбаса жартасқа барып соғыларымыз анық. Сондықтан үкіметтің шешімін күтіп жоғарыға қарай бермей, әркім өзінің мүмкіндігіне қарап, тірлікті жалғастырып, соны үкімет пен Ұлттық банктің шешімімен үйлестіру керек» дейді жиынға қатысқан банк өкілдері.
Осы жиынға қатысқан қаржы сарапшысы Лидия Бондаренко бізге банк пен қоғам арасындағы байланыс кешегі қой үстіне бозторғай жұмыртқалап тұрған кезде де жақсы болмағанын айтты. 1990 жылдардың бас кезіндегі клиент пен қазіргі клиентті бір-бірімен салыстыруға болмайды. Банктер клиенттердің өзгергенін қаламайды, ал клиенттер банктердің 30 жылдан өзгермей келе жатқан ұстанымына көнгісі келмейді. Қазіргі клинеттерде қазақстандық банктердің несие беру жүйесін шетелдік қаржы ұйымдарының тәжірибесімен салыстыруға мүмкіндік бар. Қазақстандық банк жүйесінде реттелмеген тетіктердің бірегейі де – осы. «Біздегі банк жүйесі тек уақытша пайдаға ғана сүйеніп жұмыс істеп келді. Нәтижесінде милиардтармен жұмыс істейтін ірі бизнес өкілдері шетелдік банктерге кетті: Қазақстандық банктердің еншісіне милиондармен ғана жұмыс істейтін ШОБ ғана қалды. Бірақ олардың өзі банкке емес, қор биржаларында акциялармен жұмыс істеуге көшті. Оның тәуекелі жоғары болса да пайдасы банк несиесінен тиімді. Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің пайызын көтерді. Ендігі жағдайды ешкім болжап айта алмайды. ШОБ-ты тығырықтан банктің несиесі емес, мемлекеттің көмегі ғана алып шығады» дейді Лидия Бондаренко.
Шетелдегі несие 4 пайыз болса, бізде 25 пайыз. Алдағы уақытта оның мөлшерінің қанша пайызға көтеріліп кететінін бәріміз біліп отырмыз. «Қазақстандық банктердің бір де-бірі шетелдік қаржы ұйымдарымен несие линиясы бойынша келіссөздер жүргізе алмайды. Олармен келіссөздер жүргізу үшін ең кемі 500 млн мен 1 млрд АҚШ долларлық келісімшартқа отыру керек. Біз келіскіміз келсе де олар бізге бермейді. Шетелдік қаржы институтарынан келген қаржы көзі Ұлттық банк арқылы таратылады. Ұлттық банктің екінші деңгейлі банктерге несие бөлер кездегі маржасының өзі пайызының қандай екенін біз білмейміз. Содан кейінгі атқарылар жұмыстардың құны 5 пайыздан асып кетеді. Мұның бәрі айналып келгенде 25 пайыздың үстіне көтеріліп кетеді. Мұның бәрі орталықтандырылған жүйенің зардабы. Қазақстан үкіметі мен Ұлттық банк алдағы уақытта ЕДБ-дің шетелдік қаржы институттарымен байланысқа шығу мүмкіндігі жағын қарастыру керек. Болмаса ҰБ мен ЕДБ байланысы бұзауын ерткен сиырға ұқсайды» дейді ол ағынан жарылып.
Сонымен банктер жоғары пайызбен тұтынушының қалтасын қаққаны үшін Ұлттық банкті кінәлайды. Ал Ұлттық банк өкілдері «AQR қортындысы олардың қандай жұмыс істеп келгенін көрсетті. Енді бәрі басқаша болады» дейді. Біз де соған сенгіміз келеді.
Наурыз айының ортасында қазақстандық 7 банк өзінің клиенттерін қолдау үшін бағдарламаларын жариялаған болатын. Олар Алтын банк, Альфа банк, Евразиялық банк, Forte, Jýsan, Kaspi и Хоум Кредит. Клиенттерді қолдау бағдарламасы несиені үш айлық мерзімге кейін шегерумен шектеліп қалған. Және назар аударатын тұс, мұндай жеңілдіккке бұрын несиені уақтылы төлеп тұрғандар ғана ие бола алады. «Ал қалғаны қайтеді?» деген сауалымызға банк өкілдері қолдау бағдарламасы әлі жетілдірілетінін және қолдау механизмдері де нақтыланатынын айтты.
Барлық банктің қытай вирусынан қорғану үшін онлайн арқылы блокада құрып алғанын осы жиында білдік. Сауда үйлеріндегі филиалдарының қызметі уақытша тоқтаса да банктер 100 пайыз жұмыс істеп тұр. Сарапшылар төтенше жағдайдан туындап отырған қиындықтардан цифрлы технологиясын қамданып алғандар ғана аз зардап шегетінін айтып жатыр.
«Аманат» сақтандыру компаниясының өкілі Анна Некрюкова тек қана бас кеңсенің жұмыс істеп тұрғанын, мұның қажеттілік екенін айтты. Ал өзге филиалдар онлайнға көшкен. Анна Некрюкованың сөзінен ұққанымыз – компания соңғы бірер жылда диджитализацияға көбірек қаржы құйған. Жұмыс орындарында отыруы тиіс қызметкерлердің біразының орнын роботтар алмастырған. Сұхбаттасушы медициналық сапарларды сақтандыру (MST) өнімінің нарықта сатылуы шетелге шығатын адамдар санының бірнеше рет азаюына байланысты күрт төмендегенін атап өтті. Бұл құбылыс ақпан айының соңынан басталып, наурыз айының алғашқы онкүндігінде тоқтаған. Қаңтар айында компания күн сайын орташа есеппен 50 полисті сатса, ал ақпан айында - 54 болса, наурыз айында бұл көрсеткіш 26 полиске дейін төмендеп кеткен. Себебі шетелге шығатын адамдар саны бірнеше есе азайып кеткен. Сонымен қатар, коронавирустың таралуына байланысты сақтандырушылар уақытша кіру (транзиттік көліктер) үшін сақтандыру жарналары да төмендеп кетіпті. Жағдай тұрақталған күннің өзінде бұл сегмент жыл аяғына дейін табысының 70 пайызы төтенше жағдайдың шеңгелінде кеткелі тұр.
Ерікті зейнетақы аннуитеті өнімдерін сақтандыру онлайн-кеңестер арқылы жүзеге асырылып жатыр. Мұндай жұмыстардың нәтижесі тек кеңес берумен ғана шектелуде. Нақты жарнасын төлеп, сұраныс беріп жатқандар аз.
Дағдарыс кез-келген салады мүмкіндіктердің есігін ашып жатыр. Қазір хабарласып, сақтандыру жарнасын төлеуге ниеттеніп жатқан клиенттердің басым көпшілігі зейнет жасына жақындап қалған азаматтар. Олар төтенше жағдайлар кезінде жұмыстарын жоғалтып алудан қорқып, жұмыссыздықтан сақтандырғысы келеді. «Бұрын сақтандыру жарналарының 80 пайызы автокөлікті немесе шетелге сапарға шыққан туристерді сақтандырудан түсетін. Қазір жұмыссыз қалғандар үшін берілетін төлемақы 42 мың теңгенің айналасы, бұл қаржы тек жан бағуға ғана жетеді. Зейнет жасына жақындап қалған азаматтарымыздың жұмыссыздықтан сақтану туралы ниетіне қолдау білдіруге болады. Сол себепті сақтандыру жарнасын азаматтарымыздың төлем қабілетінің мүмкіндігіне бейімдесек, оған жұмыс берушінің мүмкіндігін интеграцияласақ, бұл бағытта да сегментінің қозғаушы саласына айналдыруға болады» деп сөзін аяқтады Анна Некрюкова.
Жиын барысында айтылған пікірлерден ұққанымыз олар алғаш рет өздерін қарапайым клиенттермен бір кемеде екенін, Ұлттық қордың қаржысынан алдағы уақытта дәмелене алмайтынын түсініп отыр. Ішкі нарықты қол жетімді несиемен қамтамасыз еткісі келетін ниеті Ұлттық Банк тарапынан қолдау тапса екен дейді.
Мемлекет басшысы осыған дейін банктер көп табыс табу үшін ресурсын тұтынушылық кредитке бағыттайтынын айтып, Ұлттық банкке қаржы секторына шұғыл өзгеріс енгізуі керек екенін айтқан. Банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығына кедергі келтіретін әлсіз тұстарды алдын ала анықтауға тапсырма берді. Сарапшылар болса бар кінә Ұлттық банкте емес, сол банктердің құрылтайшыларында екенін айтады. Осыған дейін қол астындағы банктер жөтеліп қалса, мемлекеттен Ұлттық қор арқылы көмек алуға әдеттеніп қалған аз ғана топ банк несиесінің қарапайым көпшілікке қол жетімді болғанын қаламай, Ұлттық банкті – сиырға, екінші деңгейлі банктерді сиыр-енесінің соңынан қалмайтын бұзауға айналдырып жіберді.
Қазақстанның қаржы саясатына енетін өзгерістер банктер мен клиенттер арасындағы сенімсіздік синдромын сейілтеді деп біз де үміттенеміз...
АЛМАТЫ